Қазақ-түркi әдеби байланысының алтын арқауы

Байланыс және ақпарат министрлiгi Ақпарат және мұрағат комитетi «Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару» бағдарламасы бойынша танымал журналист, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Мәдениет қайраткерi Орынбек Жолдыбайдың «Баспалар үйi» АҚ-нан жарық көрген «Академик Р.Бердiбай зерттеулерiндегi түрiкшiлiк сарындары» атты кiтабы ғұлама ғалымның шығармашылық қызметiнiң бiр ғана саласы – түркi халықтары әдебиетiнiң ежелгi дәуiрден бастау алатын сабақтастығы мен қанаттастығын жан-жақты зерделеуге арналыпты.

Қазақ-түркi әдеби байланыстарының қомақты жүгiн арқалаған, дарынды ғалымдардың бiрi, саналы ғұмырын халқының ағартушылық қызметiне арнаған, кешегi кеңестiк кезеңде талай зобалаңды басынан кешiрген Рахманқұл Бердiбай – қазақ тiлiн дамытудың, ұлттық мектептердi көбейтудiң, халық ауыз әдебиетiн тәрбие құралына айналдырудың, егемендiгiмiздiң iргесiн бекiтуге септiгiн тигiзер мәселелердiң бел ортасынан табылған ұлтжанды азамат. Автор бұл еңбегiнде қазақ-түркi әдеби байланыстарына арнап жазған ғылыми еңбектерiнiң сырына үңiлiп, ғалым шығармаларының тiлдiк, стильдiк ерекшелiктерiне кеңiнен тоқталды. Салыстырмалы әдебиеттану ғылымында Рахманқұл Бердiбай зерттеулерiндегi қазақ-түркi әдеби байланыстары тұңғыш рет кең ауқымды тұтас зерттеу объектiсiне айналып, жан-жақты қарастырылған. Автордың түркi әдебиетi мен мәдениетiнiң байланысы туралы ой-толғамдарындағы сабақтастық мәселелерi ғылыми тұрғыдан байыпталды. Р.Бердiбай түркi халықтары әдебиетiнiң классиктерiн зерттеушiлердiң бiрегейi ретiнде танылады. Ғалымның түркi халықтарына ортақ ескерткiштердiң көркемдiк әлемi жайындағы пайымдаулары жан-жақты дәлелденедi. Түркiтанушының қазақ-түркi әдебиетiндегi көркемдiк, тақырыптық, идеялық бiрлiк туралы зерттеулерiндегi негiзгi принциптерi анықталады. Оның қазақ-түркi байланысы туралы ой-толғамдарындағы сабақтастық мәселелерi ғылыми айналымға алғаш рет енгiзiлiп отыр.

Қазақ-түркi әдеби байланыстарының Р.Бердiбай зерттеулерiндегi басты бағыттары, көркемдiк құбылыстар, әрбiр қаламгер мен туындының бiр-бiрiне ұқсастығы мен айырмашылығы, авторлардың өзiндiк қолтаңбасы мен өрнегi сияқты және басқа сауалдарға нақты жауаптар табуға, ғылыми тұжырымдар түюге, ғалымның қазақ-түркi әдеби байланыстарын дамытуға қосқан үлесiн зерделеуге Орынбек Жолдыбайдың ерекше ден қойғаны байқалады.

Қанат ӨТЕСIН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *