Азаматтық қоғам институттарын дамыту бойынша жол картасы қабылданды

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Кеше қалалық әкімдіктің мәжіліс залын­да қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуы­мен Алматы қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. ҚР Дін істері және азамат­тық қоғам министрі Дархан Қалетаев қатысқан алқалы жиында азаматтық қоғам институттарының жұмысы жан-жақты талқы­ланып, еліміздегі алғашқы «Белсенді мегапо­лис» атты біріккен Жол картасына қол қойылды.

Айта кету керек,  «Ұлт жоспары – бес институ­ционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспа­рының 99-қадамында көрсетілген талапқа сай,  жергілікті өзін-өзі басқару тетігін жетілдіріп, азаматтық қоғам мен атқарушы органның өзара байланысын арттырып, түйткілді мәселелерді бірлесе талқылау мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің жанынан Қоғамдық кеңес құрылған болатын.

Жиында сөз алған қала әкімі Бауыр­жан Байбек қоғамдық кеңестердің мемле­кеттік саясатты жүзеге асыруда маңызды құрал болып отырғанын әңгімеледі. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестердің жұмы­сын жандандыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, қолжетімділік, тұрғындардың билікке деген сенімін қалыптастыру, олардың арыз-шағым­дарына сергектікпен қарап, елдегі әлеу­меттік толып жатқан мәселелерді шешу, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық­бұзу­шылықты болдырмау секілді толып жатқан мәселелерді шешуде осындай қоғамдық ұйымның қажеттігін, маңызды­лығын атап өтті.

Бүгінде Алматыда төрт мыңдай ҮЕҰ жұмыс істейді. Бұл еліміздегі қоғамдық ұйымдардың 20 пайыздан астамын құрайды екен. Бұл ретте «Белсенді мегаполис» атты біріккен Жол картасы –  азаматтық қоғам, дін салалары мен жастар арасында үздік практиктерді, мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың формалары мен механизмдерін пайдалана отырып, ынтымақтастық мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етпек.

– Ашықтық, есептік және азаматтық қоғамды барынша кеңінен тарту – біздің жұмысымыздың басты қағидалары. Қазіргі кезде барлық әлеуметтік маңызы бар жобалар мен шешімдер қаланың Қоғамдық кеңесінің сараптамасынан өтуде. Мегапо­листі дамытудың «Алматы–2020» стра­тегиялық бағдарламасы алғаш рет қала тұрғындары арасында кеңінен қоғамдық талқылаудан өткен соң ғана қабылданды, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде ҚР Дін істері және азамат­тық қоғам министрі Дархан Қалетаев Жол картасы аясында бірқатар біріккен шаралар өткізу қарастырылғанын айтты. Мәселен, Алматыда Азаматтық орталықты ашу, ҮЕҰ өкілдерін үйрету үшін  семи­нарлар өткізу және қала  универси­теттерінің «U38»  Альянсымен ынтымақ­тастық орнату жоспарланған.

Дін саласында қала имамдарының кәсіби біліктілігін арттыру үшін курстар, республикалық семинарлар мен тренингтер өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.  Жастар саясатын жүзеге асыру аясында ТМД мемлекеттері жастарының қатысуымен түрлі форумдар және еріктілердің республикалық слетін ұйымдастыру белгіленген.

 

 

Керек дерек

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша әр түрлі деңгей­дегі 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *