ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАРДЫҢ ҚАРЖЫСЫ РЕСЕЙГЕ КЕТІП ЖАТЫР МА?

2733Бұл туралы жақында өткен Қазақстан БАҚ нарығын дамыту мәселелері жөніндегі «Медиа Құрылтай-2014» атты VІІ конференцияда жан-жақты айтылды.

Құттыбек АЙМАХАН 

Қазір теледидарды халқымыздың барлығы дерлік көреді десек, қателеспейміз. Бірақ, бүгінде телеарналардағы қызықты хабарларды тұшынып көруге бір жағдай кедергі келтіретінін бәріміз білеміз. Ол – жарнамалар. Көріп отырған хабардың ең қызықты жеріне келгенде кенеттен жарнамаларға үзіледі де, олар қызығушылығымыз басылғанша беріліп тұрады. Әсіресе, бұл қызықты кинофильмдер көру барысында көп орын алады. Тіпті, қазір жарнамалар кешкі жаңалықтардың өзін үзіп тастайтын болып жүр.

Әрине, бұл барлық телеарналардың күнкөрісінен туындаған мәжбүрлік. Олай дейтініміз, қазіргі жарнамалардың әр минуты миллиондаған теңге пайданың көзі. Ал бұл ретте оларда қандай жарнамалардың берілетіні, бұл – басқа әңгімеге жүк. Біз қазір оларда кілең шетелдік өнімдер жарнама­ланатынын айтпасақ та түсінеміз.

Жалпы, көпшілігіміз телеарналарда қандай мәселелер туындап жатқанын, қазақстандық электронды ақпарат құралдарының қандай күй кешіп отырғанын біле бермейміз. Біздің білеріміз – көрермендер қызықты хабарлар мен телефильмдер көріп, жұмыстан кейінгі уақытын босқа өткізбесе болғаны. Осы орайда үстіміздегі жылы қазақстандық арналардың 16 пайыз көрерменін жоғалтқанын біреу білсе, біреу білмес. Ал оған, яғни, жарнама бюджетіне биылғы жылғы ақпан айындағы теңгенің құнсыздануы алдымен айтарлықтай соққы болып тиді. Мысалы, «31 канал» ТРК ЖШС-нің бас директоры Бағдат Қожахметовтің айтуынша, жыл басындағы теңге бағамын түзету жағдайынан кейін телеарналардың жарнама көлемі 150 млн. АҚШ долларынан 117 млн. АҚШ долларына дейін төмендеп кеткен.

Сонымен қатар, теле­арна­лардың жарнама бюджеттерінің төмендеуіне елі­мізде дәрі-дәрмек­терді жар­нама­лауға тыйым са­лынуы да бір­шама зала­лын тигізіп, соның сал­дарынан теле­арналар биыл 4 млрд. теңгедей зардап шеккен. Ал бұл ретте айтып өткен жөн, Қазақ­стан аумағында хабар тарататын ресейлік теле­арналарға мұндай тыйым салу тала­бы қол­даныл­майды екен. Сон­дықтан да жарнама беретін негізгі фармацевтикалық компаниялар қазіргі таңда елімізде көрсетілетін осы ресейлік телеарналарға кеткен. Бұдан бөлек, бұрындары жыл сайын қыркүйек айында теледидар көрушілер қатары күрт өсіп кететін. Өйткені, жазғы демалыстардан оралған көпшілік телекөрермен қауым үйреншікті үрдісте «көк жәшіктің» алдына жатып алып, өз құмарлықтарын басып алатын. Ал биылғы жылы қыркүйекте сол үйреншікті телеаудитория теледидар алдынан табылған жоқ немесе көп жағдайда олар ресейлік арналарға ауыса берді. Сөйтіп, тағы да қазақстандық телеарналар өз көрермендерінің біраз бөлігінен айрылып қалды.

Оның үстіне, шынымызды айтуымыз керек, еліміздегі телеарналарға қойылатын қайсыбір талаптар да көрермендердің көптеп ресейлік телеарналарға қарай бұрылуына мәжбүр етуде. Мысалы, үстіміздегі жылдың басынан бастап телеарналардағы қазақ тілі үлесінің өсірілуіне байланысты және оған қойылатын талаптардың күшейтілуі себебінен – бұған дейін теледидар жаңалықтарын орысша көруге дағдыланған көпшілік телекөрермен қайтадан ресейлік телеарналарға бет бұрған. Бұл ретте қазақстандық телеарналарға қазақша қызықты бағдарламаларды көбейтіп, жұртты өздеріне қарай көптеп тарту бағытындағы жұмыстарды күшейткен жөн-ау деп білеміз.

Әрине, мемлекеттік тілге көбірек мән беретін телеарналарды Үкімет барынша қолдауы тиіс. Әйтпесе, қазіргі таңда Ресей телеарналары қазақстандық әріптестерінің қаржыларын молынан қарпып әкетіп жатқаны көзге анық көріне бастады. Соның салдарынан осы күндері қазақстандықтар ресейлік телеарналарға және олардың күнделікті көрсететін хабарларына тәуелді болып барады. Оның үстіне қазіргі жүргізілген рейтингтерге сүйенсек, көпшілік көрермендерді бүгінде саясаттан гөрі, негізінен, ойын-сауықтық бағдарламалар мен шоулар көбірек қызықтыратыны байқалады. Бұл ретте көгілдір экрандағы «екі-үш адамның» әңгімесін некен-саяқ қана, оның өзінде жасы келген көрермендер көрмесе, негізгі аудиторияны құрайтындар түрлі сериалдар мен концерттік немесе ойын-сауық бағдарламаларын тамашалауды жөн көреді екен.

Міне, сондықтан да біздің мемлекетімізге Қазақстандағы қауіпсіздіктің негізгі көзі – ақпараттық қауіпсіздікке мән бере қарау қажет. Ал бұл дегеніміз – телеарналардың жұмысын жетілдіруге барынша қолдау көрсету деген сөз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *