Қазақтың қарапайым баласы бір отбасына жер сыйлады

Қазақтың қазаққа жақсылық жасауға шамасы жетіп тұр. Бастысы, ниеттеніп, әрекет етсек болды. Осы аптада әлеуметтік желінің арқасында сондай жақсылықтың куәсі болдық. Жақсылық жасаған қазақ­тың баласының аты-жөні – Абзал Молда­бек. Фэйсбук желісінде оған 4852 адам достыққа жазылған. Мамандығы – зергер. Отбасылы. Өзінің Alash jewels зергерлік шеберханасы бар. Үйде 6 баланың кенжесі. Әкесі 2014 жы­лы өмірден озған. Анасы өз қолында. Абзалдың өзі қазір отбасымен пәтер жалдап тұрады. Біз онымен хабарласқанымызда: 

Өзім де пәтерде тұратындықтан, кө­шіп жүретін қазақтардың жағдайын жақсы түсінемін. Жәй ғана жақсылық жасағым келді.  Ештеңесі жоқ қазақтар көп, сыртқа білдірмесе де, пәтерде жүріп, өмір сүру адамды шаршатады. Өзіме тілегенді өзгеге де тілегенім ғой, қазақтар үй салсын, байысын. Екі жерім бар болатын. Біреуін сыйлағым келді, – дейді Абзал.

– Ағайын! Өз атымдағы 8 соттық жерімді бір қазаққа тегін беремін! Шартын дұрыстап оқып алыңыз! Осы жазда ең болмағанда іргетасын қалауға шамасы келетін адам болу керек. Алматы облысы, Талғар ауданы, Нұра ауылында. Үйлер салынып жатыр, балалар оқитын мектебі бар. Саяхат автобекетінен 45–50 минуттық жер. Тек сол жақта болашақта тұратын адамға ғана беремін. Барлық құжатын жа­сап қойғанмын. Алатын адам құжаттарын заңгердің көзінше тексеріп алса болады, – деп 12 наурыз күні ол фэйсбуктегі парақшасына жазған күні оның ватсабына 1000-нан астам адам хабарласқан. Телефон шалған адамдар да көп болған. Айтуынша, әлі де хабарласып жатқандар бар екен.

Абзалдың өзі бұл жерді «үй саламын» деп студент кезінде сатып алған. Бірақ ол жақ оған ыңғайсыздау болғандықтан, қалаға жақын жерден жер алады. Қазір өзі сол екінші жерге үй салмақшы. Ал студент кезінде сатып алған жерді ол 4 баласы бар және 10 баланы асырап алған Ержан есімді азаматқа тегін сыйлады.

– 8 соттық жерімді Ержан ағаға табыс­тадым. Бұл кісіні таңдаған себебім көп. Айгүл жеңгемізбен отасқан соң, жеңге­міздің анасы мен әкесі қайтыс болады да, отбасындағы 10 қыз жетім қалған. Ержан аға сол 10 қызға осы уақытқа дейін әке ор­нына әке болып, оқуға түсіріп, тәрбиелеп, 5 қызды ұзатқан. Қазір 5 қызды оқытып отыр. Өзінің 4 баласы бар. Бұл кісіге риза болдым. Пәтер жалдап тұрып әбден қажыған, ақшасы жиналмайды. Қай жерде болмасын бұндай отбасыға пәтер жалдау оңай емес екенін білесіздер. Кеше жерді апарып көрсеттім, ұнатты. Жерімді сізге беремін дегенге қуаныштан түнімен ұйықтамадым дейді ағамыз. Жігерленіп, қуанып жүр, – дейді Абзал.

Біз Ержан ағамен хабарласқанымызда, ол Абзалды танымайтындығын айтты. Сөйтсек, Ержан ағаның бауыры фэйсбук желісіндегі Абзалдың хабарламасын оқып, оған ағасының жағдайын айтып, өзі жазған екен. «Отбасымыздың атынан Абзал бауырыма алғыс айтамыз. Алла оған разы болсын. Жақсылық жасайтын адамдар бар, Абзалдың жақсылығы шынында тосын сый болды» деді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *