Қазақ тілінің бес ғасырлық тарихын зерттеген ғалым

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рәбиға Сыздықова Президент Жарлығымен І дә­режелі «Барыс» орденімен наградталды. Осыған орай   Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен құттықтауын жеткізуге арнайы келген Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровты  Рәбиға апай жылы шыраймен қарсы алды. Мәулен Әшімбаев Рәбиға Сыздықованың қазақ тіл білімі мен филология ғылымына, Абайтану саласына сіңірген еңбек­теріне айырықша тоқталып, сол еңбегінің өлшемі ретінде ғұмыр белесінің тоқсан бесінші белесіне шығуымен құттықтады.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Рәбиға апай ата-анасы, отбасы туралы тағылымды әңгімелер айтып, қазақ тілі мен әдебиетінің бүгінгі беталысына шолу жасап өтті. Мәулен Сағатханұлы келер жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысы жайында әңгімелеп, мерейтойды жоғары дәрежеде атап өту үшін мемлекеттік комиссия құрылғанын, осы ұлы той қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Абай өлеңдерін жатқа оқу бойынша эстафетаның қолға алынғанын айтты. Рәбиға апай бұл жаңа­лықтың барлығынан хабардар болып шықты. Оқу қолынан келмегенмен, теледидардағы барлық жаңалықтардан хабардар болып шықты.

– Біз Абайды әлі толық оқып, оның философиясын түсініп болған жоқпыз. Бізге Абайтану ілімін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру қажет. Осы ретте мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдаймын. Қажет десеңдер, мен де сол эстафетаға қосыламын. Абайды терең білген адам білім мен ғылымның, діннің де дүние мен рухани бай­лықтың да қадірін біліп, өз қалпын жоғалтпайтын болады. Абай жы­лында мен Абай жөнінде оның ілімі туралы айтудан жалықпаймын, – дейді сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне, қолдану мәде­ниетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған тіл тамыр­шысы Рәбиға Сыздықова.

Абай жөніндегі тағылымды әңгімесін түйіндей келе, Р.Сыздықова Президентке деген ыстық ықыласын қолтаңбасы жазылған «Сөз құдіреті» және «Ғылым-ғұмыр» атты өзі туралы жазылған кітапты сыйға тартып, Президенттің сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізген ел азаматтарына аналық ақ батасын берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *