ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАЛАБЫМЕН ШЫҚҚАН ГАЗЕТ

1 шілдеде «Алматы ақша­мы­ның» жарық көр­ге­ніне 30 жыл толды. Көзі­қарақ­ты, зер­делі оқырман бұл басы­лым­ның күні кеше қалай, қандай жағ­дайда шыққа­нынан жақсы хабардар.

Осыған орай әріптес­тері­міз, қалалық, респуб­ли­калық құры­лымдар, бел­­гілі тұлға­лар, жал­пы оқыр­ман­дарымыз тара­пынан келіп жатқан құттықтау, ілтипат, лебіз­дерді жариялап отыру­ды да міндетіміз санап, зор риза көңі­лімізді білдіреміз.

Қазыбек ИСА, «Қазақ үні» газетінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық С.Есенин сыйлығы – «Алтын күз» орденінің иегері, ЮНЕСКО  Әлемдік  өнер және мәдениет академиясының академигі

Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары  қазақ зиялыларының Алматыда қазақ тілінде қалалық газет болуы керек деп, мәселе көтеріп жүргендері босқа кетпеді. 1988 жылы Алматыда «Алматы ақшамы» атты таза қазақи атпен жарқ ете қалғанда тек астана­лықтар (ол кезде Алматы ел астанасы еді) ғана емес, бүкіл ел қуана қарсы алғаны әлі есімізде. Еркіндікке ұмтылу белең алып, демо­кратиялық леп есіп тұрған кезеңде ашыл­ған басы­лымда сол кезде аты белгілі талай қалам­герлер бас қосты. Біз секілді жас ақындардың да жиі баратын шығарма­шылық ортасына айналды. Біздің  қатарлас достарымыз Қайрат Әлімбек, Кәдірбек Құныпия­лардың  Алматы­дағы алғашқы қызмет еткен басылым­дары осы «Алматы ақшамы» еді. Ал тіс қаққан белгілі жур­налистер Зейнолла Абажанов, Қанат Қайым,  Ертай Бекқұл,  Жүніс Ома­ров, Жексен Алпар, Мұхтар Наушабаев, Өтеш Қыр­ғызбай,  Әнуар Тарақ,  Нұржамал Байса­қал, Әнуар  Әуелбек, Бақыт Ойсалар қызмет істеді және істеп келеді. Біздің де талай шығармаларымыз осы басылым бетінде жарық көріп тұрды.

Ел «Ақшам» деп атап кеткен басылым сол кезде де, қазір де заман талабына сай шығып келеді.

«Алматы ақшамы»  аты қалалық болғанмен, заты далалық  та десе де болады. Өйткені, бұл бүкіл республикаға тарайтын бірден-бір қалалық газет. Сондықтан ауылда да «Ақшамды»   асыға күтетіндер аз емес.

«Алматы ақшамы» газетінің екінші тынысының ашылуы Бас редактор болып белгілі журналист, мәдениет­танушы Қали Сәрсенбайдың келуімен байланысты болды. Қазір «Алматы ақша­мы» атына сай ажарымен, бай мазмұны, терең тағылымымен салмақты да сара басылымға айналды. Газеттің заман талабына сай сайттық нұсқасы да түрленіп келеді.

Бүгінде Қазақстандағы ең үлкен қала, алып мегаполис, мәдениет пен әдебиеттің ордасы Алматының тыныс-тіршілігін айқындап келе жатқан «Алматы ақшамы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толып, орда бұзып отыр екен! Біз Арман қала — Алма­тының бас газетіне биік белес, асқар асу тілейміз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *