ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ МЭТРІ

ЮНЕСКО профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы ОМАШҰЛЫ туралы бір үзік сөз

Әр адамның өмірінде ата-анасынан кейін  өзі ерекше қадір тұтып, ұстазы ретінде  құр­меттейтін  дара  тұлғалар болады. Менің  тағдырымдағы  сондай   тұл­ғалардың  бірегейі  –  студент­тік жылдардағы   ұстазым, биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтетін абзал ағамыз Намазалы Омашұлы. Ұстазымыз  біз үшін қашанда – ұлық, біздер, шәкірт­тері   оның алдында әрдайым  кішікпіз.

«Ұстаз болу – өзіңді өзің аямау, өзге­нің бақытын аялау»  деген екен белгілі сөз зергері  Зейнолла Қабдол­лов. Дана халқымыз  ұлы мәртебелі ұстазды  әрдайым  ұлт тәрбиесіндегі зор  тұлғаға балап, оның  қоғамдық ортадағы рөлін  баға жетпес құндылыққа балаған, құрметпен бас иген. Еңбегін қадір тұтып, мәртебесін  ұлықтаған. Өткен ғасырдың  сексенінші-тоқса­нын­шы  жылдары  әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің журналистика факуль­тетінен дәріс алған жүздеген менің замандастарымның  кәсіби білім алып, ғылым жолына бағ­дарлануына, білікті маман болып қалыптасуына про­фессор Нама­залы Омашұлының сіңір­ген еңбегі орасан зор. Ол кісінің адамды тани білу, шәкірттің адами  бол­мы­сына, рухани жан-дүниесіне үңіле білу сияқ­ты қасиеттері  – ұстаздық  даналық пен  даралық­тың  шыңы дер едім.  Журна­листика факультетінің дека­ны, ҚазҰУ  проректоры қызмет­терін атқа­ра жүріп ол кісі журфактың, уни­вер­ситетіміздің сапалы дамуына  айрық­ша үлес қосты. Шын мәнінде  ұлттық журналис­тика­ның шырақ­шысына айналды. Жур­налисти­каны «төртінші билік», жеке бағдарлы сала, ғылым ретінде қалыптас­тырды. Ол кісінің  рес­публикамыздың зиялы қоғамын дамы­туға қосқан үлесі, ұлттық журналистика теориясына  сіңір­ген еңбегі өз алдына бір төбе. Қазақ журналистикасы ғылы­мы­ның өзекті мәселелері ғылыми айна­лымға енгізіліп, баспа ісі, халықаралық журна­лист, қоғам­мен байланыс маман­дық­тары пайда болды. Осы бағдарларда  өзі дәріс беріп беріп, тәрбиелеген шә­кірт­тері бүгінде  мемлекеттік қызметте,  еліміздің  ақпа­раттық медиа кеңістігінің  түрлі  сала­сында  абыройға бөленіп, табысты еңбек етіп жүр.

Ұстазымыз бүгінде астана­мыздағы  Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Журналистика мәсе­ле­лерін зерттеу институтын бас­қарады. Ол  филология ғылы­мы­ның докторы, профессор. Қазақ­стан жоғары мектебі Ғылым академиясының  және Қазақстан Журналистика академиясы­ның толық мүшесі (академик), Қазақ­стан Жазушылар одағы мен Қа­зақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ­стан Республикасы Президенті­нің бұқаралық ақпарат құралдары сала­сын­дағы сыйлы­ғының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

Намазалы Омашев  ұсынған 10 томдық «Алаш көсемсөзі» де,  оның ғылыми жетекшілігімен «Интернет желісінің қазақстан­дық сегментіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері» атты ғылы­ми-зерттеу жобасының қолға  алынуы да қазақ руханияты үшін  үлкен олжа болды десем, қателес­пеймін  деп ойлаймын. Жоба мақсаты – зерттеу нысаны болып табылатын веб-ресурс­тарды (алғашқы жылы қазақ тілді сегмент бойынша) қадағалау және бақылау жүйесін, яғни ста­тистикалық және анали­тика­лық деректер базасы­ның open source негізіндегі сайтты әзірлеу және құру. «Қазақстан Респуб­лика­сының Ақпараттық қауіпсіздік доктринасы» жобасын әзірлеу.

Осы орайда  мәртебелі парасат иесінің ұстаздық жолы мен  адами  қасиеттері де біз үшін  үлкен мектеп. Қамқор аға бола білген ұстазымнан, талапшыл Намазалы Омашұлынан журна­листік  этиканың әліппесін, кәсі­би білім мен біліктілікті, аза­маттық қасиеттерді, мамандыққа адалдық пен абзалдықты үйрен­дім. Журналистика­дағы алғашқы ұста­зым, қазіргі заманауи тілмен айтқанда эдвайзерім,   диплом жетекшім, ғылыми жұмысымның жетек­шісі болған Нама­залы ағайдың өмірге деген көзқара­сындағы тағылым­ды ұстаным­дарды, кәсіпке адалдықты мен  бүгінде өзім­нің журналистік-ұс­таз­дық қызме­тімде шәкіртте­рімнің бойына сіңіріп келемін.  Мен мұны Намазалы  Омаш­ұлы­­ның бізге берген тәрбиесінің, білі­мінің нәтижесі мен  жемісі  деп түсі­немін.

Мерейлі  мерейтойыңыз  құтты болсын, Ұстаз!

 

Жанат СЕЙІТЖАНОВА,

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Медиакоммуникация және Қазақстан тарихы кафедрасының ассистент-профессоры, ф.ғ.к.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *