ҚАЗАҚТАР ТАҚЫМЫНЫҢ МЫҚТЫ ЕКЕНІН КӨРСЕТТІ

Осы дүйсенбіде Алматы қаласы іргесіндегі Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылындағы «Байсерке» атшабарында (ипподром) биылғы Жастар жылы аясында ұлттық спорт түрлерінен Жастар арасындағы І Азия чемпионаты тұңғыш рет тұсауын кесті. 

Сөйтіп, алғаш рет өткізіліп отырған бұл жастар арасындағы І Азия  чем­пионатында барлығы 10 елдің командасы бақ сынады. Атап айтқанда, олардың арасында Қазақстан, Венгрия, Ауған­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркия, Малайзия, Ресей мен Қытай елдерінің спортшылары болды және жеребе тарту нәтижесінде олар А және Б топтарына бөлінді.

Атап өтетіні, алғашқы  бәсекелер көкпардан Моңғолия мен Тәжікстан, сосын Ресей мен Қытай және Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары арасында өтіп,  бұл ойындардың бәрі де өте тегеурінді басталды. Мысалы, олардың ішінде әсіресе, бірінші бәсекеде ҚХР Іле-Қазақ автономиялы облысының «Қазанат» командасы мен Ресейдің Алтай өңірінде құрылған «Көкбөрі» командасының кездесулері аса тар­тысты өтіп, ойын 10:1 есебімен «қаза­натшылар» пайдасына шешілді. Сондай-ақ, алғашқы ойын нәтижесінде Моң­ғолия – Тәжікстан кездесуі 2:0 болып, ал Қазақстан мен Өзбекстан көкпар­шы­лары арасындағы бәсеке 13:2 есебімен қазақтардың пайдасына шешілді.

Әрине, ойындардың барлығы қан қыздыратындай өте тартысты өтті. Онда әсіресе, қазақ көкпаршылары ерекше көзге түсіп, көкпар ойынының  қыр-сырын шебер меңгергендерін көрсетті. Сонымен қатар, Моңғолия команда­сының бесінші нөмірлі шабуылшысы Асқар Азамат 25 келілік серкені шең­берге 6-минутта-ақ дөп тастап, алғаш рет ұйымдастырылған Жастар ара­сындағы чемпионаттың тұңғыш салымы­ның авторы атанып, есімі жарыс тарихына енді. Міне, аса тартысты өткен көкпаршылар жарысы барысында мұндай қызықты жағдайлар өте көп болды деп айтуға әбден болады.

Сонымен, дүбірлі додадағы көкпар бәсекесінің соңғы қорытынды күні де жақындап қалды. Бұл ретте әр ойын­дардың 10 минуттық үзілістерінен соң көкпар тартушы сайыпқырандар кере­мет тартысты ойын өрнегін көрсетіп бақты. Әсіресе, Моңғолияның Баян­өлгей аймағынан келген жас өрендер көкпардың нағыз шеберлері екендерін байқатып, Ресейден келген бозымдарды 5:3 есебімен жеңіп кетті. Сөйтіп, моңғолдан келген жастар керемет ойын үлгісін көрсетіп, екінші топ саналатын  Б тобындағы жастар арасында көкпар ойынының ақтық сынына өтті.

Ал бірінші А тобында көкпардан тақымдары әбден шыңдалып, өздерінің басқалардан әлдеқайда мықты екендерін ерекше танытқан қазақтың жас көкпар­шылары өзбек  жастарын 13:2 есебімен, одан кейін 10:3 есебімен ауған жастарын тізе бүктірді. Сөйтіп, көкпаршылары­мыз нағыз тақым талдырар тарлан спорттың  ақтық сайысына жолдаманы жеңіп алды. Нәтижесінде екі топта жеңіске жеткен Қазақстан мен Моңғолия жастары 21 сәуір күні І Азия чемпионатындағы көк­пар бәсекесінің жеңімпазын анықтау үшін өзара сынға түсетін болады. Атап өтетіні, бұл өтіп жатқан Жастар чем­пионаты екендігі белгілі. Сол себепті, жарысты ұйымдас­тырушы Қазақ елі басқа мемлекеттер­ден келетін ойыншы­лардың жас мөлшерін 25-ке дейін ұзарт­қан болатын. Өйткені, біздің еліміз үшін ұлттық ойын­дарымыздың өзге елдерде де дә­ріптелуі басты мәселе болып танылды.

Жалпы, ұлттық спорт түрлерінен жастар арасындағы бірінші Азия чемпионаты көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату секілді төрт түрлі спорт түрлерінен өтіп, өзара мықтыны анықтады.

Төлеген ЖӘКІТАЙ,

ҚР Ұлттық қауымдастығының қызметкері,

Құттыбек АЙМАХАН,

«Алматы ақшамы» газетінің тілшісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close