Қазақта махаббат күнi болған ба?

«Валентин күнi» қазаққа керек пе?!» (10 ақпан,

2011, №15-16 (4418) деген мақаланы

талқылаймыз

Бүгiнгi таңда жастарымызды елiктiрiп-желiктiрiп Батыс өз идеясын тықпалауда. Жастарымызды бiреуi Иеһоваға жетелесе, екiншiсi Кришнаға сүйрейдi. Ал 30-қазан күнгi түндi «Хеллоуин» дегендер шайтанның кейпiне кiрiп, ата-бабасынан қалған мейрамдай тойлайтын болып жүр. Бұлар аз болғандай, 14-ақпанды «Әулие Валентин күнi», «Махаббат күнi», «Ғашықтар күнi» деген сылтаумен (католик шiркеуi молдасының өлген күнi) тойлауды әдетке айналдырдық.

Санасы уланған жастардың рухсыз, отансыз болып өсетiнiн жақсы бiлетiн олар қаржыларын аямауда. Қармағына iлiнiп, бұл күндi тойлайтын қазақтардың саны жылдан-жылға артып келедi. Әсiресе оңы мен солын ажыратып бiлмейтiн жастар арасында қарқынды дамуда. Бара-бара бұл жастар шоқынып та кететiн шығар.

14-ақпан болса жастар «Әулие Валентин күнi», «Ғашықтар күнi» деп жiк-жапар болады да қалады. Оның үстiне бұл күн таяғанда базарларда да «Валентин күнiне» арналған открыткалар қаптап кетедi. Бағалары да онша қымбат емес. Соңғы жылдары бұндай открытка шығарушылар да қуланып алған. «Әулие Валентин күнi» деп жазбайды. Тек қана «Ғашықтар күнi» деп жазып, балабақша жасындағы қызбен ұлды сүйiстiрiп қояды. Бұл – жастардың санасына жастайынан сiңiре берудiң амалы. Мысалы, 1-қаңтарды «Жаңа жыл» деп балабақшадан бастап тойлаймыз. Бұл күн негiзiнен Иса пайғамбардың туған күнi. Европалықтар бұл күндi «Рождество» деп өз атымен айтып тойлайды. Ал Кеңес өкiметi одақтағы мұсылмандарға да тойлатып, мәңгүрттендiру үшiн «Жаңа жыл — Новый год» деп зымияндықпен, өңiн айналдырып атап тойлатты. «Рождество» десе көптеген мұсылман республикалары тойламайтынын бiлдi. Оның есесiне «Наурызға» мүлде тиым салды. Қазiр осының жемiсiн көрiп жүрмiз. 1-қаңтар болса жыл басы ретiнде тойлау санамызға сiңiп кеткенi сонша, оны тойламау күнәдай көрiнедi. «Әулие Валентин күнiн» де жастарға сiңiрiп, «Жаңа жыл» секiлдi сананы улау үшiн «Ғашықтар күнi» деп өңiн айналдырып атап, бiраз жастарымыз алданып та жүр.

Дегенмен де қазiр алғашқы жылдай емес. Саналы жастарымыз бұл күннiң мән-мағынасын түсiнiп  тойлаудан  бас  тарта бастады. «Болашақ»  жастар ұйымы «Валентин күнiн» тойламауға үгiттеп, акциялар өткiзiп жүр. Бiрақ үгiт-насихат мемлекет деңгейiнде өткiзiлмесе, өз нәтижесiн бермейдi. Бұл күндi тойлауға тиым салатын заң керек.

Мысалы, бiр американдық көшеде сiздi байқамай қағып кетсе жiк-жапар  болып, кешiрiм сұрайды. Аяғыңызды басып кетсе бет орамалымен сүртiп беруге дайын. Iстiң мән-жайын бiлмейтiн адам, «американдықтар недеген мәдениеттi, недеген iзеттi» деп ойлайды. Оларды «мәдениеттi» қылып тұрған Американың заңы, әрi оның мiндеттi түрде орындалуы. Қағып кеткен адам кешiрiм сұрамаса, зардап шеккен кiсi сотқа шағымданады. Сот қағып кеткен адамға үлкен айыппұл салады, әрi сотқа сүйреп есiн шығарады.

Түрлi секталар мен «Әулие Валентин күнi», т.б. қазақтың салт-санасына, дiлiне жат ұйымдардың iс-әрекетке тиым салатын заң шығарып, ол мiндеттi түрде орындалса бәрiн тиюға болады. Әйтпесе бұлар қазақтың iшiне жегi құрттай кiрiп алып, түбiнде өз дегендерiне жетiп, елiмiздi де, жерiмiздi де, байлығымызды да оңай иемденедi.

Қазақ қауымында да «Махаббат күнi» сияқты күн болған. Ол – 21-наурыз. Бойжеткен өзiнiң сүйген жiгiтiне қол орамалын, жүзiгiн т.б. заттарын немесе «Ұйқыашар» беру арқылы жүрек сырын бiлдiрген. «Ұйқыашар» – бұл тағам. Қыз жеңгелерiнiң араласуымен жасалып, жiгiттерге ұсынылады. Бозбала да сүйген қызына осы күнi көңiлiн бiлдiрiп, «Селт еткiзер» (айна, тарақ, иiссу, иiс сабын, қол орамал т.б.) сыйын берген. Осылайша қазақтың қыз-жiгiттерi бiр-бiрiне деген сезiмдерiн инабаттылықпен жеткiзе бiлген. Батыстың бас салып сүйiсiп, тоңқаңдап төсекке жүгiретiн азғын махаббатынсыз-ақ отбасын құрып, ұрпақ өсiрген.

Менiң пiкiрiм, жаңадан күн белгiлемей-ақ, ата-бабаларымызға ежелден таныс – 21-наурызды «Махаббат күнi» ретiнде қабылдап, жастардың көңiлiне орнықтырсақ нұр үстiне нұр болар едi.


Назрахмет  ҚАЛИ,

зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *