ҚАЗАҚЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ ХАЛЫҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР

Серік ЖҰМАБАЙ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақылыққа жақын, қазақи салт-дәстүрді жиі насихаттап келеді. Ең алдымен ол: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Сондықтан біз қазақ тіліне басымдық беруіміз керек», – деді. Үштілділік жайында да ойын астарлап жеткізіп еді. Қазір бұл туралы көп айтыла, жазыла бермейтін болды. Әуелі мемлекеттік тіл – ана тілін меңгеріп алуымыз керек, қалғаны ешқайда қашпайды дегендей ой айтты Мемлекет басшысы. Бұл – бір.

Екіншіден, Президент Тоқаев: «бірінші қазақ тілі, одан кейін ағылшын тілін 5-сыныптан бастап мектептерге енгізу керек», – деді.

Шынында да, ұрпақ жалғастығын, адамдық болмысты тек қана ана тілі қалыптастырады. Болмысы толықпаған ұрпақтан уызына жарымаған, шала-шарпы адам шығады. Ондайлардан парасаттылық пен ізгілік іздеудің қажеті жоқ. Оның үстіне, әр баланың қабілеті әр түрлі. Сондықтан балаға алдымен ана тілін толық меңгертіп, содан кейін барып, 5-сыныптан бастап қалған тілдерді оқыту қажет. Мұны көпшілік қолдайды.

– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек, – деді Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында.

Қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде дамымайды. Қазақ тілінің дамуына тежеу жасап отырған орыстар мен басқа халықтар емес, өзіміз. Уақыт жетті, мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік жұмысқа алмау керек. Мемлекеттік тілді білетіндерге, қолданыста іске асырып жүрген қызметкерге қосымша ақы төленуі қажет. Бұл – екі.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы «мектептерге домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажет», – деді. Бұл тіптен керемет бастама. Біреулер: «баланың бәрі әртіс болып кететін болды» деп түсінбей жатыр. Бұл жерде баланың атақты күйші, жыршы болуы маңызды емес. Ең бастысы, музыкаға бейім өскен баланың жан дүниесі таза болады. Музыка мен математиканы меңгерген баладан ешқашан жамандық шықпайды. Сондықтан лажы болса баланы домбыра үйренуге беруіміз керек. Әрбір ұрпағымыз домбырашы болмаса да, ең болмаса домбыраны шертіп, домбыраның қасиетін түсінеді. Қазақтың рухын бойына сіңіреді. Қазақтың қара домбырасын тарта білген бала қазақтың тарихын білетін болады. Салт-дәстүрін меңгереді. Осылайша мектептен бастап баланың бойына ұлттық өнер дариды. Музыка адамды жақсылыққа тәрбиелейді. Тағы да қайталап айтайық, музыкаға бейім адамнан ешқандай жамандық шықпайды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадырдың айтқанында, домбыра – бұл қазақ, ал қазақ – домбыра. Бұл екеуін бір-бірінен айыру мүмкін емес. Өз ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген бала ұлтжанды, отансүйгіш, бауырмал болып өседі. Бұл – үш.

Төртіншіден, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі кеңесте елімізде жұмыс істеп жатқан жаңа компаниялардың атауы қазақшалану керектігін жеткізді. «Бизнеске кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою қажет. Кәсіпкерлер үшін инженерлік желілерге қосылу айтарлықтай проблема болып отыр. Жер учаскелерін жалға беру аукциондарында коммуникацияларға қосылуға техникалық мүмкіншіліксіз жиі ұсынылып жатады. Немесе құрылыс барысында бұрын берілген шарттар өзге шартқа өзгертіледі. Мысал, келтіре кетейін, «Premіum Development Lіfe Park» ЖШС-да электр көзіне қосылуда проблема болды. Атауы өте қызықты екен. Жалпы, бұл компанияның атауы неліктен қазақ тілінде болмайды? Біз жаңа компанияларымызды ең алдымен, қазақ тілінде атауымыз керек. Бұл мәселені назарға алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өте орынды тапсырма. Елімізде жұмыс істеп жатқан компаниялардың атаулары қазақылануы керек. Бұл мемлекеттің тілдің өрісін кеңейтеді.

Осындайда еске түседі екен. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласын басқарып тұрғанда, бір бизнесменнің кәсіпорнының ашылуына қатысқан болатын. Ол «Сайранның» қасында еді. Әлгі кәсіпорынның атын адам түсінбейді. Шетелше ұзақ жазылған. Сол кезде Имекең: «Сен қай елде тұрасың?!» деп қабағын түйді. Анау болса, «Енді мұндай атаулар «модный» ғой» дей беріп еді, Имекең: «Не какой модный, егер дұрыс атау таба алмайсың ба, онда қазір мектептің балаларына тапсырма беремін, олар саған керемет атау тауып береді», – деді.

Осылайша соның атауын өзгерткен болатын.

Жалпы, елдік мұрат жолында елеулі еңбек етіп жүрген қайраткерлеріміз елімізде аз емес. Алматының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаев та нағыз елшіл, мемлекетшіл, халықшыл азамат. Қазақылыққа жаны жақын, әдебиеттің де, мәдениеттің де жанашыры. Ол 20 жыл бойы жөндеу көрмеген Қазақстан Жазушылар үйін қайта қалпына келтіретінін жеткізді. Сонымен бірге әкімнің тапсырмасы бойынша әрбір ауданда жастарға арналған шағын кітапхана ашылатын болды. Осындай қазақы тәрбиесі бар азаматтар ғана руханиятқа жанашыр бола алады.

Қорыта айтқанда, қазақ тілін білу, оны қорғау – әр қазақтың парызы. «Қанына тартпағанның қары сынсын» демекші, Президенттің көп ісі көңілге қонады. Қазақылық қанында бар тұлғалар қасымызда жүргенде қазақи салт-дәстүріміз жоғалмайды. Қазақылық бар жерде халықтың болашағы бар…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *