Қазақстанның Франциядағы қоңыр күзі

Жамбыл атындағы Қазақ филармониясы жанындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің Франция жеріндегі өнер турнесі үлкен абыроймен аяқталды.

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

Оркестр Францияның оңтүстігіндегі Монпельенің ең әдемі ұлттық опера театрында және Каннадағы әйгілі Мирамар залында екі концерт беріп қайтты.

Бұл айтулы турне Франциядағы Қазақстан елшілігі мұрындық болған «Франциядағы Қазақстан күзі» деп аталған бағдарламаға енді. Сонымен қатар, бұл гастрольдік сапар  екі ел арасында орнаған стратегиялық ынтымақ-достықтың 10 жылдығына арналды.

Француз көрермендері қазақ музыка фольклорының тамаша үлгілерін сақтап қана қоймай, қазіргі мәнерлеу аспаптары мен оркестрдің тембр мүмкіндігіне сәйкес келетін туындыларды өңдеп, жетілдіріп ұсынып жүрген «Отырар сазының» шығармашылық әлеуетіне ризашылықпен қол соқты. Олар әйгілі қазақ және француз әуендеріне тәнті болды. Оркестрдің Бас дирижері Динара Тілендиева өзінің дарынымен, қолында ойнаған нәзік таяқшасының сиқырымен-ақ өнер сүйер қауымды баурап алды. Оркестрдің солисі Фархат Кубиевтің зор дауысына риза болған француздар оны қошеметпен қайта-қайта сахнаға шақыра берді.

Франция көрермендері домбыра мен қобыздан басқа, қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, қоңырау және басқа да саз аспаптарынан төгілген ерекше әуендерден сайраған бұлбұл құстың үнін, жапан далада ұлыған қасқырдың дауысын, желдің уілін, тіпті ат тұяғының дыбысын да естігендерін айтып жатты дейді өнерпаздар. Концерттен соң олар арнайы сахнаға көтеріліп, дирижерға, әншілерге, музыканттарға және осындай әдемі демалыс сыйлаған ұйымдастырушыларға да алғыстарын жаудырып, Қазақстан деген әуезді елді білуге құштарлықтары оянғандарын білдірген.

Қазақ дейтін рухани бай елді әлемге танытып жүрген «Отырар сазына» сәттіліктер тілейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close