Қазақы тәрбиеге сусындап өскен бала ешқандай қателікке жол бермейді

Өткен жылдың аяғында денсаулық сақтау министрлігінің «кәмелеттік жасқа толмаған қыздарға 16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде аборт жасатуға рұқсат беру керек» деген ұсынысы көптің талқылауына түскен еді. Министрліктегілердің айтуларынша, «бұл ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі, сондай-ақ, криминалды аборттың жолын кесетін көрінеді…». Өзгені қайдам, мен үшін бұл қазақы тәрбиенің қалыбына сыймайтын сорақы ұсыныс.

Біз қыз баланы ұлттың ұяты деп әспеттейміз. Халықтың шырайы деп мақтан тұтамыз. Ықылым заманнан қызымызды арым, ұятым, намысым деп бағалаймыз. Күні кешеге дейін ұрпақ тәрбиелейді деп сенім артқан қызымызды «қызға қырық үйден тыйым» деп сұқ көздер мен желіккен көңілден өзіміз-ақ қорғап келдік қой… Енді айтыңызшы, сондай әдемі теңеудің иелеріне бұл ұсыныс қаншалықты қажет?! Шалыс басқан қадамын жалпақ жұртқа жария етуден біз не ұтамыз? Жо-о-оқ, қазақ қызына мұндай ұсыныстың қажеті шамалы. Атам қазақта жоқ, жасөспі­рімдерге мүшеқап тарату деген не сұмдық? Ұлдарымызға мүшеқап үлестіріп, қыздары­мызға түсік жасатуға рұқсат берсек жетіскен екенбіз. Бұл «қамқорлық» жастарымызға ерте жастан жатып-тұруға өзіміз мүмкіндік бергенмен бірдей емес пе? Олар «бізге бәрі болады екен» деп білгенін істесе қайтпекпіз?

Мәселен, біз «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелендік. Ата-анамыз санамызға сіңірген осы сөздер бізге өмірден өз орнымызды табуға үлкен септігін тигізді. Ұятты іс істемеуге, жамандықтан аулақ болуға, әр нәрсенің сұрауы бар екенін ұғындырып, обал боладыны үйрендік. Сол себепті, біздің кезімізде дәл бүгінгідей бейбастақтық орын алмаған. Өкініштісі сол, бізді тәрбиелеген осы «үш ауыз сөз» бүгінгі  ата-ананың сөздік қорында жоқ. Бұл сөзіммен барлы­ғыңызға топырақ шашудан аулақпын, әрине. Десек те, бүгінде ұятсыз ұл мен ибасыз қыздың қатары көбейіп барады.

Егер біз «ұл ұяты – әкеге, қыз ұяты – шешеге сын» деген бабалар сөзіне құлақ түретін болсақ, балаларымыз ертең-ақ саналы, тәрбиелі, иманды ұрпақ болып өсіп шығады. Ықылым заманнан бері қалып­тасқан қазақы қалпымызды бейәдеп әдеттерге айырбастамасақ керек! Ол үшін отбасындағы тәрбиеге мықтап көңіл бөлейік. Әрбір ата-ана ұл-қыздарымызбен осы тақырыптарда ашық сөйлесуді үйренейік. Анасынан сыр жасырмай, еркін өскен қыз ешқашан жаман қылыққа бармайды. Әкесінен ер-азаматқа тән сабыр мен мінезді көріп өскен ұл жігерсіз болып өспейді. Егер ұл мен қыз отбасында қазақы тәрбиеге сусындап өссе, ешқандай қателікке жол берілмейтініне өз басым шүбәсіз сенемін. Мен көпбалалы анамын. Өмірде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды көріп, естіп, жаным түршігеді. Сол себепті, де әр баламның тағдырына алаңдаймын. Алды мектеп бітіргенімен, кейінгілері әлі мектеп жасында болғандықтан, ұлымның да, қызымның да әрбір қадамы мен үшін маңызды. Ұрпағымыз салиқалы, рухы мықты азамат болып шығуы үшін жұбайым екеуміз шамамыз келгенше тәрбие беріп жатырмыз. Кіммен дос, қандай ортамен араласады, барлығын бақылауда ұстап, шалыс баспауын қадағалап отырамыз. Қай ата-ана баласын жамандыққа қисын. Бұл – қандай қыз болса да, ардан аттамаған ақ некелі жар атансын, қандай ұл болса да етегін қымтап ұстаған есті қыздармен шаңырақ көтерсін деген аналық жүрегімнен шыққан жанайқай еді.

 

Ақжарқын ЕЛТАЙ,

көпбалалы ана.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *