Ажалдан арашалап алған өнер

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашының 80 жыл өмірі жат жерде өтті

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Өмірде тектінің аты қалады. Халық  тек ізгі­лікті істердің ғана даңқын асқақтатады. Қалға­нының бәрі өледі. Өлмейтін де, өшпейтін бір ақиқат бар. Ол – тарих сахнасындағы орнымыз. Әдетте ол көптеген ойналмаған пьесаның музыкалық фразасы іспетті өтеді де кетеді. Мұндайда өз дамуындағы тоқтап қалған өмірді ғана бос өткен десе болады. Біздің кейіпкеріміз өмірдің бар бояуын өзіне әбден сіңіріп, оның майда-шүйделерін еске алмауға тырысты. Өмірге пайдалы дірілі бар, әсерге толы сәттерді ғана еске алып, оны жан рахатына айналдырды.

Бүгін қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алмат ақсақалдың өмірден өткеніне 40 күн. Адамзаттың рухани дамуына қызмет еткен абыз, ғасырдан асып, Түркияның Стамбұл қаласында дүние салды. Қатал тіршілікті басынан өткерсе де, өмірге арыз-шағымданбай, ізгілігін көрсетіп өтті. Өмірін мектеп етіп, оны бітіруге асықпады. Өткен өмірін пародияға айналдырмаудың жолын қалап, тіршілікке мағына беретін мақсаттарға, белгілі бір іске, қоғамдық ортаға, интеллектуалдық шығар­ма­шылық салаға арнады. Сөйтіп, өмір сүру өнерінің құдіреті – керекті пойызға отыруды ғана емес, уақыты келгенде қажетті стансада түсіп қалуды да көрсете білді.

Абыз ақсақалға топырақ жат жерден бұйыр­ды. Оның да өзіндік себептері бар. Өмірінің 70 жылын Түрік жерінде өткізіп, отбасын өрбіткен, осы ортада әлемдік өнер шыңына шығып, аса танымалдыққа жеткен қайраткердің осы жерде сыйға бөленгені анық еді.

 

 

Тарихы терең әулет

 

Сонымен, ойы мен бойын ұлтты сүюге бағыт­тай білген Әлім Алмат кім еді? Оның азан шақы­рып қойған аты-жөні – Ғалымжан Әбдісәләмов болатын. Бұл есімді алуының да көптеген себеп­тері бар. Ол өткен сұрақсыз тарих. Сондықтан әңгімемізде оның тарихта Әлім Алмат атымен қалуына екпін түсірмекпіз.

Әлім Алмат 1917 жылы Ақтөбе облысы, қазіргі Ырғыз ауданының Қарақоға ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдісәләм Төремұратов аймақта өте беделді болған адам. Ол 1920 жылы дүниеден қайтқан соң, бала Ғалымжанның тәрбиесі атасы Төремұраттың ықпалында болады. Көзі ашық, заманының заңғарына айналған Төремұрат би немересіне Ырғыз даласының тарихы мен өз ата-бабаларының өткен жолдары туралы әңгімелеуден жалықпаған. Себебі, бұл әулеттің тарихы ХVІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайының шиеленісті кезеңінде шешуші рөл атқарумен белгілі еді.

Тарихтағы бетбұрыстар, өзгерістер тарихи тұл­ғалардың іс-әрекет, ақыл-парасат, шешімдерімен астасып жатады. Сол бір тарихи деректерден аттамай, ғасырлар тереңіндегі шындыққа сәуле түсіру біздің ең басты мұратымыз болуы тиіс. Өйткені, Әлім Алматтың ата-бабасының жорық жолы қазақ жұртының тарихындағы ең бір қиын-қыстау шындықтарымен егіз өріледі. Ол тарих батыр, би Төремұрат бабамыздан бастау алады. Одан тараған ұрпақтың бәрі «Төбесіз жер, төресіз ел» болмайды деп ежелгі бабалар салтынан аттап өтпеген, қазақтың өз билігінен шет қалмауын ойлаған пассионарлар еді. Пассионарлар адамзат өркениетінің дамуын алға бастырып, тарихта іргелі істер жасаған. Олар өз бойларындағы жа­лын атқан күш-қуаттарымен төңіректеріне халықты жинап, оларды ел болу жолындағы ортақ іске  жұмылдыра білген. Сөйтіп, халық үшін, ұлт бір­лігі үшін, болашақ үшін халықты бірауыз­дылыққа үндеп отырған.

Әулеттің үлкені Алмат Тобабергенов ХVІІІ ғасыр­дағы аса ықпалды қайраткер би, прогрес­сивті көзқарастағы дипломат, әскери стратег болған тұлға. Қазақ даласының бірлігін сақтауды көздеп, Бұхара әмірі мен Хиуа ханымен дипло­матиялық байланыс жасап, олардың қазақтарға қарсы бас көтерулерінің алдын кесіп, қазақ руларының басын біріктіруде рухани тірегі болған. Ел басқару ісіне араласып, Қоқан, Хиуа хандық­тары арасындағы қайшылықтар мен Ресейдің Қазақстанның Оңтүстік-Батыс өлкесін отарлау саясатына қарсылығын білдірген. Қайраткерлі­гімен Сардар Алмат аталып, Сырдарияның төмен­гі сағасына орналасқан қалың елге, Тәуелібай өлкесіне билік жасаған. Асыл ер Кіші жүздің екі рет хан ордасы, үш жүздің ат байлар ордасы болған Майтөбе маңында қайтыс болған.

Жалпы, пассионарлық қасиет тұқым қуалай­ды. Алмат бабаларының жарқын бастамаларын кейінгі ұрпақтары да жалғастырды. Сардардың үлкен ұлы Самұрат Алматов Ырғыз уезін 40 жыл билеп, ағартушылықпен айналысқан. Жеке қара­жатына мектеп ашып, бірнеше мешіт салдырған. Ресей патшасының шақыруымен бірнеше рет саяси, мәдени іс-шараларға қатысқан.

Қатал тағдыр, әмірші уақыт қазақтың маң­дайына көп көргендей кешегі ел басқарған билер мен батырларды, одан кейінгі өнер қайраткер­лерін бірінен соң бірін алып кетті. Сол бір уақыттың құны бөлек, қадірі басқа еді.

 

 

Декадаға бір әулеттен үш өнерпаз қатысқан

 

Қазақстанның мәдени өмірінде 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің айтулы онкүндігі үлкен белес болды. Сол онкүндікке қатысқан көзі тірі қайраткердің бірі – Әлім Алмат ақсақал еді. 1936 жылдың мамыр айында өткен онкүндікке Қа­зақ­станнан 300 адам қатысты. Қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігіне қатысқандардың ең жасы – Әлім Алмат ағамыз болатын. Ол кезде оның жасы небәрі 19-ға жаңа ғана толыпты. Осы сапарда Әлім ағамыз киелі сахнада өнер саңлақ­тары Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбе­ков, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Серке Қожамқұлов, Манарбек Ержанов, Ахмет Жұба­нов­тармен қатар тұрып, өнер көр­сетті. Қызықты қараңыз, 1936 жылғы онкүндікке бір атадан туған үш ағайынды азамат домбырашы Абыл Маханов, скрипкашы Ға­лым­жан Әбдісәләмов, Жақия Са­мұратов және қандас-аталас болып келетін Темірбек Жүргенов қатыс­қан.

Бұл ортаға қазақтан шыққан тұңғыш кинооператор Файзолла Әбдісәләмовты да қосуға болады. Оның 1936 жылғы онкүндікке қа­тысқаны туралы қолымызда нақты дерек жоқ. «Қазақфильмнің» тұңғыш негізін қалаушы ретінде оның бұл оқиғаның бел ортасында жүруі әбден мүмкін. Себебі, декадаға қатысқан 300 адамның бәрі өнер шеберлері емес, олардың арасында қызмет көрсетушілердің де болғаны аян. Қалай десек те, оның бұл тарихи оқиғадан сырт қалмағаны белгілі. Мәселе онда емес, бар әңгіме оның бауыры Ға­лым­жан Әбдісәләмовтың тағды­рына араласуы еді. Бауырын қолы­нан жетектеп, Темірбек Жүрге­новке әкеліп тапсырып, оны өнер саласына салуы қателестірмеді. Анасы жағынан жақын нағашысы болып келетін Темірбек Жүргенов жиенінің нақты ғылымның жолына түскісі келетінін бағамдай келе, оған айтқан сөзі мынау болыпты: «Қазақтар арасында математиктер көп, өнер адамдары жоқ. Демек, сенің скрипкашы болғаның абзал». Наркомның осы сөзі Ғалымжан­ның өнер жолына келуіне жол ашып беріпті. Оның одан кейінгі өмірі азаптар мен ұзақ толқыныс­тардан тұрғаны белгілі.

Біз 1936 жылғы онкүндік тура­лы өз бетімізше зерттеу жүргізген болдық. Қолымызға тарихи бір сурет түсті.

Сол күндерден естелік ретінде қалған сурет бізді біраз ойға қал­дырды. Ол суретте Алаш қайрат­кер­лері Мағжан Жұмабаев, Елдос Омаров, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов және Файзолла Ғалымжанов, тағы біраз қайраткерлер бар. Онда Файзолла ағамыз Мұхтар Әуезовтің жанында бейнеленген. Осындағы Файзолла ағамызды Ғалымжан Әбдісәләмов болар деген ұйғарым жасадық.

Соғыстан кейінгі жылдары оның атын атауға тыйым салынған кезде суреттің астына осылайша жазу тиімді болса керек. Біз оны солай оқыдық.

Адамға шындықтан гөрі өтірік көп қызмет еткен. Тағдырдың жаз­мышымен соғыстың  алғашқы жылдары-ақ, жау қолына түскен оған «Түркістан легионері» деген жала жабылды. Осыдан соң легио­нерлердің басында тұрған Мұстафа Шоқай туралы мәселе біржақты болмайынша, өзіне деген көзқарас­тың оңды шешілмейтініне көзі жетті. Ал ол процесс ұзаққа созы­лып кетті.

Әлім Алмат тұтқында Вермах офицерінің үйінде қызметші болып істейді. Бірде ол әуесқойлықпен офи­цердің үйінде тұрған фор­тепьянода ойнап, неміс офицерінің жанашырлығын тудырады. Осыдан соң абъвер офицері оны Берлин консерваториясына апарып білімін шыңдайды.

Ғалымдарды, қаламгерлерді, өнер адамдарын әуесқойлығына немесе кәсіпқойлығына қарап баға­лау Батыс өркениетінің ұстан­ған бір саясаты еді. Батыстың ең бір алапат соғыс жайлаған кезде де, өнер адамдары мен ғалымдарды олардың биографиясына қарап емес, ашқан жаңалығына, ұлтқа, адамзат мәдениетіне қосқан үлесі­не қарап бағалағаны осыдан бай­қа­лады. Осыған қарап, Әлім Ал­мат­­ты ажал аузынан өнері құтқар­ды деуге болатын болар.

Соғыстан кейін Әлім Алматқа екі жолды таңдау қалды. Біріншісі – туған елде өлу, екіншісі – білім қуып, атақты скрипкашы болу. Ол – екінші жолды таңдады. Оны тор­лаған тұманнан жол таппай тұр­ғанда Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Шоқай құтқарды. Әлім Алмат соғыс басталған жылдары Мәскеу консерваториясында оқып жүрген болатын. Осы ниетін жал­ғастыруды ойлаған ол 1947 жылы Францияның Ножан қаласында тұратын Мария Шоқайға барады. Мария жеңгей оны Париждегі Рахманинов атындағы консер­вато­рияға жаздырады. Диплом алып, Түркияға қоныс тебеді.

 

 

Ұлыс пен ұлт тұтастығын ұлықтаған қайраткер

 

Адам қартайса да, ақыл шарша­майды. Ол жүз жастың төбе биігінде тұрып та ізденіс күйін кешті. Адамгершілік пен сұлулық, адам мен ақыл хақында толғану­дан танбады. Рас, адамның ғұмыры қысқа, жүретін жолы ұзақ. Арпа­лыс­қа толы ғұмырының ұзын жолын Түркияның жүрегі саналған Стамбұл шаһарында өткізіп, жиырма бес жылдан астам уақыт Стамбұлдың симфониялық оркес­трінде қызмет етті. Өнер саласын­дағы жастарға көмектесті. Музы­канттарға құрметпен қарады, оларға білгенін үйретті. Ол ешкімге салмақ салмады, қызғанып, күнде­ген жоқ. Бүгінде қоғамда қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев деген ұғым қалыптас­қан. Оны кезінде ағамыз да есіт­кен. Бірақ оған қызғаныш білдіріп, талас тудырған емес. Әділет үшін айтуымызға болады. Ағамыз көзі тірісінде ол туралы: «Менің онымен бақталас болуға ниетім жоқ. Әйткеш – менің шәкіртім, ол өте талантты, дара тұлға. Ол – бірінші болуға әбден лайықты жан. Елге келген соң, Отанына сатқындық жасады деген жаламен 10 жыл түрмеде отырды. Мені де тұтқын ретінде қамайтын болған соң, өткен өмірімдегінің бәрін мәңгі­лікке өшіруге тырыстым», – деуі шындық еді. Мәдениетті адам ғой, үлкенге кіші, кішіге одан да кіші болуды содан үйренсек етті. Әйт­песе, Әлекең Мәскеудегі өнер он­күндігіне қатысып, үлкен сахнада өнер көрсеткенде Әйткеш ағамыз 14 жастағы бозбала болатын.

Сөзінің төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат ұялаған жан туған Отаны мен кіндік қаны тамған жерді сүйіп өтті. Ойы мен бойын ұлтты сүюге, ұлтқа қызмет етуге бағыттап, оған әрдайым дайын болды.

1992 жылы Алматыда өткен Дүние жүзі қазақтарының алғаш­қы құрылтайына қатысты. Бұл оның жарты ғасырдан кейінгі туған Ота­нына келуі еді. Адам өмірді аңсау­мен, өмірге ынтықтығымен ғұмыр сүреді. Қуатты, қажыр-жігерді туған елден, туған жерден алады. Кісілігің мен сөзің де, өнерің де, жырың да туған ел арқылы ғұмырлы болады. Ол осыған сеніп өтті. Осы жолғы сапарында Әлім Алмат ағамыз туған жері Ырғызда болып, үлкен атасы Алмат Тобабер­ге­нов­тың басына барып, тағзым етті. Саналы ғұмырын туған топы­рақтан жырақта, жалғыз өткізген Әлім Алматтың соңынан жалғыз ұл ерді. Тегін жолғалтпау мақ­са­­тында атасы Төремұрат болыс­тың құрметіне баласының атын – Төре, немересінің атын – Мұрат қойды.

Бір ақиқат бар. Құдайды сүю деген сөз – өзіңнің бауырыңды, ет жақыныңды сүю деген сөз. Жер аяғы ұзарған кезде оны бірінші болып туған ағасы Файзолла Әбді­сәләмов 1969 жылы іздеп барды. Ол кездесуді көзбен көріп, құлақпен тыңдаудың өзі ауыр еді. Сондағы Әлім Алмат ағамыздың мауқын, толқыған өксігін басқан туған елден түйіп апарған бір уыс топы­рақ болған көрінеді. Кейін Ақтөбе­ден Роман Рахиев ағамыз іздеп барғанда қадірменді ақсақал, Қазақ­станның бүгінгі қол жеткен табыстарына қуанышын білдіріпті. Қазақстанның мемлекеттік мәні бар жейдесін киіп отырып, қасиетті ақсақал өзінің Қазақстан туралы интернет пен теледидардан көрген-білгендерін жыр етіп айтып беріпті.

– Мен қазақ болып туғаныма мақтанамын. Қазақстанның 20 жыл­да қол жеткен табыстары кез-келген елдің қолынан келмейді. Сіздердің қол жеткен табыстары­ңыздың бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Менің Отанымның болашағы зор, онда болып жатқан өзгерістердің бәрі жарқын жеңістерге бастайды.

Өмір бізге жақсылықты соңғы минутымызға дейін ерлікпен қорғау үшін беріледі деген осы болса керек. Күлу мен күрсіну, сүйісу мен қоштасу – біздің бар өміріміз. Бір бойына тектілік пен парасатты қондырған асыл адам қашан да биік адам.

Ол атаның қанымен, ананың сүтімен келген үш құндылық – қиындыққа қасқайып қарсы тұрар қайсар мінез, табиғатынан танба­ған таза жүрек, иманынан айрыл­маған инабаттылығына өмірінің соңына дейін адалдық танытты.

Қалай десек те, Әлім Алмат – мәңгіліктің жалына жармасқан музыкант. Ол өз заманының ғана емес, барлық уақыттың құбылысы болып қала береді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *