ҚАЗАҚЫ ҚИСЫННЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ АСТАРЫ

Ақын – поэзиялық туындыларды, өлең, жыр-дастан, поэмаларды ауызша айтып, не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. Ақын деген ұғымның жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы кең, ол солардың бәрін қамтиды (З.Ахметов).

Аталған ұғымдардан да аумақты ойға қозғау салып, «халықтың көркемдік дәс­түрлерін қалыптастырып, жалғастыру» үшін сөз шебері ғана болу аздық етеді-ау деп шамалаймын. Оған адамның өз уақытымен үндесе білетін елгезектігі, басқаның қайғы-қуанышын өзінікіндей сезіне білетін мейірімі, аталы сөзді аздырмай айта білетін шешендігі мен жүректен шыққан сөзін жүрекке жеткізе білетін шеберлігі керек қой. Әрине, ең алды­мен ақындық дарын керек. Бұл «шөп те өлең, шөңге де өлеңнің» маңайын­да жүрген ұйқас­шылдық емес. Халықтың ойын жүре­гінен өткізе алатын, сөзімен жеткізе алатын асқақ пафостың иесі болу. Осы қисыннан келгенде әдебиет саласынан биыл Мемле­кеттік сый­лыққа ұсынылып отырған Ақұштап Бақты­гереева «Ақын халық, батыр халық дәл аты» деген анықтаманы толығымен көтеретін дарын иесі.

1967 жылы тұңғыш жинағы «Өрімтал» шыққан кезден бері Ақұштаптың оқырман назарынан қағыс қалған кезі жоқ.

«Тақырыбым «ұсақтау» – бала жайлы,

Әлдилеп ақ сүт берген ана жайлы.

Пәк сезімді жырлау да ескіріпті,

Қазір сөздің ірісін бағалайды.

…Махаббат сенің әнің тыңдағаным,

Сен едің табынғаным, жырлағаным.

Бірақ мен жырлағаным үшін сені

Мақтау сөз естімедім, сынға қалдым»,

деп өзі айтқандай, сол жарты ғасырдан бері «ұсақтау» тақырыбын жырлап келеді. Ол анасына хат түрінде ме, замандастарына наз түрінде ме, болашақтың бойжеткендерімен сырласу түрінде ме, болмаса ағаларына арнау түрінде айтыла ма, бәрібір айналып келгенде аналық махаббат, балалық махаббат, аза­маттық махаббат болып шығады. Себебі, ақын ештеңені сүйіспеншіліксіз айта алмайды. Әйтсе де, бұл құлақ үйренген сыбырлақ махаббат емес. Күйіп-жанып бара жатқан ышқына жариялау да емес. Бұл шығармадан салмақты азаматтық сезім байқалады. Лирик ақындарға тән өзінің ғана сезімін, күйініш, сүйінішін айтып отырып қоғамшыл, көпшіл тұжырым жасайды. Жалқы ойдан жалпыға тән қорытынды шығады.

«Іштеріңнен шығады жаңа дарын,

Бізден биік болады саналарың.

Бізден бөлек болады ғасырың да,

Бізден бөлек болады модаларың.

  

Мейлі түрлі түспенен қасты боя,

Алуан тілде айтылар жастық ода.

Білетінім, Отанын, халқын сүю,

Болу қажет қашан да басты мода!».

(«Болашақ бойжеткендермен сырласу»).

 

Автор еркін өсетін, соғысты білмеген, модасы басқа, ән-биі де өзгеше болашақ ұрпақпен қызыға, тіпті аздап қызғана да сырласып отырып, кенет нақты нұсқау бергендей болады. Өйткені, адамзаттық құндылықтарда өткен, болашақ деген өлшемдер болмайды. Ол адамзаттың қалыпты дамуы үшін қашан да тұрақты игілікте жылжуы керек. Өйткені, ақынның көңіліне әредік болса да, күдік ұялайтын сәттер болады. Соны:

«Зулаған уақыт,

Зырлаған уақыт,

Жаңалық келді далама.

Қосетек көйлек сахналарда қалады, ә?

Ыңғайсыз болды, кеше мен

«Қызым-ай, – деппін

Бұрымын өрген балаға.

Күзетші шам тұр,

Аулада бұрын ит үрген.

Алмасып кетіп жүрмес пе екен

Күн түнмен.

Басқа бір тірлік, басқа бір құрлық

Келе жатқандай сезінем,

Жастық шақ, сенің кейпіңнен», –

деп «Жастық шақ» атты өлеңінде ашық білдіреді. Шын-ау! Зулаған уақытпен таласа, жарыса жүретін жастық қуат бір жерлерге келгенде қалыптының бәрін қайта жасамақ болып төңкеріп тастаса не болмақ?! «Төң­кергеннің» нәтижесі не болып шыққанын көзімен көріп, ішінде жүрген ұрпақтың тағдыр-талайын басынан өткерген ақынның мазасыздануы заңды ғой. Енді не амал бар? Уақытты тоқтату мүмкін емес. Тілі жеткенше айта беру ғана. Біреу болмаса біреу, әйтеуір бір кезде назар аударар деген дәме. Сонда не айтпақшы?

Текті халықтың адамы түгіл, жылқы­сында да, көктегі құсында да намыс бола­тынын, сол намыс өлексе жеген үш жүз жылдан еркін самғап, қалағанын алып жеген 30 жылын артық көретінін («Бүркіт пен қарға»), шау тартқанда шөміштен шеттет­кенді көтере алмайтын шақар мінезді («Қы­ранның тұяғы»), кейде намыстың махаб­баттан үстем түсетінін («Қамажай»), намыс қысқанда шыңғырған шындық қана айты­латынын («Ерлікті көзбен көрген күн») жет­кізбекші. Ұлы адамзаттың заңғар биіктерден емес, кәдімгі өзімізбен күнде әңгімелесіп жүргендей Әжемнің әңгімесі, ертегі солай дейді екен, би кешінде болып еді дегендей қылып қарапайым жеткізеді. Ұзақ толғап, арғы-бергіні қозғап емес, сәтінде келіп қалған ойды немесе бір кездескен көріністі орамды оймен жеткізіп, оқыс түйіндеу. Мысалы: «Көк дөненнің кісінеуін» оқығанда Ақынын құрметтеп, сыйлап, той өткізіп қошеметтеген қауымға риза боламыз. Ендігі сәтте тізгінін болашақ иесі ұстағанда кенеттен ышқына кісінеген жылқы мінезіне ойланып қаламыз.

Автор:

«…Көк дөнен кісінеді ақынды аяп,

Шал кезде шаба алмайтын

жолықтырған», –

деп түсінік бергендей болады да:

–  «Құйғытып, атқа шабар дәуреніңде,

Бұл қазақ ат мінгізсе қайда болған?», –

деп кешіккен құдіретті кінәлағандай тұжырады.

Ал:

«Көк дөнен сахнадан кісінеді.

Сезді екен жануардың іші нені?

Заманда адамды-адам ұқпай жүрген,

Тәйір-ай, жылқыны кім түсінеді?..

  

Ақында аз болады сайрандар күн,

Шын бақыт табады ақын, ойдан бәлкім.

Асылды жоғалтқан соң, жоқтау айтып,

Кешігіп жүресің-ау, қайран халқым!», –

деп мүлде басқа бір түйін жасайды. Бұл жерде ақынның шығармашылық жолындағы құрбандығы да, қашан айырылып қалғанша қолындағысын көре білмейтін пәруәйсізді­гімізді де, кейде адамнан гөрі малдың түйсігі терең болатынын да аңғартып өтеді. Қыс­қасы, осы шағын балладада шығармашы­лық деген шырғалаңның ұйығына бір түсіп кеткен дарын тіршіліктің қызық-думанынан шет қалатынын, халықтың құрметіне ие болған жанның да көңілінде мұң болатынын, мезгілінде көрсетілмеген құрметтің қызығы да кем болатынын, тағы да адам табиға­тындағы өкініш, айтылмайтын сыр сияқты нәзік көріністерді аңғарамыз. Бұл ақынның артық-кем мінезін толайым тұтас түсінетін ақынның түйсігі.

Жинақта «Ана махаббаты», «Ерлікті көзбен көрген күн» сияқты балладалар да бар. Сыйлас абысындардың ортасында тел өскен өжет ұлдың ерлігін жеке бағаламақ болған хан кішкентай ғана пендеуи қулықпен баланың туған шешесін анықтайды. Бары осы. Бірақ Ақұштаптың жырлауында осы бір аңызға шендесетін оқиға әсерлі суреттермен қиялды қозғап, қилы-қилы ойға жетелейді. Қаншама жылдар бойы тату абысындықты сақтап келген сырды ашқан хан қыңыр­лығына қынжыласың. Қанша дегенмен жеме-жемге келгенде тумағандығын көрсет­кен ананың безбүйректікпен баланы бөліске салуға келіскеніне ызаланасың. Дегенмен, әрқандай себеппен шындықтың ашылғанына риза да боласың. Себебі, баланың бір ғана анасы болады, сол Ана қандай жағдайда да баласының амандығын қалайды. Бұл өзі осы заманға керек тәмсіл. Ал «Ерлік…» – бұл атақты 86-ның желтоқсанында Қазақстан Жазушылар үйіндегі Колбинмен кездесуде ақын Жұбан Молдағалиевтің сөйлеген сөзінен алған әсер. Оқиғаны қаншама адам біледі, қаншама адам өзінше жазды да, айтты да. Оқиғаның барысына Бақтыгереева ештеңе алып-қоса алмайды. Мұнда оның ақындық шеберлігі ғана сөйлейді. Байтақ Отанын қарумен қорғап, қаламмен жырлап келген Жұбан ақынның ызаланған толғанысынан шыққан бұл сөздерді айшықты өлең, бірде-бір жолы бос жүрмеген ұйқастармен жеткізген Ақұштаптың бұл шығармасы Жұбанның ерлігіне, елдің намысына арналған реквием. Тіпті, сол желтоқсанда шейіт болғандарға арналған реквием десе болғандай. Оқиғаның өзі де дүниені дүр сілкіндірген сұмдық еді. Мызғымас деген қоғамның қабырғасын қақыратар сызат түсірген шындықты шағып айту одан да өткен сұмдық болды. Сұмдықтардың соңы құрбандықсыз болмайды. Ал құрбандықты жоқтау керек. Ақын қыз соны көркем кестемен жоқтап отыр. Бұл жерде ақынның әдемі ұйқасын, оқуға да, тыңдауға да жеңіл поэтикалық құрылымын айтып отырғаным жоқ. Қырық жылдан аса қалам ұстап, ақын­дығы мойындалған адамға «өлеңді жақсы жазады» деген сарт мезіреттің керегі жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде жыл өткен сайын алыс­тап бара жатқан Желтоқсанның салқыны кейінгі ұрпаққа қаншалықты етене әрі әсерлі жететінін, көзбен көргенді қолмен ұстағандай жеткізген ақын-көкіректі айтып отырмын.

Әдетте марапатқа автордың нақты бір еңбегі атымен бүкіл шығармашылығы ұсынылады. Бұл тұрғыдан келгенде «Ана сыры» жинағы Бақтыгереева шығармашы­лығының коды – түп қазығы деуге болады. Оның өмір бойы жырлап жүрген құндылық­тары – бұл тіршіліктегі әйелдің, ақынның, ананың сыры. Солардың әр қырынан айтыл­ған көзқарас. Жалықтырмай ма? Жоқ. Өйткені, мұнда жалқының тілімен жалпының ойы, мазасыздығы, үміті, армандары айтылып отыр. Адамзат тарихында анасынан пана іздемейтін, анасына арқа сүйемейтін, анасын ренжітіп-қуантпайтын бала болмайды. Сондай-ақ, баласына бәйек болмайтын, сол үшін отқа-суға түсуге бейіл шыр-пыры шықпайтын, тіпті қате болса да өз баласын қолдамайтын ана болмайды. Бұл – Ай астында адамзат жаралғалы бері қалыптасқан аналық қасиет.

Табиғатында әдемілікке ұмтылмайтын, әр нәрсеге еліктемейтін, айналасына еркеле­мейтін, әлдебір биіктерге қызықпайтын, тіпті әлденелерді қызғанбайтын әйел де болмайды. Өйткені, о баста Алла тағалам дүн-дүниенің ұрпағын жалғастырып, адамзаттың өркен­деуіне жауапты әйелді әр нәрсенің дәмін өзі татып көретін әуесқой, әр нәрсені өз бойымен өлшейтін өзімшіл, қысылғанда таяу, қиналғанда сүйеу болатын көнтерлі, сырты нәзік, іші қасаң біртүрлі қызық мақұлық қылып жаратқан. Және де сол адамзат тарихының арғы-бергісін жіпке тізіп отыру үшін тіл берген, сол тілдің айтқаны барлық құлақтарға естілуі үшін Ақындық дарынды қоса берген. Демек, Дарындылық – ғайыптан келген бақ. Оны ұстай алсаң ғана бақ. «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесін таппаса иесін табады» дейді қазақ. Сондықтан да ақынның Ана-кейіпкері:

«Білмеп ем, мұнша жаның күйрек пе еді,

Адал дос, рас, қызым, сирек тегі.

Басыңды сүйемеуі адамдардың –

Өзің мықты болуға үйреткені.

…Сен маған жазба, қызым, бұдан былай

Сенбеймін деген сөзді адамдарға.

…Алдымен адамдарға қарыздарсың,

Солар саған жыр жазар сыр ұқтырған», –

деп, Ақын-көкірек:

«Оңай деп пе едің, қанатым,

Ойлардан жүдеп, қажалу.

Ұрпаққа мұра болатын

Өшпейтін жолдар жаза алу.

…Домбыра тартып тойларда,

Бесікті тербеп ойлану.

Әйелдің жүгін қойғанда,

Ақынға қайта айналу», –

деп толғайды.

 

Ал Азамат-Ақын:

«Әділет – қастерлі ұғым санамдағы

Құштар-ау адамдардың саған бәрі.

Еңлікгүл тәрізді биіктесің,

Кез-келген белді буып бара алмады.

  

…Ішінде ең күрестің де, жеңістің де,

Сұмдықпен шаршап кейде келістің бе?

Сен маған жолығарсың, жолықпассың,

Әйтеуір болсаң екен жер үстінде», –

деп философиялық ойларға кетеді. Ақын назарынан адам тірлігіне қатысы бар бірде-бір көрініс қағыс қалмайды. Қуаныш, қынжылыс, махаббат, өкпе мен реніш, сатқындық пен асқақтық, сағыныш пен үміт, бәрі де сәтін тауып өлең жолдарына айналады. Сөйтіп, Адам атын алған екі аяқты, бір басты пенденің ертегі күніне нық қадам басуына, артында өкініш қалмауына, ата-баба қасиетінен шет болмауына, ұрпағына қамқор болуына жетелейді. Мұның бәрі пенденің ғана көксегені. Ал әр пенде арма­нына жетер болса – ол отбасының ынтымағы мен бірлігі. Әр отбасы ойлағанындай өмір сүрсе – ол елдің ертеңінің мығымдығына кепіл. Айналып келгенде, ақынның көксегені «қыздары махаббаттан өліп кеткен», «батыр­лары батырмын деп айтпаған», «даланың ұлы болып, жыры болып» қалған қазақтың өз баласы өз байлығын билеп, даласын басына көтере қастерлеп, елінің ертеңіне ие болуы. Оны өзі:

«Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен,

Шындықты жақтап жүретіндермен,

Сыйластық сырын білетіндермен

Табысқым келеді менің.

  

Жанары мөлдірегендермен,

Жүрегі елжірегендермен,

Үмітке сендіре білгендермен

Достасқым келеді менің», –

деп жырлады.

Негізінде Ақұштап ұлтшыл ақын. Қазір ғана емес, бұрыннан, елін сүю дегенді «ұлтжанды», «тарихтың арғы-бергі кезең­дерінде де қазақ түсінігі мол» деген идео­логиялық қитұрқылық кезеңде де сондай болатын. Сондықтан да Шона Смаханұлы сияқты ағаларымен, Қуандық Түменбай сияқты інілерімен бірге жүріп «балаңызды қазақ мектебіне беріңіз» деп әр үйді аралап, үгіт жүргізіп, Алматыда қазақ мектептерінің көбеюіне үлес қосты. «Өз балаларыңыздың мектебі бар, басқада не жұмысыңыз бар?!» деген ескерту естіді. Алматыдағы тұңғыш таза қазақ балабақшасы «Ер-Төстіктің» ашылуына қолдау білдіріп еді, «өкіметтің саясатына араласқыңыз келе ме, өлеңіңізді жазып тыныш жүргеніңіз дұрыс қой» деген «жанашырлыққа» тап болды. Тыныш жүр­мейін дей ме, бірақ сол өлеңді түсінетін, он­да­ғы ойды кейінгі ұрпаққа жеткізетін оқушы керек емес пе?! Тыңдаушысы жоқ жетім сөзді айтқаныңнан не пайда?! Содан да:

«Егер біздің қазақтың:

Көп оқыған бабасы ғалым болса,

Жаңа туған баласы дарын болса.

Қыздарының барлығы ару болса,

Көргенсізге бұл қазақ зәру болса.

  

…Атқа мінген ардақтап азаматын,

Кірлетпесе еш жерде қазақ атын.

…Өлең оқыр бәрінде сауат болса,

Қастерлесе ерлерін еңіреген

Сол кезде мен жарылып қуаныштан,

Сенше Жайық, арнамнан төгілер ем!», –

деп өлең жазады.

«Казакпен емес, қазақпен күресіп жүрмін» деп сұхбат береді. Қазақ баласы тіл үйренемін деп тегінен безіп кетпесе екен, дін үйренемін деп ділінен айрылып қалмаса екен деп алаңдайды. Сол үшін де жастар арасында көбірек болып, ой бөліскісі келеді. Кеңестік идеология кезінде «Неге қазақ баласы тек қана қой бағу керек, бұл қазақтың қолынан мал бағудан басқа ештеңе келмейді дегенді білдіре ме?» деп сөйлесе, тәуелсіздік кезінде «Қазақ әйелін ала дорба арқалаудан құт­қармай, ел ілгерілейді дегенді елестете де алмаймыз» деп сөйледі. Бұл саясатқа араласу немесе әлеуметтік сараптама жасау емес. Бұл әйелдің көзі көрген келеңсіздікті көп алдында әшкерелеу, орынды пікірді тауып айту. Және оқта-текте емес, тұрмыстағы түйт­кілді байқаған сәтте ақындық ұрым­талдықпен айта салады. Айтыскер ақынға тән байқампаздық пен әйелдік сезімталдық шындық деген шіркінді шырқыратып айта алады. Сонан да болар, ақынға разы болған замандасы Серік Тұрғынбеков:

«Халқың үшін азапқа, түскен болсаң қажыма, сендей қыздың қазақта, қиналамын азына» деп қолпаштаса, Қадыр Мырза-Әлідей ағасы: «Көркемдік кредосын о бастан дұрыс анықтаған Ақұштап не жазып, не қойса да, өзінің ең алдымен ару екенін, яки қыз екенін, болашақ ана екенін ұмытқан жоқ. Ол қайта, керісінше, өзінің әйел екеніне акцент жасаумен келеді» деп тұжырады.

Сондықтан да арқауы қазақ, пайымы да қазақ, бүкіл әлемді қазақ әйелінің көзімен қабылдайтын ақын Ақұштап бесігін жырмен тербей отырып, елінің жақсы-жаманына түгелдей жауапты бола отырып, сол елдің баласының жайын, анасының зарын, ба­ба­сының барын «Өлең – өнер» атты мін­берден айтса, ол еңбек мемлекеттің мара­патына да лайық болуға керек.

Сара ЛАТИЕВА,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close