Қазақ тіліндегі контент – замана талабы

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламалық мақаласында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті. Солардың бастауында – Бәсекелік қабілет тұр.  Прези­дентіміз  бәсекелік қабілетімізді арттырғанда ғана табысқа жетуге жол ашылатынын  айта келіп: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақ­тық немесе жаһандық нарықта бағасы я болмаса сапасы  жөні­нен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» деп тұжырымдады.

Расында да, мемлекетіміздің табысты болуы, ең алдымен қоғамның, адамдардың бәсекелік қабілетімен  айқындалатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Заманымыз ұсынып отырған ХХІ  ғасырдың  талапта­рына сәйкес болуға ұмтылған мемлекет  үшін  білімнің салтанат құруы маңызды десек,  цифрлық ІТ технологияларды игеру, үштілділікті меңгеру, жаппай компьютерлік сауаттылыққа қол жеткізу — оның алғышарттары болып табылады.

Бұл ретте  тарихи құжатта  ұлт көшбас­шысы  «білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиістілігіне» мән береді. Бағдар­ламалық мақалада айтылғандай, «техноло­гия­лық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды  ешбір дәуірде мұншама жедел өзгер­меген. Мұндай жағдайда  кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана  табысқа жететіні заңдылық». «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы — білім»  екенін, «құнды­лықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін» біздер­ге аманаттаған Президент жастар басым­дық беретін межелер қатарында «білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт»  деген талап қояды.  Жалпыхалықтық сипатқа ие болған «Рухани жаңғырудың»  осы және басқа да мақсат-міндеттерін орындауда жоғары оқу орындарына  жүктелер жауап­кершіліктің жүгі зор.

Біздің  Халықаралық ақпараттық техно­логиялар университеті – халықаралық деңгейдегі білікті ІT  мамандарын дайын­дайтын жетекші оқу орны. Журналистика, Электронды журналистика, Ақпараттық жүйелер, Радиотехника, Электроника және телекоммуникация, Есептеу техникасы және бағдарламалармен қамтамасыз ету, Информатика, Математикалық және компью­терлік модельдеу  мамандықтары  бойынша дәріс беретін университетіміздің білім беру бағдарындағы стратегиялық басты  әріптесі — Carnegіe Mellon универ­ситеті. Америка Құрама Штаттарында орналасқан   бұл жоғары оқу орны   әлем бойынша робототехника, компьютерлік лингвис­тика, компьютерлік желілер, алго­ритм, бағдарламалау тілдері, бағдарла­малық жасақтамалар құрастыру бағда­рында   көшбасшылардың бірі әрі бірегейі саналады.

Жақында ғана Алматыда  14-халық­аралық пиар форум өткені белгілі. Бұл алқалы басқосу журналистика, PR сала­сындағы мамандарды даярлайтын әрбір жоғары оқу орнының алдына жаңа мақсат­тар мен  ұстанымдарды белгілеп берді.

Жиын барысында  елімізде қазақ тілінде ойлайтын ортаның қарқынды дамып келе жатқандығына мән беріліп, соған орай коммуникация саласында жұмыс істеп отырған  маман­дардың назарын қазақ тілінде ойлайтын аудиторияның қамын ойлауға көбірек аудару қажеттілігі сөз болған еді. Бұл –заман талабы, өйткені республикамызда жыл өткен сайын мемлекеттік тілде мектеп бітірушілер санының көбейіп отырғандығы, яғни болашақ оқырман, тыңдарман аудито­риясының басты кейіпкері — еуропалық емес, азиялық  тұлға болатындығы белгілі.

Осы кезге дейін қоғамда қалыптасқан орыс тілінен қазақ тіліне  аудару үрдісінің алдағы жылдары жойылып, оның орнына түпнұсқасы мемлекеттік тілде дайындалған құжаттардың басқа тілдерге аударыла бастауы уақыт еншісіндегі жәйт екендігі белгілі. Аталмыш пиар форумда алға бір қадам болса да ертерек үңіле алатын сарапшылардың, саясаттанушылардың, пиаршылардың, жалпы коммуникация саласына қатысы бар  мамандардың дабыл қағуы осы ойымыздың тағы бір айғағы болса керек.  Демек, үш тілді білікті маман дайындау талабы — кез-келген жоғары оқу орда­сының алдындағы заманауи  өзекті  мәсе­леге айналып келеді.

 

 Жазу  саналатын, қазақ тілінде контент дайын­даушы

журналист-маманға  қойылар талап қандай болмақ?

 

Әрине, қазір қолында ұялы телефоны бар кез-келген адам  бір уақыт болса  да, өзін  журналист ретінде сезіне алатындығы аян. Сәтті фотоны, жұртты елең еткізер жаңалықты  қысқа, нақты, ұғынықты тілде, бастысы, бәрінен бір-екі минут бұрын  бере алсаңыз,  сіз сол күнгі ғаламтор қаһарма­нына айналып шығуыңыз,  тіпті де ғажап емес. Бірақ әрине, бұл бір сәттік қана таны­малдылық болмақ.  Қоғам мүддесін көздеу­ші, ұлтжанды, нарықтағы бәсекелестікке төтеп бере алатын журналист  болу оңай шаруа емес.

Дегенмен, елімізде  тиянақты, толық­қанды білім беретін,  журналистика теория­сында қалыптасқан дәстүрлерді бүгінгі заман талабымен үйлесімді ұштастыра алатын жоғары орындары жоқ емес, соның  бірі ретінде  – ХАТУ-дың электронды  жур­налистика  факультетін атап өтуге болады. Факультетті тәмамдаған түлектің бет-бейнесін сомдар болсақ, ол  интерактивті кон­тент құра алатын,  интерактивті   инфо­графиканы, интерактивті хронологияны меңгерген, мәтінді сауатты  мазмұндай алатын, әдеби тілге бейім, редакторлық ортада жұмыс істеуге қабілетті, жаңа нәр­селерді үйренуге дағдыланған, инсайдерлік ақпарат алу үшін қажетті контактілерді орната алатын тұлға болмақ.

 

Журналистика мамандығына биыл

47 мемлекеттік грант бөлінді

 

Жуырда Елбасы ерекше атап өткен төрт жоғары оқу орнының сапында ХАТУ-дың аталуы тектен тек емес, әрине.  Сол себепті де, бұл  жоғары оқу орнына биыл журна­лис­тика мамандығына 47 мемлекеттік грант бөлініп отыр! Сонымен қатар,  зама­на талабын, оның ішінде қазіргі таңдағы  әлеуметтік желі мүмкіндіктерін жақсы түсініп отырған ХАТУ ректоры Д.Шыны­беков мырзаның осы мамандықтың болашағынан үлкен үміт күтіп, бұл салаға қосымша   ауқымды 10 жеңілдік  ұйымдас­тырып отырғаны да құптарлық жәйт.

Халықаралық ақпараттық техноло­гиялар университетінің материалдық-техникалық жабдықталуы  өте жоғары деңгейде екенін айтқан ләзім. Альма-матер­дің салалық технологияларды игеру­дегі, білікті менеджментті қалыптасты­рудағы, экономикалық-коммуникативті біліктілігі  бар, ағылшын тілін жатық мең­герген  мамандарды даярлаудағы рөлі өте зор. ХАТУ колледж-бакалавриат-магис­тра­тура-PhD жүйесінде халықаралық деңгейде танылған  ІТ  мамандарын  даяр­лайтын  инновациялар мен ғылым  орталы­ғына  әрі әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналуды мақсат етіп отыр. Студенттердің  академиялық ұтқырлық, қос диплом бағыттары бойынша жыл сайын өткізілетін бағдарламаларға, халық­аралық іс-тәжірибелерге  және жазғы мектептерге қатысуы олардың ілімі мен біліктіліктерін арттырады. Мәселен,  ХАТУ студенті Ердаулет Беков «Gluco Ways» атты жобасы арқылы қант диабетімен ауыратын науқас­тарға арналған мобильді қосым­шаны жасап шығарды. Диабеттен азап шегетін науқастарға өзінің саусақтарын күніне бірнеше рет инемен шаншуға тура келеді, ал «Gluco Ways» қосымшасы шан­шусыз, сырғалық және клипстер арқылы қант деңгейін өлшеуге мүмкіндік береді. Тағы бір студентіміз Данила Дроз­дов биіктіктен  фото және бейнетүсірілім арқы­лы  нақты уақытта жердегі нысандар­ды  бақы­­лауға арналған «Сұңқар 4М» атты ұшқышсыз авиациялық жобасымен таныл­ды. Ең жоғары  жылдамдығы – 110 шақы­рым/сағат­қа жететін бұл дрон жоғалған адам­дарды іздеу мен құтқару шараларында  қолданылады.

ХАТУ  бүкіл әлемде жыл сайын өтіп тұратын жобалардың HackDay атты инно­вациялық фестивалінің Қазақстандағы негізгі ұйымдастырушысы болып табы­лады. HackDay – бұл қатысушылар өз ойла­рын прототипке айналдыратын шара. Ол елімізде пайда болған алғашқы жылдан-ақ қоғамдық сипат алды. Белсенді жастар­дың тез арада  команда жинап, екі  күнде жоба жасап шығаруға мүмкіндіктері бар. Олар өз ойларын ортаға салып, небәрі  бір түн ішінде оны дайын жобаға айналдырады. HackDay – идеяны жүзеге асыратын алаң. Мұндағы бас жүлде – өз жобасын жүзеге  асыру мүм­кіндігі.

Тағы бір ерекше айта кетерлік мәселе — «Рухани жаңғыруда» атап көрсетілген «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыруға  да университетіміз белсене арала­сып келеді. Бұл ретте мына бір бастама өзгелерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Біз аға буын өкілдерінің бейресми түрде компью­терлік сауатын ашуға бағытталған жобаны жүзеге асырдық. Қазір  компьютерлік сауат­тандыру бойынша 40-тан астам зейнеткер оқудың бірінші курсын аяқтап, қолдарына сертификат алды. Алғашқы курстың тыңдаушылары – Бостандық ауданының зейнеткерлері болды. Келе­шекте мұндай курстармен Алматы қаласы­ның аумағында тұратын аға ұрпақ өкіл­дерін   түгел  қамту көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының  «Цифрлы Қазақ­стан» жобасы мен «Үш тілде білім беруге» ерекше маңыз беріп, бұл бағдарла­малар «ұлтымызды, яғни барша қазақстан­дықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деген тұжырымы әрбір оқу орны үшін үлкен міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Бұл ретте университетімізде дәріс беру барысында  ең үздік әдістемелер, заманауи оқыту әдістері  қолданылады. Мәселен, Тілдер кафедрасы бакалавриат және магистратура бағдарламаларының студенттеріне «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі», «Іскерлік қазақ тілі», «Орыс тілі», «Кәсіби орыс тілі», «Іскерлік орыс тілі», «Ағылшын тілі», «Кәсіби ағылшын тілі», «Іскерлік ағылшын тілі» пәндерін оқытуды қамтамасыз етеді. Үш тілділік саясатты  жүзеге  асыруды, оқу мен тәрбие үрдістерін ұштастыруды басшылыққа алады. Жалпы, кафедралар  соңғы үлгідегі компьютерлік тех­никамен және бағдарламалармен жаб­дықталған төрт зертханалық сыныппен, интерактивті тақтамен жабдықталған екі  лекция залы бар. Студенттер мен оқыту­шылар жұмыс істейтін екі ғылыми-зерттеу лабораториясы ұйымдастырылған. Осы лабораторияларда ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргізіледі. Лабора­торияларда жұмыс істеу студенттерге өз мүмкіндіктерін шыңдауға және алған білімдерін қолдануға, ІТ бойынша тәжірибе  жинақтауға мүм­кіндік береді.

Қорыта келгенде, жоғарыда атап өтке­німіздей, мемлекетіміздің  табысты болуы бәсекеге қабілетті, білікті  ұлттық сана мен сапалы біліммен айқындалмақ. Бұл орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарлап отырғандай, «әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты  факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында».  Олай болса,  Халықаралық ақпараттық техно­логиялар университетінің ғылыми әлеуеті «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасындағы мақсат-талап­тарды сапалы білім деңгейінде жүзеге асыруға, білім беру саласында ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға толық жетеді деп тұжырымдай аламыз.

 

Жанат СЕЙТЖАНОВА,

Халықаралық ақпараттық технологиялар

университетінің  ассистент-профессоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *