АЖАЛДЫ ҚАҚҚАН ХАТТАР

  • БІЗДІҢ ҚАЛАНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ

немесе ата мен немере арасы бiр ғасыр

12Өмiрдi теңiз деп жатамыз. Баяғыда бiреу сол көк теңiздi жүзiп өтiптi. Оған таңданған достары «Шетi көрiнбейтiн теңiздi қалай жүзiп өттiң?» деп сұрай берсе керек. Сонда әлгi адам «Төбемде бiр шағала шырылдап ұшты да жүрдi. Менiң теңiздi жүзiп өтуiме сол себеп болды» деп жауап берiптi. Сол сияқты бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз Айтбай Сүлейменовтiң мына үлкен өмiр-теңiздi басынан аяғына дейiн жүзiп өтуiне жан жарының шынайы махаббаты себеп болыпты. Бұл туралы Айтбай Әлiбайұлының өзi де «Менi жұбайым Райханнан келген хаттар бумасы мен кеудемнiң сол жағында тұрған қалам дәл келген ажалдан сақтап қалды. Өйткенi, бомба жарықшағы жүрегiме сәл ғана жетпей қалыпты» деп еске алады. Содан мұны емдеген дәрiгер «Сенi не құтқарғанын бiлесiң бе? Хаттар! Сүйiктiңнiң хат­тары! Ал ендi жүз жылдан астам ғұмыр сүресiң», – дейдi. Бұл ретте хирург көрегендiк жасаған. Олай дейтiнiмiз – Айтбай Әлiбай­ұлы биыл мамырда 99 жасқа толды.

Жарықшақ пен жүректiң арасындағы хат

Негiзi, Айтбай Әлiбайұлы соғысқа бармауы керек едi. Өйткенi, оның металлург ретiнде майданға барудан алып қалатын «бронi» болатын. Бiрақ, ол оны пайдалануды ойына да алмаған. Бұл жайында кейiннен Айтбай ақсақалдың өзi:

– 1940 жылы мен Орал ин­дус­триалды институтын (бүгiнде Екатеринбург қаласындағы Б.Н.Ель­цин атындағы Орал федеративтiк техникалық уни­верситетi) «өте жақсымен» бi­тiрдiм. Инженер-металлург ма­ман­дығын және «кiшi лейтенант» әскери атағын алдым. Сөйтiп, Ресейдiң Орал өңiрiндегi Ме­ногорск мыс қорыту зауытына жiберiлдiм. Жұмысқа төселе бастағанда 1941 жылы соғыс басталып кеттi де, Медно­горскiге Тула қару-жарақ зауытын көшiрдi. Содан бiз осы зауыт үшiн металл қорытатын болдық. Ол кезде мен металлургия цехында ауысым бастығы едiм.

1942 жылы мен өзiм сұранып майданға аттанып, алдымен қысқа мерзiмдi курстан өтiп, «лейтенант» әскери атағын алдым. Ұрысқа 220-атқыштар дивизиясының 653-атқыштар полкiнiң танкiге қарсы артиллерия атыс  взводының командирi ретiнде қатыстым. Менiң взводымда 44 милиметрлiк калибрдегi 3 танкiге қарсы қолданылатын қарулар болды. Соңғы ұрыс Витебск қаласы түбiнде болды. Бiз қорғаныста болған едiк. Фашистер күнi бойы артиллериямен атқылай бастады. Кешке қарай олар бiздiң окоптарға келiп, жаралы әрi әбден титықтаған солдаттардың көбiн тұтқынға алды.

Дегенмен де, бiздiң батарея соңғы демдерi қалғанша ұрысты. Тiптi, барлығы дерлiк жараланып, қатарда тек 3 адам ғана қалдық. Мен нысанашының орнына тұрдым. Сол кезде кенеттен жаныма снаряд түстi. Жауынгерлер естен танып қалған менi блиндажға сүйреп әкелiптi. Қасыма түскен снаряд жарқыншақтары көзiмдi жарақаттап, кеудемдi, аяқ-қолымды жаралаған.

Сөйтiп, менi шанамен госпитальға жөнелттi. Мәскеуде орналасқан №5011 госпитальда менi жұбайымнан келген хаттар бумасы сақтап қалғанын айтты. Жарқыншақ кеудемдегi жарымның бiр бума хаттарынан өте алмағанын  госпиталь дәрiгерлерi де, жаралылар да, келушiлер де естiп, таңқалды. Сол-ақ екен, газеттердiң тiлшiлерi де келе бас­тады. Бiрақ, мен ауыр жаралылар қатарына жатқандықтан, әскери журналистер менi емдеген дәрiгерден сұхбат алыпты.

Бұл ретте, ашығын айтқанда, мен ауыр жарақат алыппын. Сондықтан да менi бiрiншi болып госпитальға аттандырған. Өйткенi, өмiр мен өлiмнiң ортасында болыппын. Көз көрмейдi, аяқ-қолым бомба жарқын­шақтарынан қан-жоса. Оның үстiне кеудемнен де жараланғанмын.

Мәңгiлiкке ұласқан махаббаттың басталуы

Жалпы, лейтенант Сүлейменовтiң ажал аузынан қайтуына адам сенгiсiз жағдайлар себеп болыпты. Атап айтқанда, ұрыс алаңынан мыңдаған шақырым жерде, Айтбайдың соғысқа дейiн жұмыс iстеген Медногорск қаласында сүйiктi жары Райхан үлкен қасiреттi сезедi. Содан көңiл-күйi қобалжыған ол өзiнен-өзi бiр Аллаға жалбарына бастайды. Бұл ретте Райхан дәл Айтбай Әлiбайұлы қатты жарақат алған сәтте Алладан өзiнiң сүйiктiсiн қорғап, шаңырағының шайқалмауын тiлей бастайды. Тiптi, бұл ретте, ол «Егер де менiң жан-жарым жарақат алса, онда аяқ-қолы сау қалсын. Ал, егер көзiне зақым келсе, онда бiр көзiн ғана алсын…» деп құдайдан жалбарынып сұрай бередi.

Мiне, ғажап, өмiрде шынымен де осылай болыпты. Айтбай Әлiбайұлы көптеген жарақат алса да, аяқ-қолы дiн аман қалыпты. Тек, оң көзiнен ғана айрылған. Таңқаларлық жағдай емес пе?.. Осыдан кейiн Құдайдан шын көңiлмен сұрағаныңыз орындалмайды дегенге сенемiз бе?..

Негiзi, Айтбай Райханға Орал индустриалдық институтында оқып жүрiп, үлкен ағасы Қоңыраттың ауылына қонақ болып келiп, бiр көргеннен ғашық болады. Өйткенi, Райхан ай мен күндей сұлу болыпты. Тiптi, бұл сұлулығына отбасындағы оның еркетотай мiнезi де кедергi жасай алмапты. Және онымен қоймай, Райхан өте талантты болыпты. Бишi, әншi, әртiс, ақын және суретшi болғанын сол кезде-ақ ел-жұрты таңдай қаға айтып жүрiптi.

Райхан он бес жасқа толғанда Семейдегi драма үйiрмесiне барады. Сол кезде мұнда жас Шәкен Айманов та үйiрмеге қатысып жүрген. Тiптi, ол жас қызға өз көңiлiн бiлдiрген екен. Сөйтiп жүрiп қызға өзiнiң суретiн де қолтаңбасымен естелiкке ұсыныпты. Бiрақ, бұл кезде Шәкен аға 27 жасқа келген сақа жiгiт екен де, Райхан оны ағасындай сыйлапты. Дегенмен де, қыз Айтбайды бiрден ұнатқан. Содан олар бiр-бiрiне адал болуға сөз берiседi. Осындай үлкен махаббатты жүрегiне сыйдырған Айтбай оқуын жалғастыру үшiн Свердловскiге жүрiп кетедi.

Ал, Райхан болса, өзiнiң шығармашылығын ұштастыра түседi. Бұл ретте, тiптi, Қазақстанның Мәскеудегi күндерiне барарда Райханды атақты Күләш Байсейiтованың өзiне көмекшi орындаушы етiп тағайындайды. Содан кейiн Алматыда Темiрбек Жүргенов өзiнiң ең алғашқы труппасына әртiстер қабылдай бастайды. Райхан опера жағынан, ал Шәкен – драматургия бойынша қабылданды. Әсiресе, атап өтетiнi, осыған орай өткен байқауда Райхан өзiнiң актерлiк және әншiлiк шеберлiгiмен оқытушыларды таңқалдырады. Сөйтiп, жас қыздың алдына үлкен өнер әлемiне есiк ашылады. Мұны Райхан өз сүйiктiсiне қуана хатпен жазады. Бiрақ, Айтбай өз қалыңдығының бұл құлшынысын қолдамай, «Сен – еркiн адамсың. Мен сенi маған берген барлық антың мен уәделерiңнен босатамын. Маған әртiс емес, адал жар қажет. Сондықтан, өзiң таңдау жасауың керек…» деп хат жазып жiбередi.

Әрине, Райхан өз таңдауын жасайды. Сөйтiп, өзiнiң 15-тегi жасына бiрнеше жасты қосып, ҚазМУ-дiң химия факультетiне түседi. Бiрақ, ол ән айтуды тастамайды. Ендi Райхан тек өзi оқитын университетте оқытушылары мен студенттер алдына ғана өнер көрсетiп жүредi.

Содан олар 1939 жылы үйленедi. Айтбайды Медногорск мыс қорыту зауытына жолдамамен жұмысқа жiбередi. Келер жылы олардың қыздары дүниеге келедi. Ал, соғыс басталған 1941 жылы Райхан екiншi перзентiне жүктi едi. Бiрақ, Айтбай ол баласын көре алмады.

Қайғылар қуаныш болып өрiлген ғұмыр

Иә, қанды қырғын талай тағдырды бұзды ғой. Дегенмен, ол 1944 жылы Витебск қаласы түбiндегi ұрыста ауыр жараланған Айтбайдың сағын сындыра алмады. Өлiм аузынан аяулы жарының жан тiлегiнен соң ғана қайтып, Мәскеудегi №5011 госпитальда 4 ай жатады. Содан кейiн оны Смоленск маңындағы запастағы офицерлiк бөлiмге жiбередi. Өйткенi, бұл жерде 150 запастағы офицер қайта қалпына келiп жатты. Бiрақ, Айтбайды ендi майданға жiбермедi. Қолына «II топтағы мүгедек» деген қағаз бердi. Сөйтiп, «Қызыл Жұлдыз», «I дәрежелi Отан соғысы» ордендерiн кеудесiне таққан Айтбай Сүлейменов үшiн соғыс аяқталады.

Бiрақ, бұл соғыс Райханға аса үлкен қиындықтар әкелiп едi. Айтбай соғысқа аттанып кеткен соң Райхан анасымен, үш жастағы қызы Бэлла және әлi жасқа толмаған баласы Бекетпен сол Медногорскiде тұрып жатады. Соғыстың қиыншылықтары қатты сезiле бастағанда, бұлар күнкөрiс қамымен Қазақстандағы Айтбайдың әкесiне, Ақтөбе облысына көшiп келедi. Осында бiршама күн жинап алып, облыс орталығындағы мектепке мұғалiм болып орналасады. Сөйтiп, сүйiктiсi жаумен айқасып жүргенде, Райхан оған бiрiнен-соң бiрi хат жаза бередi. Ол хаттардың күйеуiн ажалдан алып қалатынын дәл сол кезде мүмкiн Райхан сезбеген де шығар…

Райханның хаттары махаббатқа, сағынышқа толы болатын. Және барлық хатты жолдасына рух беретiндей, бiрақ, нәзiк сезiммен жазды. Тiптi, кiшкентай Бекет дифтериядан өмiрден кеткенде де сүйiктiсiнiң жаны жараланады деп ауыр қасiрет туралы жазбады.

1944 жылы жазда Айтбайды әскерге жарамсыз деген қағазбен құрсаудан босатылған Ленинградқа өнеркәсiптi қайта қалпына келтiруге жiбередi. Мұнда ол Ленинградтан 30 шақырым жердегi Ижгород мартен цехында шебер болып еңбек етедi. Және осында жүрiп соғыстың аяқталғанын естидi.

Дегенмен, Айтбай мен Райхан туған жердi сағына бередi. Сөйтiп, олар Алматыға көшiп келедi. Айтбай ҚазКСР Ғылым академиясына қызметке тұрып, өмiрлерi ендi қызықты бола бастағанда, оларды тағы бiр ауыр қайғы есеңгiретiп тастайды. Бұл жолы Ленинградта жұмыс iстеп жүргенде өмiрге келген Арыстан мен Шолпан атты егiз балалары дүние салады. Ауыр қайғыны басу үшiн Айтекең өндiрiске, қайнап тұрған цехқа барып кiредi. Содан көп өтпей өмiр де өз арнасына түсе бастайды. Шаңыраққа құт-береке әкелiп, дүниеге Қалқаман, Батырбек және Жанна атты ұл-қыздары келдi.

Жалпы, соғыс ардагерi және мүгедегi Айтбай Сүлейменов мұнда да алдыңғы қатарда болады. «Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген металлургi» атанады, «Еңбек Қызыл Ту» орденiмен марапатталады. Әсiресе, баса атап өтетiнi, Айтбай Әлiбайұлы – ыстық цехта жұмыс iстейтiндер 50 жасында зейнетке кететiн болса да, бүкiл әлемде бiрден-бiр жетпiс бес жасқа келгенше құю цехының бастығы болып еңбек еткен ардагер. Тiптi, жасы 70-ке толғанда Мәскеуден КСРО ауыр көлiк және машина жасау министрi мен Кеңестер Одағының батыры, аңыз ұшқыш Алексей Мересьевтiң өздерi құттықтады.

Өмiр өте жылдам өтедi. Осыдан 14 жыл бұрын Айтбай Әлiбайұлының мына өмiрдегi жалғыз махаббаты Райхан ана дүниеден өтедi. Бiрақ, «орнында бар оңалар» дегендей, Айтекең ақсақал төрт баласынан 9 немере және 7 шөбере сүйiп отырған бақытты ата. Бұл ретте атап өтетiнi, Айтбай Әлiбайұлы бүгiнде 99 жастан асса, ең кiшi немересi Айтуана 2 жастан асты. Мiне, көп адамның қолы жете бермейтiн ата мен немере арасын бiр ғасырға жуық уақыт бөлiп тұр.

Р.S.  Айтбай Әлiбайұлы кеудесiнiң сол жағындағы сүйiктi жұбайынан келген бiр бума хаттар өмiрiн сақтап қалғанын әлi еске алады. Снаряд жарқыншағы бәрiн тесiп өтiп, тек бiреуiне келгенде тұрып қалған. Әйтпесе, жүректiң соғысын тоқтатар едi. Қазiр бұл хаттар Санкт-Петербург, Минск, Киев және Алматы мұражайларында сақтаулы.      

 

Жанна БАЙТIЛЕСОВА,

журналист.      

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *