ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ШЕТ ЕЛ МҰРАҒАТТАРЫНДА ЖАТЫР

Қытай императоры – Кансидің ұрпағы, тарихшы Айсиньгёро Кайхе  мырза Пекин архивінде 10 миллионнан астам, Тайвань архивінде 3 миллион 800 мыңнан астам манчьжур тілінде жазылған, қазақ тарихына қатысты құжаттардың бар екендігін мәлімдеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінде «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өткен  бұл  кездесуге факультетіміздің жетекші ғалымдары, оқытушылар, студенттер мен магистранттар және докторанттар қатысты. Құрметті қонақтары қатарында Бонн университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет мырза да болды.

Кездесудің кіріспе сөзін алған Қазақ­стан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Берекет Бақытжанұлы «халқымыздың тәуел­сіз Қазақстан Республикасы атты мемлекет құрып, ұлттың азаттығын сақтай білуі бүгінде қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттің шынайы да танымды тари­хын жазып, келер ұрпаққа жеткізе білу де соншалықты маңызды екендігін» атап өтті.

Тарих — ұлттың жады. Танымды тари­хы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Ал бұл тұрғыда отандық тарих ғылымының алдында атқарылар істің мол екендігін, ғасырлар бойы тағдырдың тауқыметті қасіретін бастан кешкен қазақ халқы бүгінде өз тарихының тереңіне үңіліп, ақтаңдақ беттерін қайта қалпына келтіруде. Осы тұста деректерді тарих ғылымының талаптарына сай: жинау, жүйелеу, саралау, тасқа басып жариялау және деректанулық талдаудан өткізу арқы­лы өзінің объективті тарихын жазу мүм­кіндігіне ие болып, тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Осыған орай, бұл кездесудің де маңыздылығына тоқталған  Берекет Кәрібаев,  Қытай архивтеріндегі, соның ішінде Пекин, Тайвань архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты деректер жайлы сөз қозғағанда,  Айсиньгёро Кайхе мырзаның осы салада білікті маман екендігін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Жапонияның Рицумейкан университетінің аға ғылыми қызметкері, Айсиньгёро Кайхе қазақ тари­хына қатысты Пекин архивінде 10 мил­лионнан астам, Тайвань архивінде 3 мил­лион 800 мыңнан астам манчьжур тілінде жазылған құжаттардың бар екен­дігін мәлім­деді. Олардың мазмұны өте бай. Хро­нологиялық тұрғыдан 1792–1911 жылдарды қамтиды.

Архив құжаттары қатарында патшаға жазылған хаттар, елшілік, дипломатиялық қатынастар, көрші мемлекеттен келген өкілдер жайлы құжаттар және аңыз-әңгімелер негізінде жиналған деректер бар. Мұндағы торғауыттарға, Шыңжаң тарихы­на қатысты материалдарда,  қазақ-жоңғар қатынастары, қазақ тарихына қатысты мол мұра сақталған. Әсіресе, көңіл аударарлық құжат – 1783 жылғы Цинь патшалығы мен Қазақ хандығы арасында жасалған ресми дипломатиялық байланыс орнату туралы құжат болып табылады.

Айсиньгёро Кайхе мырзаның айтуы бойынша, 2012 жылы Пекин мұрағаты Цинь патшалығына қатысты мұрағат дерек­терінің каталогын жариялаған. Аталған катологта қазақ халқына қатысты құжаттардың тек 1% ғана тізімделген, ал өз зерттеушісін күтіп жатқан 99% архив деректерінің әлі де болса шаң басып жатқандығын мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында отан­дық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпал­дастықта бола отырып, «Архив–2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынған болатын. Осыған орай, алыс-жақын елдер­дегі Ұлы Дала тарихына қатысты мұрағат құжатта­рына іргелі зерттеулер жүргізу, осы бір жау­һар­ларымызды ғылыми айналымға енгізуді ертеңге қалдырмай қолға алуымыз қажет.

Кездесу соңында құрметті қонаққа алғысымызды білдіріп, естелік сыйлықтар берілді. Болашақта ғылыми бағытта тығыз байланыс орнатып, күншығыс еліндегі құнды құжаттарды зерттеуде өз көмегін аямайтындығын білдірген Айсиньгёро Кайхе мырзаға сәттілік тіледік.

М.Қ.ДАУЫТБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Тарих, археология және этнология

 факультетінің доценті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close