ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ ҚАЗАҚТЫҢ «ТЫЙЫМЫНАН» БАСТАЛАДЫ

Бір жасар баланың да қолында соткасы бар. Балаларды сол сотка тәрбиелеп жатыр. Бұл жақсылыққа апармайды...

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы төл тарихын, ұлттық дәстүрін, құндылықтарын бағалайтын және оны мақтан тұтатын әр қазаққа берері мол бағалы дүние. «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы іспетті толғаныс. Қай халықтың да рухани құндылығы оның тарихымен біте қайнасып, астасып жататыны белгілі. Олай болмаған жағдайда оның  құны да, ғұмыры да маңызын жоғалтар еді. Ұлттың рухани жаңғыруы оның тамыры терең тарихын зерделеуден, ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлт құндылықтарын жіті зерттеуден басталуы тиіс.

ҚР білім беру саласының үздігі, өмірден көргені көп, түйгені мол ардагер-ұстаз Сейтхан Тұрысбеков ақсақалды әңгімеге тартып, ұлттық құндылықтар төңірегінде бірнеше сауал қойдық.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

– 40 жыл   ғұмырыңызды шәкірт тәрбиесі мен біліміне арнадыңыз. Оның ішінде ұзақ жыл орта мектеп директоры болдыңыз. Ұрпақ мәселесі қай кезде де маңызды. Әсіресе, соңғы уақытта жиі қозғалып, қоғамдық талқылауға өзек болып отыр. Тәжірибелі педагог ретінде пікіріңізді  білдіре кетсеңіз. Заманауи ұрпақ қалыптастыру үшін не қажет деп білесіз. Бұрынғы мен қазіргі тәрбиелік тәсілдің арасы соншалықты алшақ па, соны  ашып айтыңызшы.

– Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана ор­нық­пасы белгілі. Ал тарихи сананың негізі ұлттық бол­мыста жатыр ғой. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипа­ты­мызды сақтай отырып ілесу Елбасы мақаласының негізгі өзегі. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсы­мызға қастерлі міндет.  Өз басым жаңалыққа қарсы емес­пін. Көптілділікке де көзқарасым дұрыс. Бірақ айтпай кет­пеуге болмайтын да мәселелер жоқ емес. Бұрын, біздің кезі­мізде, әрбір пән мұғалімі бір ставкадан (18 сағат) кем жұмыс істемейтін. Сол 18 сағаттың ішінде сынып жетек­шілігі де бар. Мұғалім мектептен кетпейтін, үзілісте оқу­шыларының жағдайын біліп тұратын. Тәрбиесіне қарай­тын. Арасында келесі күннің сабағына дайындық жасай­тын. Сабақ біткесін үйіне бір-ақ кететін. Сөйтіп, сапалы білім беретін.

Қазір билік деректорда. 18 сағатты 3 мұғалімге бөліп береді. Әрқайсысына 30 мыңнан. Олар сабағы бітісімен үйіне кетіп отырады. Оқушымен жұмысы да болмайды. Өйткені, сынып жетекшісі емес, мойындарында басқа  жүк­теме жоқ. Ауылда жұмыс жоқ. 30 мың ауылдық жерде әжептеуір қаражат. Сол 30 мың алу  үшін директорға кемі 100 мың беретін көрінеді (естуімше). Сөйтіп, мұғалімдер мектеп директорын жемқорлыққа итермелеп отыр. Кадрдың билігін мектеп директорына бермеу керек.

Бұрын мектеп директорлары мен олардың орынба­сар­лары өздеріне жарты ставка алатын. Одан артық алмайтын. Қазір олай емес, бәрі толық алады. Мұғалім­дерге сағаттың аз болуының бір себебі осында жатыр. Толық ставкамен жұмыс істеу мұғалімді тұрақтандырады. Екінші жағынан ақшасы көбейеді. Керек-жарағына жаратады. Ешқайда алаңдамайды. Аз болғасын тағы да жұмыс іздеуге, істеуге мәжбүр болады.

–  Сапалы білім, саналы тәрбие деген сөз тіркесі бұрын­дары жиі айтылатын еді. Қазір соның білімі қалды да, тәр­биесі мүлде айтылмайтын болды. Бұл жөнінде не дер едіңіз?

– Тәрбиеге өте үлкен мән беру керек. Біздің уақытта апта сайын тәрбие сабағы өтетін… Данышпан бабамыз әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» десе, В.Белинский «Бала тәрбиесіне ерекше мән  берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» деп өте орынды, көңілге қонымды айтқан.

Бала тәрбиесі – өте күрделі процесс. Оның күрделілігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен бірге алға жылжып отыратындығында. Балабақшада да, мектептеде де, кол­лежде де, сондай-ақ жоғары оқу орнында да желісі үзілмей жүріп отыруы тиіс. Тәрбиенің тізгіні тегеурінді болу керек, сәл босаңсыса, бүкіл жүйе  әлсірейді, еңбек еш болады.

– Балалар бақшасы туралы айтып қалдыңыз, ол жердегі тәрбие туралы пікіріңіз қандай?

– Баланы балабақшаға береді. Берсін. Онда ұлттық тәрбие жоқ. Балаларды ұрады-соғады. Ол жасырын емес. Теледидар, интернет көрсетіп жатыр. Бұрын бала бес жасқа келгенше ештеңе демеңдер дейтін. Енді соны айту керек деп жатыр. Енді түсініпті. Тыйым жоқ жерде тәрбие болмайды, тәрбие жоқ жерде иман болмайды.

Қазақ ұрпағын: ұят болады, жаман болады, обал бола­ды деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұрынғы ата-әже жоқ қазір… Зейнеткерлердің  бәрі бірдей немерелерін бағып-қағуға құлшынып отыр дей алмаймын.

Соңғы кезде қалта телефоны (сотка) деген шықты. Бір үйде отырып бір-бірімізбен сөйлесе алмаймыз. Әркім өз соткасын шұқылап, өзімен-өзі болып жатады.  Бір жасар баланың да қолында соткасы бар. Балаларды сол сотка тәрбиелеп жатыр. Бұл жақсылыққа апармайды…

– Жыл ауысты. Өміріміз бен өңірімізде бірқатар өзгеріс болып жатыр. Серпінді істер де жоқ емес. Сіздің көңіліңізге қона ма?

– Жаңадан келген жыл туралы әркім әр түрлі айтып жатыр. Біреулер «не дейсің, 2008-2009 жылдардағы тоқырау  тағы да болады-мыс» десе, енді бірі «уайымдаудың керегі жоқ, бәрі дұрыс болады» деп жұбатады. Кездесуде Елбасымыз сарыуайымға салынудың еш қажеті жоқ екенін жеткізді. Инфляция 5-6 пайызды құрайды, керісінше, өндірісте 4-5 пайыз алға жылжу бар. Алтын қорымыздың жартысы жұмсалып кетіп, жартысы қалғанының өзінде де бізді ұстап тұруға қауқары  жетеді екен.

Елбасының сөзін тыңдадым. Отырысына, сөзіне, парасатына риза болдым. Екі сағатта екі-ақ рет судан ұрттады. Денсаулығының жақсы екеніне риза болдым. Жеңіл өнеркәсіп жөнінде айтты. Бұрын біздің өзімізде костюм, аяқкиім шығаратын фабрика болғанын, қазір істемейтінін, киімді шет елден тасуға құмарлығымызды сөз етті. Мүмкін қыздарға жарамас біздің киім, олардың тал­ғамы бөлек. Ал ер адамдарға  жарайды. Ішкі істер қызмет­керлерінің киімдері өзімізде тікті. Сыртқа ұмтыла берген­ше, өзіміз өндіруге тырысайық. Қазір қытай ет, сүт, жұмырт­қа, тағы да басқа азық-түлікті бізден алуға құштар. Өйткені, біздікі сапалы әрі табиғи. Бірақ бұл өнімдерді шикілей берсек, біз ұтыламыз. Шұжық, қазы, консерві етіп сатсақ, пайда табамыз. Мұнай өнімдерін де өңдеу керек, оны қолға алдық, биылдан бастап қырғыз ағайын алмақшы болып отыр. Осы мәселелердің бәрін Елбасымыз  жан-жақты айтып берді. Шикізаттың үстінде отырмыз деп оларды орынсыз ысырап етпеу жағын баса айтты.

Екі жүйені айтты: бірі 400, екіншісі 600 миллиардық технолгияны енгізсек, жоғарыда айтылғандардың бәрін өзімізде өндіруге мүмкіндік туады. Соған әрекет жасап жатырмыз деді. Қазір елімізде тепловоз, вагон, камаз, өз­бек­термен бірігіп жеңіл машина  шығарылып жатыр екен. Өзбекстанмен қарым-қатынас жолға қойылуда, өткен жылы 1 миллиардқа сауда жасалған, биыл 3 миллиард, ал­дағы жылы 5 миллиардқа жететін көрінеді. Жол, әуе, темір­жол қатынасы қолға алынған. Каспий теңізінің мәселесі түбегейлі шешілді.

Мен қазір 83 жастамын. Әкем 1942 жылы майданға аттаныпты. Қазан айында. Мен 6 жаста екенмін. 4 бала анамыздың бауырында қалдық. Біраз қиындық көрдік. 5-сыныпқа дейін аяқкиім кигенім жоқ. Мектепте пеш болатын, контрамарка деген кейін шықты ғой. Еденде тақтай жоқ, сабан лайды құйып тастайтын. Кепкесін әрі жылы, әрі жұмсақ болады. Соның үстінде жалаң аяқ жүремін. Үйден шығамын да мектепке жүгіремін, бара сала аяғымды темір пешке басамын. Біразға дейін пештің ыстығын сезбейтінмін. Сосын барып жылынады. Сол денсаулыққа пайдалы болды-ау деймін… Негізі адамға көп қымтана берген де дұрыс емес деп ойлаймын.

– Сыртқа қол  жая бермей еңбектенейік, шикізатты өзімізде өндірейік, өндірісті  қайта ашайық, кеңейтейік дейсіз ғой?

– Жақында бір ақпаратты көзім шалды. 2018 жылы Ел­басы 14 рет шетелдік сапарға шығыпты. Жылдың алғашқы сапарын қаңтарда Нью-Йорктен бастаған. Ал өткен жылдың соңғы сапары желтоқсан айында жүзеге асыры­лыпты – Мемлекет басшысы Санкт-Петербургке барған. Қазақстанның ішіне 18 рет сапар жасапты. 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев 41 212 шақырымды ұшып өткен. Елбасымыздан еңбек етуді үйрену керек.

«Қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» деген бұрынғылар. Дәл осы кезде күнін көре алмау деген масқарашылық. Еңбектің түрі де көп, оны табудың жолы да бар. Соны табу керек, іздену керек,  Елбасының сөзіне өз басым өте риза болдым. Көңілім толды, келешекке сенімім артты, жақсы ұйықтадым. 2019 жылы жағымды жаңалық, жақсылық көп болады деп ойлаймын, күтемін және сенемін…

– Лайым солай болғай! Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген – Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *