ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ТАҢДАУЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ

5564e08fbb43ceedb672553d36bfe471_resize_w_520_h_

Әр заманның өз тұлғасы, танымал азаматы болады. Қазақтың өткен тарихына көз салған адам еліміздің арғы-бергі тарихында көптеген ел басқарған хан-сұлтандар, қол бастаған жаужүрек батырлар және сөз ұстаған ділмәр би-шешендер өткенін байқайды. Бұл сөз жоқ өткен тарих. Еліміздің мақтанышы. Ал қазіргі заманның ел мақтаған батырларын насихаттап, олардың елімізді өркендету жолында атқарған істері жұртқа жеткізу маңызды. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының елімізде жүзе аса бастағаны өте орынды болды. Президент өзінің мақаласында: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл  тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», – деген болатын.

Міне, Елбасының осы бір орынды ұсынысынан кейін Қазақ елі ел Тәуелсіздігінің іргесін бекемдеп, мемлекетімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан азаматтарды есімдерін атап, олардың өнегелі істерін халық арасында кеңінен насихаттай бастады. Осы бір маңызды жоба жайында өз ойымды ортаға салып, ұсынысымды айтуды жөн санап отырмын.

Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуі ғылым мен білім саласына тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдар Қазақстанның білімі мен ғылымның дамуына бар күш-жүгерін жұмсап, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар жетерлік. Ғылым мен білім саласы еліміздің дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылуы жолында бел жазбай еңбек етіп жүрген азаматтар өте көп. Солардың арасында айрықша атап өтетін аптал азаматтардың бірі – Бақытжан Жұмағұлов. Ол білім мен ғылым саласын басқарға басшылардың арасында саяси салмағы жоғары, білім мен ғылым саласындағы маңызды бастамалардың іргесін қалаған іскер азаматтардың бірі һәм бірегейі болды. «Нұр Отан» партиясын Төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы сынды жауапты қызметті абыроймен атқарған Бақытжан Тұрсынұлы Білім және ғылым министрі болғанда отандық ғылымының дамуына барынша жағдай жасады. Иә, Бақытжан Тұрсынұлы көп адам армандайтын лауазымды қызметтерді атқарса да «ғылым саласының адамы» болып қала білген жан. Абзал ағамыз ешқашан өзінің сүйікті кәсібі ғылымнан қол үзген емес.

Бұдан басқа «Ғылым туралы» Заң жобасы қабылдап, отандық ғылым заманауи үрдістерге бой ұрып, қарқынды даму жолына түсті. Ғылым саласын қаржыландыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сараптау, коммерциялау сынды маңызды істер қолаға алынып, бүгінді өзінің жалғасын тауып келе жатқанын айрықша атап өтуге болады. Қазақ ғылымның дамуына бар күшін жұмсап жүрген Бақытжан Тұрсынұлының іс әрекеті ғылымға бет бұрған талай жастың ғылымға деген құштарлығын арттыра түскені анық. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 жаңа есім» жобасына ғылым саласы бойынша Бақытжан Жұмағұловты ұсыну өте орынды деп есептеймін.

Қазақ ғылымның еңсесін түсірмей, Тәуелсіздік жылдары ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың қатарында Мұрат Жұрыновтың жүруі мен үшін заңдылық сияқты. Бар өмірін ғылым мен білім саласына арнаған абзал азамат бүгінде Ұлттық ғылым академиясының жұмысын жандандырып, Сәтбаев салып кеткен сара жолды жалғастыруда. Тәуелсіздік жылдары елімізде бірқатар жетекші оқу орындар пайда болып, заман талабына сай білікті мамандар даярлай бастады. Солардың бір һәм бірегейі – Қ.А. Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Сонау 1991 жылы Мұқаң аталмыш университеттің ректоры болып, түркі әлемінің орталығы саналатын қасиетті Түркістанда ұзақ жыл еңбек етіп, еліміздегі жетекші оқу орынның Тәуелсіз Қазақстанның білім кеңістігінде аяққа тұрып кетуі жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткенін білеміз. Сол бір қиын шақтарда Мұрат Жұрынов ҚР Білім мнинстрі қызметін де абыроймен атқарып, еліміздің білім және ғылым саласына өлшеусіз үлес қосты. Ал сүйікті кәсібі химия саласында атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Бұл ретте Мұқаңның Д.В. Сокольский атындағы Органикалық катализ және электр химиясы институтының отын өшірмей, көптеген шәкірт тәрбиелеп келе жатқанын айтсақ жетіп жатыр. Бұдан майталман ғалымның ғылымға деген құштарылғын анық аңғаруға болады. Өз басым қиын кезеңде іргелі университетті аяқтандырып, қазақ химиктерінің қара шаңырағына айналған Органикалық катализ және электр химиясы институтының үздіксіз жұмыс істеуіне бар күш-жігерін жұмсаған Мұрат Жұрынұлы «100 жаңа есім» жобасына енуге лайықты қайраткер азамат деп атар едім.

Ғылым мен білім беру саласына дамытуға бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген елге танымал азаматтардың бірі бірі – Рахман Алшанов. Сөз жоқ, дамыған 50 елмен иық тірескісе келетін Қазақстан үшін білімсіз бәсекеге түсу – ескексіз қайықпен жолға шыққанмен бірдей болар еді. Иә, бәсекеде соқыр тәуекелге орын жоқ.

Қоғам назарында жүретін Рахман Алшановты өзім білім Қазақстандағы білім саласындағы алғашқы білікті менеджер деп атар едім. Өйткені Рахман мырза тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі «Тұран» жекеменшік білім ордасын қалыптастырған азамат. Бүгінде «Тұран» білім беру корпорациясы еліміздегі білім сапалы білім берудің сатылылық қағидаттарын қалыптастырған айтулы оқу орынға айналып отыр. Тәуелсіздік жылдары «Тұран» университеті білім беру саласындағы корпоративті менеджменттің

тиімді жүйесін қалыптастырып, ғылым мен инновацияның сәтті іске

асырып, білімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететін әлемдік білім

беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті ЖОО айналды.

Ғылым мен білім беру саласының бесаспап маманына айналған Рахман Алшанов сынды азаматтар өз саласының алдыңғы шебінде жүріп, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын бекемдей түсті. Әдетте білім мен ғылымның дамуы  қоғамдық-саяси жағдайлармен де тікелей сабақтасып жататыны белгілі. Мұны әуел бастан түсінген Рахман еліміздің қоғамдық-саяси жағадайларына да белсене араласып, елімізді өрге сүйреп келеді. Оның қоғамдық-саяси жұмыстарды жатсынбай араласуы оның болымысын байытып, тұлғалық келбетін айқындай түсті. Сондықтан өз басым Мемлекет басшысы ұсынған «100 жаңа есім» жобасының бел ортасында Рахман Алшановтың есімі аталса, қуана қолдау білдірер едім.

Тәуелсіздік жылдары қазақ ғылымы әр саланың көшін бастаған білікті ғалымдардың тегеурінді іс-әрекетінің арқасында ғана дамығанын мойындауымыз керек. Сондай жанкешті ғалымның бірі – Зұлхайыр Мансұров. Ол Қазақстандағы химия саласының жан-жақты дамуына жол ашып, жастарды ғылымға баулуда көптеген жұмыс атқарған тұлға. Елімізде өнімді жұмыс істеп жүрген химия және физика саласының мамандары Мансұровты өзінің ұстазы санайды.

Зұлхайыр Мансұров басқаратын Жану мәселелері ғылыми-зерттеу институтының атқарып жатқан жұмыстары елімізді қойып, шетелдің мамандарын таңқалдырып отырғанын ғылыми орта жақсы біледі. Апайтөс академик басқаратын институтта еңбек ететін ғалымдар гранттық қаржыландыру бағдарламасына өздерінің маңызды ғылыми жұмыстарын ұсынып, ғылымның көкжиегін кеңейтіп келеді. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жүйеге қойған Зұлхайыр Мансұровты ғылымы көш ілгері озып кеткен Батыс елдерінің өздері аттай қалап шақырып, баяндама жасатып, ой-пайымын тыңдайтынын білеміз.

Зұлхайыр Мансұров Брюссельдегі INTAS Ғылыми кеңесінде үш жыл қатарынан Қазақстан атынан өкілдік етіп, қазақ химиктерінің әлемдік деңгейде жарқырай көрінуіне жолашар жасаған ғалым.

Егер еліміздегі әрбір ғалым Зұлхайыр Мансұровтай ғылымға еңбек сіңіріп, жастарға қолдау көрсетсе, Қазақстанның еңсесі тік, экономикамыз мығым болатыны сөзсіз. Сөз соңында Жану мәселелері институтының абыройын асқақтатып, шоқтығын биіктеткен мына бір жайтты айтпай кетпеске болмайды. Қазір Қазақстанда «Scopus» әлемдік ғылыми мәліметтер қорына енген жалғыз ғылыми журнал да осы инстиуттың ғалымдары шығаруда. Зұлхайыр Мансұровтың жетекшілігімен жарық көретін «Еуразия химия технологиялары» ғылыми журналы ағылшын тілінде жылына төрт рет шығады. Аталған журналға шыққан материалды дүниежүзі ғалымдары үнемі бақылап, басылымда жарық көрген мақалаларға ұдайы сілтеме жасайды. Сондықтан Зұлхайыр Мансұровты «100 жаңа есім» жобасына ғылым салас ыбойынша берегей үміткері нық сеніммен айта аламын.

Қазіргі заманда шекара жойылған. Еліміз еңсесін көтеріп, егемендігін алған тұста майталман математик Асқар Жұмаділдаев бастаған білікті ғалымдар Батыстың маңдайалды оқу орындарында еңбек етіп, қазақ ғылымының әлеуетін сырт елге танытты. Асекең Лейбниц, Цинбиель, Якобиан, Вронскиан, Новиков алгебраларының ассосимметриялық есептерін шешкен жалғыз қазақ. Сенесіз бе? Американың математика қоғамы мәліметі бойынша оның ғылыми еңбектерінің сілтеме индексі 100-ден жоғары. Тәуелсіздік жылдары Асекең шетелдің маңдайалды университеттерінде дәріс оқып, ғылыми жұмыстармен айналысуға бірінші болып шақырту алған.

Асекең Тәуелсіздік жылдары екі рет Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланып, еліміздің дамуына қатысты тарихи шешімдер қабылдауға атсалысқаны белгілі. Ол – Қазақстанның тәуелсіздік декларациясын қабылдап, еліміздің Әнұраны, Елтаңбасын қабылдауға атсалысқан депутаттардың бірі. Ғылым саласында аты аңызға айналған мұндай азамтты «100 жаңа есім» жобасына қалай қоспайсың?

Ел абыройын асқақтатқан ғалымдар туралы әңгіме қозғағанда ҚР Ұлттық ғылыми кеңесінің мүшесі, академик Рәтбай Мырзақұловты айналып өте алмайсың. Ол шетелдің  беделді басылымдарында жарық көрген ғылыми мақалаларымен  әлемдік ғылыми қауымдастықты мойындатып, отандық ғылымды биік деңгейге көтерген бірден бір қазақстандық ғалым.

Қазір бір ғана физика саласы бойынша Рәтбай Қағазұлы өз саласының үздігі ретінде, тізімнің басында тұр. Халықаралық мәліметтер базасына шыққалы бері қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақала жариялау белсенділігі айтарлықтай өскен. Рәтбай Мырзақұлов еңбектерінің ғылыми айналымдағы пайдаланылуы өте жоғары. Хирша индексі дәрежесі арқылы Мырзақұлов Қазақстан ғалымдарының ішінде бірінші орында тұр. Бұны Мырзақұловтың халықаралық ғылыми көрсеткіштері (Thomson Reuters, Web of Science) және оның ғылымда ашқан жаңалықтарына шетел ғалымдарының берген бағасы деп білген жөн.

Бұдан бөлек ғалымның АҚШ, Үндістан, Жапония, Ресей, Англия, Испания, Италия, Түркия, Германия, Мексика, Қытай, Бразилия, Иран, Мысыр, Финляндия, Норвегия сияқты елдердің жетекші математик, физик-теоретиктерімен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, біріккен жарияланымдар жасағаны тағы бар. Профессор Рәтбай Мырзақұловтың ғылымға сіңірген еңбегі еліміз тарапынан лайықты бағалануда. Бұл орайда ғалым «Еуразия мақтанышы» конкурсының жеңімпазы, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми-зерттеулер үшін берілетін Қ.Сәтбаев сыйлығының лауреаты атанды. Бұдан басқа «ҰМҒТСО» АҚ-ы мен Thomson Reuters және Springer компаниялары ұйымдастырған «Ғылым көшбасшылары» марапатында үздіктердің қатырынан көрінуінен оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан үлкен қолдауға ие екенін байқауға болады.

Айтулы ғалымның жетекшілігімен математика және теориялық физика саласы бойынша 20-дан аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалса, оның 5-еуі PhD докторы. Ол қзақстандық және халықаралық көптеген ғылыми жобалардың авторы. Ұзақ уақыт АҚШ, Индия, Жапония, Ресей және Батыс Еуропа елдеріндегі жетекші ғылыми орталықтармен жұмыс істеді. Басқасын айтпағанда, Калифорния университетінің шақыруымен АҚШ-та екі жылға жуық еңбек етуі американдық атақты физик, математик-ғалымдармен дәрежесі тең екенін көрсетеді.

Сондай-ақ 30-дан аса шетелдің 50-ден аса ғалымдарымен зерттеу жүргізіп, бірлесіп мақалалар жариялауы  екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әлемдік ғылымда өз қолтаңбасымен танылған, бүгінде ЕҰУ-дің атын асқақтатып, қазақ ғылымының мәртебесін көтеріп жүрген Рәтбай Қағазұлын «100 жаңа есім» жобасына ұсынсақ, ғылым саласында жүрген көптеген үзеңгілес әріптестері қолдайтына сенімдімін.

Дүниежүзінде ең көп оқылатын математиканың жілігін шағып, майын ішкен Мұқтарбай Өтелбаев ағамыз да ғылым саласы бойынша «100 жаңа есім» жобасына енуге лайықты тұлғалардың бірі деп атап айтуға болады. Өйткені профессор Өтелбаев әлемдегі ең күрделі жеті математикалық есептердің бірін шешкенде барша қазақ бөрікін аспанға атып қуанғанын бәріміз білеміз. Мың жыл бойы «мен» деген математиктердің өресі жетпеген, тісі батпаған есепті шешу Өтелбаевтың бұйырып, Қазақстан ғылым-білімі дамыған елдердің қатарында екенін майталман ғалымдарымыз нақты іспен дәлелдеді.

Әлемде мыңжылдықтың проблемасы аталатын 7 күрделі есеп бар. Талай ұлы математик оны шеше алмай арманда кеткен. Дәл қазірдің өзінде әлемнің 1500-дей ғалымдары осы теңдеуді шешіп, бас қатыруда.   Жетеудің біреуі — Пуанкаре гипотезасын – ресейлік атақты Перельман шешті. Ал енді «Новье-Стокс» теңдеуінің жауабын табу – қазаққа бұйырды. Бұл – еліміз үшін абырой емес пе?

Қазақстанда энергетикалық мәселелерді атом қуатын пайдаланып шешу жолынде бел жазбай еңбек етіп жүрген ҚР Ұлттық ядролық орталық директоры Қайрат Қадыржанов ағамызды да үздіктердің қатарына қосуға болады. Бұл ретте ғалымның ЭКСПО-2017 кезінде Курчатов қаласында елімізде алғаш рет токомак термоядролық реакторын іске қосылып, Қазақстанның ядролық державалар сапындағы орынын айқындай түсуге қосқан еңбегін теңдесіз дүние деп бағалауға болады.

Қазақстанда нейрохирургия саласы Тәуелсіздік жылдары дамып, өркендеді. Бұл ретте Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының директоры Серік Ақшолақов бастаған медицина саласы білгірлерінің жұмысына да қуанып қол соғуға болады. Дүниежүзілік дәрігерлер қауымдастығының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағын 2008, 2009 жылдары екі рет қатарынан иеленген Секеңдей әлем мойындаған медицина саласының білгірін елімізден табу мүмкін емес. Қазақстан медицинасының қарыштап дамуын Тәуелсіздік пен Астана қаласымен байланыстыратын ғалымды ел дамуына өлшеусіз 100 тұлғаны қатарынан ойып тұрып орын алатын жөні бар деп есептейміз. Сол сияқты донорлық жүрек ауыстыру операциясы сәтті жүргізіп, медицинаның ең биік шыңын бағындырған «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пяның тәуелсіздік жылдары отандық медецинаның дамуына қосқан үлесін ерекше. Елімізде тұңғыш рет жүрекке трансплантация жасаған білікті кардиохирургтің еңбегі қандай мақтауға болса да лайықты деп есептейміз.

Елімізде педагогика саласында табысты жұмыс істеп, білім беру ісіне бар күш-жігерін жұмсаған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбековтің еңбек жолынан атқарылған толағай істердің ізін байқауға болады.  Махметғали  Нұрғалиұлы 2009-2012 жылдары Білім және ғылым вице-министрі қызметтерін атқарғанда Қазақстанның «Ғылым туралы», «Білім туралы», «Назарбаев университеті, Назарбаев интеллектуалдық мектептері, Назарбаев қоры» туралы заңдарды дайындап, білім беру саласының жанданып, дамуына көп үлес қосты.

Жылқы алғаш қазақ даласында қолға үйретілгенін әлем ғалымдары алдында белгілі архелог Виктор Зайберт нақты археологиялық жәдігерлермен дәлелдеп берді. Осылайша еліміз егенмедігін алған жылдары жылқы малы алғаш рет Еуропа мен Монғолияда емес, қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін әлем мойындады. Осыдан 6 мың жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы аумағын мекендеген ежелгі ботай тайпасының қыш құмыраларынан табылған қымыз қалдықтары жылқыны алғаш қолға үйрету қасиетті Қазақ жерінде бастау алғанын айғақтай түсті.

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 жаңа есім» жобасына жоғарыда тізбелеп шыққан ғалымдардың қатарына IT саласының білгірі Алексей Цеховойды, ғылым мен мемлекеттік қызметтің қос шылбырын қатар ұстаған Жақсыбек Құлекеев пен Салидат Қайырбекованы да қосуға болады. Бұдан басқа «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ы мен Thomson Reuters, Springer Natur компанияларымен бірлесіп ұйымдастырған шараларда ғылыми жұмыстары жоғары сілтемелік көрсеткішке ие болған Эрнст Боос, Болат Жәутіков, Николай Покровский, Әсет Барақбаев, Жұмабай Бәкенов, Әсия Ермұхамбетова, Ирина Іргебаева, Динара Бірімжанова, Дәурен Әділбай, Диляра Қайдарова, Айгүл Әбуғалиева, Ерлан Тұрыспеков сында ғалымдар отандық ғылымның дамуына келелі үлес қосып, еліміздің абырой-беделін асқақтатқанын айта кетуіміз керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 жаңа есім» жобасына ғылым саласы бойынша көптеген ғалымдарды ұсынуға болады. Қазақ ғылымның өрісін кеңейткен ғалымдарымыз жетерлік. Сондықтан біздер ой-пайымымызды барынша екшеп, қысқа қайырыуға тырысқан жайымыз бар. Әриен, бұл тізімді өзге де әріптестеріміз толықтырып, өз ойларын қосып жатса қуана құптаймыз.

 

Нұрлан Жұмақанов, «ҰМҒТСО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі жетекшісі

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *