Қазақтан шыққан тұңғыш штурман-ұшқыш

Екінші дүниежүзілік соғыстың белгісіз парақтары мен оның сын сағаттағы нәтижелері әлі де сарапқа салынуда. Жеңістің 74 жылдығын атап өтіп жатсақ та, бейбіт өмірге орала алмаған сан мыңдаған жауынгерлердің опат болған жерлері табылып, кезінде қолы жетпеген марапаттары ұрпақтарына табысталуда. Соғысқа қазақстандық 1 млн. 800 мың ұл-қыз қатысты. Олардың бәрі ұлы ерліктің үлгісін көрсетті. 500-ге жуық қазақстандық Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Солардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш штурман ұшқыш Плис Нұрпейісов. Бүгін біз редакциямызға хабарласып, өзінің ой-пікірімен бөліскен батырдың туған бауыры Жүсіпбай Нұрпейісовпен болған әңгімені ұсынып отырмыз.

 

Оның шын аты – Біліс болған

– Жүсіпбай аға, алдымен әңгімемізді батырдың туған ортасымен танысудан бастасақ. Себебі, оның туған жері мен есіміне байланысты халық арасында түрлі пікірлер бар…

– Өмірі жарқын өткен жан ешқашан да өлмек емес. Олардың өшпес өнегесі адам­дардың жүрегінде нық орын алған. Жалпы, біздің үлкен атамыз Сыр бойының Қазалы топырағынан шыққан. Ал өз әкеміз Нұр­пейіс те 1888 жылы осы өңірде дүниеге келіпті.

Анамыз Жағал­бай­лының Біліс руының ортасында 1919 жылы босанып, қол-аяғын бауырына алғасын ата-қонысқа оралыпты. Содан дүние есігін ашқан балаға Біліс руының аты беріліпті. Біліс атауы осы өңірдегі кішкене өзеннен шығады екен.

Біліске «Туу туралы куәлік» Төрткүл қаласында беріледі. Қала ол кезде Петро-Александровский деп аталған. Құжат толтырушы орыс азаматы Білістің атын өздеріне ыңғайластырып, Плис деп тол­тырып, туған жерін – Петро-Алексан­дровский деп жазып жіберіпті. Ол кезде кеңселерде қағаз толтырушылардың барша­сы басқа ұлттардың өкілі болуынан көпте­ген қателіктерге орын берілді. Ол кезде Қарақалпақстан Қазақстанға қарайтын.

 

Тұңғыш штурман

– Міне, ақиқатқа енді жеттік. Біліс ағамыз әскерге қай жерден шақырылды?

— 1933 жылы Біліс бір жылда екі оқу орнын бітіріп, Өзен-су транспорты техни­кумына оқуға түседі. Екі жылдан соң оны бітіріп, «Альбатрос» жолаушылар тасы­малдау кемесі капитанының көмекшісі қызметіне орналасады. Шағын кеме Әмудария бойында орналасқан елдерге қатынайтын. Сөйтіп жүргенде 1934 жылы Төрткүлде Қарақалпақстан мемлекеттік мұғалімдер институты ашылып, 1935 жылы Біліс осы институттың Физика-математика факультетіне оқуға түседі. Осы жылдары мен де мектепке бардым. Мені мектепке апарып, алып қайту Білістің міндеті. Институттың үздік студенті ретінде Біліс Мәскеуге саяхаттап та қайтады.

Біліс оқуын бітіріп, қалалық дәрігерлер училищесінде физика-математика сабақ­та­ры­нан дәріс береді. 1939 жылдың күзінде Украинаның Запорожье облысына қарас­ты, Мелитополь әскери-әуе училищесіне оқуға түседі. Әскери ұшқыш-штурмандар дайындайтын училищенің оқу мерзімі үш жыл екен. Соғыстың басталуына байла­нысты оқу мерзімі 1 жылға қысқартылып, Біліс «Пе-2» бомбалаушы ұшаққа отырып, Сталинградты қорғауға қатысады. Алғаш­қы соғыста-ақ, ауыр жарақат алады. Иркутс­кідегі әскери-госпитальда алты ай емделіп, Бурят-Моңғол автономиялық Республикасындағы Тайтурка әскери-ұшқыш орталығында тәжірибеден өтеді.

1943 жылы ол қайтадан соғысқа жібе­ріледі. Бұл жолы ол Бас қолбасшылықтың резервіндегі алыс қашықтыққа ұшып, барлау жасайтын №47-әуе полкіне алына­ды. Осы барлау полкінде ол өмірінің соңына дейін қызмет етеді.

– Ағамыз алыс қашықтыққа ұшып, әскери стратегиялық нысандарды суретке түсірудің қас шебері болған көрінеді?

– Қазақстандықтар негізінен батыс Украинаны, батыс Белоруссияны азат ету соғысына қатысып қана қоймай, кеңес-фин, Халхин-Голдағы соғыстарға да бел­сене араласты. Өкінішке орай, осы мәселе нақты зерттелмей қалды. Оны енді кейінге қалдыра тұрайық та, негізгі тақырыпқа көшейік.

Ұшқыш-штурман деген кім? Ол жау шебінің үстінде ұшып жүретін адам. Онда сен ешкімге көрінбеуің керек. Жаудың үстінде ұшып жүріп, олардың орналасқан жерін анықтап, санын, қандай әскери құралдары барын зерттеп, анықтауың керек. Жаудың үстінен бақылап, нақты мәліметтерді әскери басшылыққа жеткізуің қажет. Фото айғақ жаудың орналасқан нүктесіне оқ жаудыруға болатын бірден-бір факты. Ал түн баласын жамылып «тіл» әкелу қашан да оңай болмаған.

Құрамыда ұшқыш Дунаевский мен Біліс мінген экипаж Батыс және үшінші Бела­русь майданында алыс қашықтыққа 100-ден астам барлау жасап, жауынгерлік ерлік­тері үшін екі «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» және «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Соғыстың соңғы жылында олардың экипажы  Германия аспанынан шықпай қойған. Шығыс Пруссияның Кенигсберг, Тильзит қаласының үстінен 8 рет ұшып, қаланың қорғаныс жүйелерін, өндіріс сала­ларын суретке түсіруде үлкен ерлік көр­сеткен. Осы ерлігі үшін Біліс Әуе қорғаныс жүйесінің бас маршалы Новиковтың қолынан сыйға қол сағатын алған.

Жалпы, Батыс Еуропаның экономика­лық қуатын басқыншылық мақсаттарына бағындырған Вермах қолбасшылары барлау немесе бомбалау ниетімен ұшып келе­тін ұшақтардың бірде-бірін кері қайтармаудың барлық амалдарын қарас­тырып, оған кінәлі қорғаныс басшыларын ату жазасына кесіп отырған. Әуе кеңіс­тігінде жасалатын әрбір ұшырылым жан­кештілік ерлік деп саналған. 1945 жылы Шығыс Пруссия мен Померания аумақта­рынан шегініп бара жатқан жау колонна­ларына шабуыл жасап, 2 эшелонын өртеп, 50-ден астам офицері мен жауынгерін жойып жіберген. Осы ерлігі үшін 1945 жыл­дың 5 сәуірінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Осы жылдың 23 сәуірінде төртінші рет барлауға шық­қанда, тура Берлин қаласының үстінде Біліс мінген ұшақ атып түсірілген. 1945 жыл­­дың 18 тамызында оған қаза тапқан­нан кейін Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.

 

Ковпакты тасыған

– Батыр атағы белгісі кімге және қашан тапсырылды?

– Ол кезде анамыз Әлпеш бар болатын. Соғыс аяғы басылып, ел бейбіт өмірге араласа бастағанда Мәскеуден КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Н.Шверник қол қойған Грамота келді. Грамота анамызға тапсырылды. Ол қазір менің қолымда.

– Сонда «Алтын жұлдыз» медалі мен Ленин ордені қоса тапсырылды ма?

– Жоқ. Мен ол туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Саяси Бюроға, Қорғаныс минис­трі Гречкоға хат жаздым. Алғашқы екеуі­нен жауап болмады, Қорғаныс министрлі­гінен жан-жақты түсіндірілген хат алдым. Ереже бойынша «Алтын медаль» мен Ленин ордені атақ берілген адамның өзіне ғана жеке тапсырылатын көрінеді. Ол отбасы мүшелеріне берілмейді, ал «Отан соғысы» ордені отбасына тапсы­рылады екен. Менің қолымнан келгені сол, жоғары әскери басшылыққа, архивтерге жазып жүріп, бұрын алынбаған екінші «Отан соғысы» орденіне қол жеткіздім.

Орталық архивтермен көп жұмыс жасадым. Әскери басшылықтың батыр атағына ұсыну кезіндегі ағама берген ұсыныс-хаттарын, мінездемесін жинадым. Олардың ішінде тұңғыш екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Грицев атындағы қордың бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстары назар аударарлықтай. Сол кездегі ұшқыштар туралы Қордың жинаған құжаттарында Біліс Нұрпейісов туралы жан-жақты мағлұматтар бар.

– Біліс ағамыз әскерде жүріп елге демалысқа келіп кеткен көрінеді ғой?

– Иә, ол 1944 жылы елге демалысқа келіп кетті. Сол сапарында маған басын­дағы ұшқыш шлемін сыйлады. Демалысқа өзінің әскери ұшағымен келіп кетті. Сол тұста Қарақалпақстан автономиялық республикасының 20 жылдығы өтіп, ағамыз сол мерекеге қатысты. Демалыста 5-6 күн болып, туған-туыстарды аралап, мауқын басты.

– Ағамыз соғыс кезінде партизан құрама­сының командирі атақты Ковпакпен де кездескен көрінеді?

– Кездескен былай тұрсын, Ковпакты жау тылынан құпия алып шығып, Мәс­кеуге бірнеше рет апарып келген. Сондай күндердің бірінде немістер ұшағын атып түсіріп, екі күн қалың орманның ішінде адасып жүріп, партизандардың қолына түскен. Ковпактың тануымен өлімнен әйтеуір аман қалған кездері де болыпты.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *