АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫҢДЫ ОРЫНДА

Еліміз тарихтың жаңа бір сындарлы кезеңінде тұр. Алда –Президент сайлауы! Біз сайлау өткізу жағынан келгенде біршама тәжірибе жинақтаған елміз. Қазақстан Президентін сайлау – қазақстандықтар үшін ғана емес, біздің елімізбен қандай да бір мүдделес мемлекеттер мен әлем халықтары үшін де аса маңызды саяси науқан. 9 мау­сымда елімізде  Президент сайлауы өтеді. 

 Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Президенттікке кандидаттарды ұсыну өз мәресіне жетті. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың сан-салалы талқылауларынан өткен және өзін-өзі ұсынған кандидаттарды Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өткізу іс-шарасы дау-дамайсыз сәтті өтті. Демек, кандидаттыққа үміткерлер мен жер-жердегі атқарушы билік орындары үшін де, қоғамдық өмірімізде болып жатқан түрлі оқиғадан тысқары қалмайтын белсенді азаматтар үшін де  енді  қарбалас кезең басталды.

Сайлау науқанының басты мән-мазмұны халықтың басым бөлігінен қолдау табу жолындағы күресті қамтитыны ақиқат. Сайлау алдындағы қоғамдағы саяси ахуалды зерттеп отырған әлеуметтанушылар халықтың сайлауға деген ынтасының төмен екендігін мәлімдеуде. Қазақстандықтардың  басым көпшілігі Сайлау туралы заңды білмейді. Сонымен қатар, сайлаушылар саяси партиялардың немесе жекелеген кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс еместігі де байқалады.

Сайлау дегеніміз – демократияның құрамдас бөлігі, яғни қоғамды жаңғыртудың аса маңызды саяси құралы. Демек, сайлаудағы технология осы жүйені айқындайтын құқықтық нормаларға, ережелерге мейлінше тәуелді. Қазір әлем назары – біздің елімізде. Биліктің өз еркімен ауысуы және одан қалды алдағы сайлау бар, соның барлығы сын көздерді көбейтіп отыратыны  анық. Алайда, ол заңды құбылыс болғанымен, тұтас елдігімізге сын болмақ. Осы орайда, ежелгі ел бірлігі мен тыныштығы әрқайсымыздың ұстанар қағидамызға айналуы тиіс. Сайлауға қатысу – әркімнің өз еркі, өзінің конституциялық құқығы. Мұны ешмкім жарлықпен немесе декретпен бекіте алмайды. Қалай айтсақ та, қазіргі кезде қазақстандықтардың ең лайықты тұлғаларға дауыс беруі өте маңызды болып қала береді.

«Символдарға негізделген қоғам – табиғатынан жасанды қоғам. Онда адам шындығы көзбояушылыққа айналады», – депті А.Камю. Қазір адамдардың сана-сезімі ашық, оны дәмелендіріп, әлденемен алдап-арбап аламын деу құр әурешілік. Асылы, айды алалап, күнді қаралап, ұшпаққа жетпесімізді білгеніміз абзал. Бүгінгі күннің саяси күн тәртібінде реформалар, ілгерілеу, азаматтық атсалысу алдыңғы орынға шығатынын, ал қоғамдық тұрақтылық, халықтың бірлігі мен келісімі біздің дамуымыздың іргелі басымдықтары болғанын және болып қала беретінін естен шығармағанымыз абзал. Сайлау – халық пен  биліктің арасын жақындататын, қос тарапқа  ой салатын маңызды саяси шара.

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы  әркім ойындағысын көпшілікке жеткізетін мүмкіндікке ие.  Әлеуметтік желі қоғамда  азаматтық белсенділікті біртіндеп қалыптастырып келеді. Алайда, шектен шығып, атүсті  ойларға да тізгін беріп  қалушылар да бар. Кез-келген сайлау халықтың саяси белсенділігін арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін оятады. Сондықтан өзін Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын деп сезінетін әрбір адам сайлауға белсенді түрде қатысуды өзінің азаматтық парызы санауы тиіс.

Сайлау – негізгі күш  халықтың қолында  екенін биліктің есіне салып тұратын басты нұсқаулық. Саяси  науқан қарсаңында  билік те бас-аяғын жинап, саяси  науқанға азды-көпті  дайындықпен аяқ басатыны белгілі.  Сондықтан халықтың сайлауға  атүсті  қарауына болмайды.

Саясаттануда «абсентеизм» деген ұғым бар. Саяси түсіндірме сөздікте: «Абсентеизм – қатыспаушы, сайлаушылардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауы. Билік етіп отырған басқару түріне, саяси тәртіпке енжар наразылық білдіруі, өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруда селқостық танытуы» деген  түсініктеме  берілген. Бұқаралық абсентеизм қоғамды басқарудың демократиялық тетіктерін күйретіп, халықты  айлалы әрекеттердің нысанына айналдыруы, «жоғарыға»  тәуелді, самарқау тұлғаларды  қалыптастыруы әбден мүмкін.  Абсентеизм – дамыған немесе дамушы демократиялық,  тоталитарлық және кез-келген қоғамда да болады. Ол саяси институттардың өміршеңдігіне күмәнмен қарау, саяси мәдениеттің төмендігі сияқты себептерден туады. Азаматтық қоғам қалыптасқан отыз жылда, таңдау құқығы берілген тәуелсіздік тұсында өз мүмкіндігіңді өзің пайдаланбау абсентеизмге әкеліп соғады.

Бүгінде белсенді азаматтық қоғам мемлекеттің әріптесіне, көмекшісіне айналып отыр. Тәуелсіздіктің бастауында  белсенді түрде  жұмысын бастаған қоғамдық ұйымдар қазір мейлінше қалыптасып үлгерді. Қоғамдағы көптеген проблемалар, өзекті әлеуметтік мәселелер үкіметтік емес ұйымдар назарынан тыс қалған емес. Олар өзекті әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп қана қоймайды, оған өздері де атсалысады.Үкіметтік емес ұйымдар бүгінде азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір болып отыр. Олар еліміздегі Президент сайлауына өзінің қолдауын білдіреді деп сенеміз. Азаматтық қоғам бұл саяси науқанның маңызын ерекше түсінеді, сондықтан  дауыс беріп, өз таңдауын жасауға да белсене қатысады деп ойлаймыз.Үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құрылған ұтқыр топтардың  белсенділігі артатын кезең  енді туып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *