АЗАТТЫҚ ҮШIН арпалысқан аналар

16 ЖЕЛТОҚСАН – ТәУЕЛСIЗДIК КҮНI

7Қазақ халқы сан ғасырлық өмiр көшiн басынан өткiзген. «Бiз қазақ деген мал баққан елмiз, бiрақ, ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз, елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздiң шетiн жау баспасын деп, найзаға үкi таққан елмiз, ешбiр дұшпан басынбаған елмiз, басымыз- дан сөз асырмаған елмiз», – деп Қазыбек би айтқандай, ежелден құт-береке тiлеп, бейбiтшiлiк аңсаған елмiз. Бiрақ, «Тамыр- сыз ағаш, тарихсыз халық болмайды» деп бекер айтылмаған. Бiздiң жақсымызды асырып, жаманымызды жасыруымыз – тарихқа жасалған қиянат. Себебi, халқымыз өзiнiң қалыптасу жолында талай қилы белдердi асып, тар жол, тайғақ кешулерден өттi.

Сонау сақтардың әйел патшасы, Кирдiң басын алған Тұмардан бастап, Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлiгi, шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен әлияның батырлығы, Хиуаз Доспанованың өжеттiгi, күнi кешегi желдей толқып, кеңес өкiметiнiң шаңырағын шайқап жiберген Желтоқсандағы Сәбира мен Ләззаттардың қайсарлығы бүгiнде аңызға айналды. Ел қорыған батырлық қазақ қызының бойынан үнемi табылды. Ал Домалақ, Ұлпан аналар, Шоқанды өсiрген Айғаным, Ыбырайды бауырына басқан Балқожаның бәйбiшесi Аймен, Абайды тәрбиелеген Зере қарттың пайым-парасаты өзiнше бiр әлем. Осыған дейiн қанша рет дала қанға бөктi, жылғалар қан боп ақты, қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың «Елiм-ай» деп, шер төккен халықтың мұңы мен зарына ортақ болды. Осындағы әрбiр оқиға, әрбiр қанды шайқас – азаттыққа жасалған бiр қадам.

«Жаулаған елiң өзiңе бағынсын десең – оның тiлi мен дiнiне қол сұқпа», – деген екен Шыңғыс хан. Сол принциптi ұстанған орыс империясы, бiзге екiжүздiлiкпен қанатын қақты. Бiрi жан-жағына бiлiм шашып, нұрын төксе, ендi бiрi жан-жағына от бүркiп, жалмамақ болды. КСРО бiздi қарусыз-ақ жер бетiнен өшiруге айналды. Қазақта ендi мәңгүрт, көзқаман ұрпақ пайда бола бастады. Бiрақ, бұған төтеп беретiн Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол сияқты аға-әпкелерiмiз табылды. «Мың өлiп, мың тiрiлген» қазақ өзiнiң Тәуелсiздiгiн Желтоқсан көтерiлiсiмен алды. Қазақ жастары өзiнiң өжеттiлiгiмен, қайтпас қайсар рухымен дегенiне жеттi. 9зiнiң тәуелсiздiк құқын қорғау үшiн бас көтерген студент-жастардың бұл қадамы, шын мәнiнде, үлкен ерлiк болды. Осы қанды оқиғадан кейiн бес жыл өткен соң Қазақстан

Тәуелсiздiк туын тiктi. Тәуелсiздiк – тарихы тереңде жатқан елiмiздiң өз алдына қайта егемендi ел болған күн. Бұл күн – елiмiз үшiн алаңдайтын, болашағына зор үмiтпен қарайтын, әр адамзат қалпақтарын аспанға лақтырып қуанатын күн. Ел болып еңсемiздi түзеп, өз қолымыз өз аузымызға жеттi ме деп қуанып, көкiректi кернеген мақтанышпен бодандықтан құтылғанымызды осыдан 22 жыл бұрын тойлай бастадық.

Қазақтың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiгi осылай дүниеге жарқ етiп келдi. Ендiгi мәселе соны бағалай бiлуiмiзде болып тұр. Талай аға-әпкелерiмiздiң қаны төгiлiп, жаны қиылып, осы күндi бiзге сыйлап кеткенiн қанша айтсақ та, жазсақ та артықтық етпейдi. Бiрақ, сол ызғарлы күндердiң бүгiнгi бейбiт мамыражай күнге қалай ауысқанын ұмытып кетiп жүрмiз. Бүгiнгi таңда сол қасiреттi күндi сол күнi ғана еске алып, тойлап жүрген жайымыз бар. Тойлап деймiз-ау! Бұл тойлағанға жата ма, жоқ па? Айтуға аузың бармайды, iшiң қан жылайды. Себебi бұл айтулы күннiң өз деңгейiнде өткiзiлiп жүрмегенiн барлығымыз бiлемiз.

«Түбiн бiлмеген – тексiз» деген қазақтың нақыл сөзi осындайдан туындаса керек. 9йткенi, Тәуелсiздiктiң түп тамыры жоғарыда айтқандай, сонау бабалар ар-намысынан туындап жатыр. Бейбiт шеруге шығып, билiк тарапынан кiнәлi деп саналғандықтан, аға-әпкелерiмiздiң бiр бөлiгi қанды қырғында көз жұмса, аман қалғандары бүгiнде аңсаған азаттықтың қызығын көруде. «Уақыт – емшi» деп өзiмiздi жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есiмiзге түскенде жан-жарасы жаңғырып, қайғының айықпас дертiне түскенiңдi терең сезiне түсесiң. Марқұм Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сияқты қандастарымызды естен шығару мүмкiн бе? Ал белгiсiздерi, өздерi туралы жария еткiсi келмейтiндерi қаншама. Сол қан сасыған қасiреттi күнде арасында болған өрiмдей жас қыздар, бүгiнде салиқалы ой айта бiлетiн, салмақты кiсiге айналған дана адамдар ортасында жүргенiмдi мен ендi ғана бiлдiм. Бiрақ, өзiмдi сондай бақытты сезiндiм. Және осы кезге дейiн бiлмеген, естiмеген, айтылмаған жағдайларды бiлiп, байқамаған ұлы сезiмдi бастан кештiм. Қандай жантүршiгерлiк оқиғалар, бiздiң көрiп жүрген киноның үзiндiлерi, ол теңiздегi тамшыдай ғана нәрсе екен. Мұның барлығын мен бiреуге әпке, ендi бiрiне ана, бiреуге адал жар, келесiге қарапайым әже, соңынан ерген бiзге ұлағатты ұстаз болып, ғылымда өзiнiң iзiн қалдырып жүрген, бүгiнде филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан әзiбаева, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда, Дүйсенгүл Жақан апайларымыздың өз аузынан естiгенде көзiме ерiксiз жас үйiрiлдi. «Қолда барда алтынның қадiрi жоқ» деген, мен бұл кiсiлердi үлгi алатын ұлағатты ұстаз ретiнде сыйлап жүретiнмiн, бақсам, бұл аздық ететiн секiлдi, сондықтан мұндай кiсiлердi қолдан келгенше қастерлеп, алдында басымызды ию керек. Өйткенi, бiз қазiргi таңда осы кiсiлердiң арқасында алдымыздағы асымызды шайқап iшiп жүрмiз…

«Желтоқсан көтерiлiсi – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни, бiздiң халқымыздың тiл мүддесi, рух мүддесi – осының бәрiнiң қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып азаттық пен тәуелсiздiктi аңсау кезiнде әр түрлi деңгейдегi 300-ден астам ұлт-азаттық көтерiлiсiн өткiздi. Соның қорытындылаушысы, егемендiкке бастаған көтерiлiс – Желтоқсан көтерiлiсi», – дедi ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов.

Жиырма жылдан астам уақыт өтсе де әлi күнге дейiн жастың да, жасамыстың да жанын ауыртып келе жатқан Желтоқсан көтерiлiсiнiң бiр басты сипаты – онда қазақ қыздарының асқан қайсарлығымен танылуы едi. Халқымыздың ерлiкке толы тарихында бұрымдылар намысшылдығы феноменi осылайша тағы бiр мойындалды. Тәуелсiздiкке түрткi болған толқуда тайсалмаған қыздардың қай-қайсысы да қарапайым қаракөздер болатын. Арада жиырма жыл өткен соң ғана көз алдында өткен кезеңдi елестеткен апаларымыздың бiрi – Бақытжан Уәлиқызы әзiбаева.

Кезiнде бұл әрекетi үшiн қағажу көрiп, шеттету көрген болса, бүгiнде Бақытжан апай сол тарихи оқиғаға араласқанына еш өкiнбейтiнiн айтады. «Бейсенбi күнi болатын. Ауа райы қатты аяз болды. Мен ол кезде институтта кандидат едiм. Жұмысқа келе жатсам, үйдiң қасындағы балабақшада жұмыс iстейтiн орыстың әйелi Алла Николаевна тұр екен. Менi көрдi де, көзiне жас алды: «Ленин көшесiнiң бойымен танктер өтiп жатыр», – дедi. Ол кезде бiздiң көп нәрседен хабарымыз жоқ болды. Заң бойынша баскөтеру үш күн тарамаса, күш жұмсалады екен. Жұмысқа келсем, ешкiм жоқ, адам бiрен-саран. Жастарды райком партияға алып кеткен екен. Сол кезде академик З.Қабдоловтың қарындасы Қалимаш Қабдолова жұмыс iстейтiн. Оның баласы милицияда жұмыс iстейтiн. Бiр себептермен сол түнi үйiне келмеген екен. Естiген жаңалығымыздан соң, ұлын iздеуге алаңға баратын болды. Мен де бiрге ерiп бардым. Мен ана ретiнде жастарға тараңдар деуге ғана бардым. «Үйлерiңе қайтыңдар, бiз тауыққа шашылған тарыдай азбыз, бiз күшпен оларды жеңе алмаймыз», – дедiм. Менi шынымен тыңдады ма, әлде басқа себептерi болды ма, әйтеуiр бiрнешеуiнiң кеткенiн байқадым. Менiң осы жердегi «… ең болмаса бүгiн кетiңдер, ертең келесiңдер» деген сөзiмдi «ұйымдастырушы» деп ойлады ма, үйге қайтар жолда орыстың екi жiгiтi бiздi машинаға отырғызып алып кеттi. Бiр кезде Никольский базарының маңындағы (әлi күнге бар) бөлiмшеге алып келдi. Үстiлерi қан-қан қазақтың толған жiгiттерi. Бiздi қамап қойды. Бiр кезде аққұба өңдi, әдемiше келген бiр жiгiт: «Сiздердi қазiр жiбередi. Менi үйдегiлер алаңдап күтiп отырған шығар. Менiң үйiме хабарласып, айтыңызшы» деп, бiр телефонның нөмiрiн айтып, өтiнiш бiлдiрдi. Менiң жазып алатын мүмкiншiлiгiм болмады, себебi, күзетшiлер жанымызда бақылап тұрды. Қандай қанiшерлер, жауыздар (көзiне жас алды).

Содан бiздi үш жап-жас жiгiт тергеп болған соң қатысымыз жоқ екенiн түсiндi ме, бiздi үйге дейiн шығарып салды. Есiме сақтағаным бойынша әлгi нөмiрдi терсем, жауап бермедi. әлде мен ұмытып, жаңылысып қалдым ба, әлде ешкiм болмады ма, әйтеуiр, хабарласа алмадым.

Көзiмнiң жеткенi, сол алаңда тұрған жастардың ұлттық, патриоттық санасы өте жоғары деңгейде болды. Олар партияға сендi. Олар өздерiн құрбандыққа шалды. Солардың арқасында Тәуелсiздiкке жеттiк. Оны ұмытуға әсте болмайды», – деген ана жүрегi өзiнiң мұз болып қатқан шерiн алғаш тарқатты. Қаһарман педагог бiзге, бүгiнгi ұрпақтың қасаң түсiнiктер шеңберiнде қалмауын қалайтынын айтты.

«Түрлi естелiктерден осы оқиға кезiнде қыздарымыздың жiгiттерге қолдау көрсетiп қана қоймай, олардан да белсендiрек, батылырақ әрекет етiп, барлық жастарды бастап жүруге түрткi болғанын көремiз. Тiптi, кейбiр қайсар қыздарымыз тергеушiлерден үн-түнсiз құтылып кетуге болатын сәттерде, намысқа тырысып, қарсыласып бағып, ақыры абақтыға жабылған», – дейдi Желтоқсан көтерiлiсiн зерттеушi журналист Болатбек Төлепберген.

Кешкiсiн радио жаңалықтарынан тосыннан естiп, қара бастың қатерге iлiгетiнiнен қорықпай, шовинизмге қарсы тұрып, қуғын көрген ұстазымыздың тағы бiрi – Гүлжаһан Жұмабекқызы Орда.

«Сабақта отырғанда алаңға жастар жиналып жатыр дегендi естiдiк. Алаңсыз кiтапханаға бардым, содан кешкiсiн ол жақтан шығып, алаңға бардық. Сөйтсек, топалаңның үстiнен түстiм, милиционерлердiң әй-шайға қарамай, тепкiлеп жатқанын, қашқан адамдарды көрiп, қатты шошындық. Жастарға әскери күш қолдана бастады, бiздi өрт сөндiретiн машинамен су шашып, қуа бастады. Қақаған, шыңылтыр аязда малмандай су болған бiз амалсыз қайттық. Осыдан кейiн iште қалып қойған ызамен келесi күнi таңертең сегiзде қайта бардық. Бiрақ, тұтқынға түстiк. Бiздi таңғы сегiзден кешкi сегiзге дейiн тергедi. Неше түрлi қитұрқы сұрақтарды қойды. Ертеңiнде фамилиямыздың институтта аталғанын бiлдiк. Содан алдымен комсомол комитетiнiң, факультеттiң, содан соң институттың жиналысына салды. Содан не керек, 25 студенттен 7 қыз оқумен қош айтысып кете бардық. Бiздi ауылдан ата-аналарымызды шақыртып қолдарына табыстады. 2 жылдан соң М.Шаханов жазықсыз жапа шеккендер деп бiздi ақтады. Бiз алаңға тек В.И.Лениннiң «өзiн-өзi билеу құқығы» ұраны жойылмасын деп бардық. «әр ұлт өзiн-өзi басқарсын, бiзге қазақ басшы керек»,– деген оймен Қонаевты көрсет деп талап еттiк. Алаңды босатпасақ, ол кiсiнi көрсетедi деп ойладық. Олар, керiсiнше, жағдайды ушықтырып алды. әскери күш қолданды. Бейбiт шеруге шыққан бiз ондай қантөгiс болады деп ойламадық. Бiз ол кезде саясатты бiлмедiк. 9мiрдiң көлеңкелi жақтарын бiлмек түгiлi, елестете алмадық, тек күнгей бетiмен ғана өмiр сүрiппiз. Партияға ертегiдей сендiк. Мұның залалы ата-анама да тидi. әкеме партиядан қатаң сөгiс жарияланды. Қоғамнан бiздi алыстатты. Бiздi өңiрден алыстамайтын «үй қамағына» алды. Бала тәрбиесiне жарамсыз деп тапты. Менiң «Ордаева» деген фамилияма шүйлiктi. Ол кезде Алашордашылардың ақталмаған кезi болатын. Бұл неғылған «Орда» деп түп-тұқияныма дейiн тексердi. Тергеу жүрдi. Кейiн арнайы «ева»-ны алып тастадым. Бiзбен бiрдей алаңға шыққандардың iшiнде сотталғандары болды. Менi «перiштем» қақты», – деп аяқтады әңгiмесiн Гүлжаһан апай.

Халыққа сыйлы болған ұлтжанды Дiнмұхаммед Қонаевтың орнына Колбин деген бiреудiң келгенiн естiп, наразылық бiлдiрген қыздардың бiрi – Дүйсенгүл апай. Бұл кiсi атаулы күн туралы сөз қозғағанымда, айтуға үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Кейiн шешiле келе, жүрегiне ауыр тисе де айтып бергендi жөн санады. «Желтоқсан құрбандары туралы шындық әлi жұмбақ күйде қалып келедi деп есептеймiн, – деп бастады күрсiнген апай, – ол күнi «медицина» сабағы жүрiп жатты. Сабақ үстiнде болған жайды құлағымыз шалды. Пәтерге келсем, ешкiм жоқ екен. Мен жай ғана барып көрейiн деген болатынмын. Бiрақ, солай жағдайдың ушығатынын бiлiп пе ем?! Күн сондай аяз болды. Мұздар сiлем-сiлем. Бет қаритын шұнақ аяз. Соны көре тұра үш күн қатарынан, өз жүрегiмнiң қалауымен бардым. Жан-жақтың барлығы дүрбелең, жосыған қан. Сол арадан бiр құдайдың қағуымен ғана шықтым. Менi «Береке» дүкенiнiң жанында бiр жiгiттер құтқарып қалды. Дубинканың дәмiн таттық. Сол оқиғадан соң қатарымыздағы қыздардан сотталғандары да, мүгедек болып қалғандары да бар. Мен тiптi есiме де алғым келмейдi», – дедi Дүйсенгүл апай. Сөзiнiң соңын: «Ал қазiргi күнi, бұл оқиғаны тануға толық мән берiлмей жатыр. Мен мұндай қайғылы тарих ендi қайталанбасын деп тiлеймiн», – деп қорытты.

Статистикаға сүйенсек, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқаны үшiн сотталып, түрмеге отырған, уақытша және үй қамауына алынған, сондай-ақ, басқалай қуғын көрген қыз-келiншектер саны – 45, құқық қорғау органдары тарапынан соққыға жығылған, итке таланған, түрлi деңгейдегi жарақатпен ауруханаға түскен, денсаулығынан айрылған қыз-келiншектер саны – 79, алаңға шыққан, үнпарақтар таратып, ой-көзқарастарын ашық бiлдiрген қыз-келiншектер саны – 66, осы оқиға кезiнде iз-түзсiз жоғалғандар саны – 2 (Кесте Конституциялық сот материалдары, ЖОО мұрағаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәлiметтердi басшылыққа алған Болатбек Төлепбергеннiң «Бiз бiлмейтiн Желтоқсан» еңбегi бойынша жасалды. 200-272 беттер).

Сол кездiң жастары, бүгiнгi ардақты апаларымыз мақсат еткен Тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiздiк. Бүгiнде күнге шағылыса көк байрағымыз желбiрейдi. Саяси қуғын-сүргiн көргендер ақталды, ескерткiш орнатылды. Ұлттық тiлiмiз бен дiнiмiздi қолға алдық. 9ткен күндер еске түсiп, «аһ» ұрсақ та, болашаққа сенiммен қараймыз.

Қорыта айтқанда, осындай нәубетпен Тәуелсiздiгiмiздi алып келген ұстаздарымызды қолымыздан келгенше қастерлейiк дегiм келедi.

Гүлжанат ӘБIХАНОВА,

ҚРБҒМ М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты фольклортану бөлiмiнiң кiшi ғылыми қызметкерi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *