ҚАЗАҚТЫҢ ОЮЛАРЫ «СӨЙЛЕДІ»

Жуырда Тұран университетінде әдемі бір кеш өтті. «Креативті ойлау» пәнінің жүргізушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Гүлжан Төлекованың ұйымдастыруымен, арнайы шақыртуымен қазақтың қолөнерін дәріптеп жүрген Айшакүл Байболдиева апай бізге қонаққа келді. «Оюдың сырлары және мәні» атты тақырыпта өткен жылы жүздесу бәрімізге де ой салды, әдемілікке жетеледі.

Алғаш рет мектеп табалдырығын 1965 жылы аттаған Айшакүл Батырбекқызы бала күнінен-ақ, сол уақыттағы «Социа­лис­тік Қазақстан» газеті мен «Пионер» журналынан қазақы ою жасауды үйрететін айдарларды өз бетінше үзбей қарап жүріп, ою оюға деген құлшынысы артқан. Оны осы өнерге бейімдеуші алғашқы ұстазы әжесі екен. Дана әженің өз қолымен жүн иіріп, оны илеп, тон тіккенін көріп өскен­діктен, оған бұл өнерді тез меңгеріп алу қиынға соқпапты.

Ұлттық байлықты жоғалтпай, сақтап қалу мақсатымен ою-өрнекпен айналысып жүрген Айшакүл Батырбекқызы мен оның ісін жалғастырушы сәулетші қыздары осы уақытқа дейін 1000-нан аса ою жасаған. Қошқар мүйізді оюдың өзінің 45 түрі бар екенін айта келіп, Айшакүл апай студент­тердің назарына өз қолынан шыққан оюла­рын ұсынды. Жұмыстарында Алтын адам, аң-құс бейнесі, табиғат құбылыстары, тіпті, су перілері де көрініс тапқан. Әсіресе, ар­найы кітап-жинаққа енген  «Пингвин», «Жираф» және «Амери­кан қалпағы» оюлары көңілімді селт еткізді. Осындай бейнелерді де оюға салып, жан бітіруге болады екен-ау деп ойладым.

Айшакүл апай осы салада 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы еңбегіне сый тәрізді болған жетістіктерінің бірі – жұмыстары «ЕХРО—2017» халық­аралақ көрмесінен орын алды. Жұртшы­лыққа 12 метрлік лента түрінде ұсынылған оюлары көрген елді тамсандырған.

Айшакүл Батырбекқызының: «Бір туынды жасау үшін алдымен оны тереңнен тану керек. Танымсыз еңбексіз ешбір заттың мәні болмайды», –деген сөздері бізге бағдаршам болары анық. Бұл шеберлік-сабағының негізгі мақсаты студенттердің рухани байлығын толықтырып, ұлттық оюдың көмегімен ұлт­тық санаға  қозғау салу және сол арқылы креативті ойлауды қалыптастыру болатын. Кездесу бұл үдеден шықты деп толық айта аламыз.

 

Айым МАРАТ,

Тұран университеті

Журналистика мамандығының 1-курс студенті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close