Қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен генералы

Ахмет Әділовтің есімі ескерусіз қалмаса екен

«Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

    Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы: «Өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – деген болатын. Ал қазақтың ғылыми-техникалық интеллигенциясының әйгілі өкілі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Әділов туған жерінің ғана емес, тұтас халықтың қамын ойлаған абзал азамат. Елінің өркендеуі жолында жан аямай еңбек еткен жанның бойынан азаматтық, әділеттік және қайраткерліктің үлгі-өнегесін көруге болады. Олай болса, Сыр өңірінің тумасы, қазақ жерінен шыққан тұңғыш тау-кен ісінің генералы Ахмет Әділовке лайықты құрмет жасалып жүр ме?

Ахаңның балалық, жастық шағы алмағайып заманда өткені рас. Ол 1912 жылы Жаңақорған ауданына қарасты «Асаршық» елді-мекенінде (бүгінгі «Құттықожа» ауылдық округі) дүниеге келген. Қаратау сілемдерінің қойнауындағы байлық бала Ахметтің арманын қанаттандырған. «Алтын да, күміс те, басқа да талай қазына бар шығар бұл таудың қойнында! Бірақ соны қалай іздеп табу керек, тапсаң, қалай қазып алу керек?» деген ойлардың жетегінде жүрген ол сұрақтарының жауабы білімде екенін түсінеді. «Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығарсың» деген, жас жігіт 1933 жылы Мәскеудегі И.Сталин атындағы тау-кен институтына түсіп, 1939 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Сол кезеңдегі әйгілі қайраткерлер Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұловтар Ахметтің жоғары білім алуына көмектесіп, қамқор қолын созады.

Ол алғашқы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы, Зырянов кенішінде инженерліктен бастайды. Жас инженер кеніштегі партия ұйымының хатшысы да болады. 29 жастағы талапшыл, жауапкер­шілігі мол А.Әділов Ұлы Отан соғысы басталардан бір ай бұрын, яғни 1941 жылдың мамыр айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің түсті металлургия бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Соғыс оты тұтанғанда өндірістер, шаруашылықтар соғыс жағдайына бейім­деліп, жауды жеңуге жұмылдырылды. Елдің орталық облыстарынан эвакуацияланған өнеркәсіптерді қабылдап, орналастыру, жаңа кен орындарын ашу, олардың аса қысқа мерзімде өнім шығаруын, өнімді дер кезінде майданға, қару-жарақ шығаратын зауыттарға жөнелтуді қамтамасыз ету сияқты толып жатқан ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар, жұмыс қолын табу, кадр іріктеу шараларын Ахаң абыроймен атқара білді. Аса жауапты қызметте ол қайраткерлік қырымен, терең білімімен көпке танылды.

1943–1950 жылдары Ахмет Әділов Шығыс Қазақстан облыстық партиялық комитетінің түсті металлургия жөніндегі хатшысының орынбасары, Шемонаиха мекеніндегі Николаевск полиметалдық руда басқар­масының директоры, КСРО Министр­лер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік тау-кен істерін бақылау бас басқармасының қазақстандық Кен істері округінің бастығы болғанда да қиянатқа бой алдырмай, әділет жағында жүрді.

Қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен генералы Ахмет Әділұлы Әділов Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстанның Жергілікті және отын өнеркәсібі министрі, республика­мыздың Халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ахмет Әділұлы ширек ғасыр республикамыздың Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты болып сайланып, 11 жыл бойы Жоғарғы Кеңестің Жоспарлау және қаржы-қаражат жөніндегі тұрақты комиссия­сына төрағалық етті. СОКП ХІХ–ХХІІІ съездері­нің делегаты да болды.

Мемлекет үшін жауапты да маңызды лауазымды қызметтер атқарғанынан-ақ оның ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің, парасат-пайымының биік болғанын бағамдауға болады. «Ахмет Әділұлын өз заманының аса көрнекті менеджері болды десек, ол әбден орынды айтылған болып шығар еді», – дейді экономика ғылымы­ның докторы Талғат Әбдіразақов.

А.Әділовтің атап өтер айрықша қасиеті –жарамсақтықты жаны сүймейтіндігі. Ол әрдайым турашылдығымен айналасында­ғыларды тәнті еткен. «Әкемнің аты – Әділ. Мен сол Әділдің баласы бола тұра, қалай әділетсіз болмақпын. Олай болуға азамат ретінде қақым жоқ» дейді екен. Расында, мемлекеттік дәрежедегі ақыл-ой иесі Ахаң бұқараның бақыты мен баянды тірлігі үшін саналы ғұмырын сарп етті. Сөздің емес, істің адамы болды.

«Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті» (Міржақып Дулатұлы) деген ұстанымды ұстанатын Ахмет Әділов Дін­мұхамед Қонаевпен, Жұмабай Шаяхметов­пен, Нұртас Оңдасыновпен, Қаныш Сәтпаевпен, Әлкей Марғұлан, Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды азаматтармен сыйласып, ел мүддесі үшін тізе қосып қызмет етті.

Сонымен қатар, А.Әділовке қазақ ұлтында тұңғыш рет «Тау-кен генералы» (1949 жылы) деген дербес берілгенін де мақтанышпен айтамыз. Оның ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен үш мәрте (1957, 1966, 1971 жылдары) марапат­талды. Қарағанды облысының және Алматы қаласының Құрметті азаматы атанған Ахаң 87 жасында, 1999 жылы дүниеден озды.

Осындай озық ойлы азаматтың өмір жолын жерлестеріне қысқа-нұсқа таныс­тыруымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені, Ахаңның ересен еңбегі туған өлкесі – Сыр өңірінде соңғы жылдары ғана бағалана бастады. Былтыр Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентіндегі №86 орта мектепке Ахмет Әділұлының есімі берілді. Алайда, әлі күнге дейін білім ошағына аты берілгендігі жөнінде салтанатты шара өткізілмеген. Бұған қоса, мектеп ғимараты бүгінде іші мен сыртқы келбеті күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан Жаңа­қорған ауданының 90 жылдығында елін сүйген ер елеусіз қалмай, есімі берілген білім ордасының жөндеу көргені және салтанатты жиын өткені жөн болар еді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған кентінде тұңғыш тау-кен генералының атына көше берілсе, нұр үстіне нұр. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп Елбасы айтқандай, біз айтқан халықтың өтініш-тілегі ескерілсе, кезінде Шалқия кенішін ашуға да атсалысқан қайраткер Ахмет Әділовке жасалған құрмет қана емес, өскелең ұрпаққа өнегелі тұлғаны танытатын ізгілікті іске айналары хақ.

Шағын ғана ауылдан шыққан зерек баланың мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтеріліп, министр, бірінші хатшы, халық депутаты болып үлкен ілтипатқа ие болуы кімнің де болса назарын аудармай, бейтарап қалдыруы мүмкін емес. Сондықтан тау алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, Отан үшін, мемлекет үшін, ел иігілігі үшін адал еңбек етуге құлшына кірісіп, беріле тер төккен Ахмет Әділұлының тұлғасы да уақыт өткен сайын асқақтай түсетініне шүбәміз жоқ.

 

Жанкелді ЫСҚАҚОВ,

Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close