Қазақстандықтардың айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді

Қазір еліміздегі айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асып тұр. Бұл ретте биыл миллионнан аса қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша айыппұлдары мен өсімпұлы кешірілген. Бұл жайлы таяуда Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы ұйымдары әдіснамасы мен реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Прези­дентінің азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Жарлы­ғына сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан кепілсіз тұтынушылық несие алған ел азаматтарының айыппұлы мен өсімпұлы кешіруге жатқызылды. Ал Сәлімбаевтың айтуынша, айыппұл мен өсімпұлы кешірілген азаматтар­дың саны қазір 1 млн. адамнан  асады екен. Осы ретте ол елордада өткен брифингте: «Айыппұл­дар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асады. Соған орай, Ұлттық Банк мұның 30 пайызын, яғни 10 млрд. теңгесін өтейтін болады. Ал қалғаны екінші деңгейлі банктер есебінен жабылатын болады. Бұл ретте барлық айыппұлдар мен өсімпұлдар да кешірілді», – деді.

Атап өтетіні, бұған дейін Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары, қар­жы министрі Әлихан Смайылов 5 млн. қазақ­стандық азаматтың айыппұл­дары мен өсімпұлдары есептен шыға­рылатынын айтқан еді. Ал қазір ол бұл кепілсіз тұ­тынушылық несиелер бойынша айып­пұлдар мен өсімпұл­дардың жалпы сомасы 48 млрд. теңгеге жуықтағанын айтып отыр.

Осы орайда әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың несиелері осы тамыз айының соңына дейін өтелетін көрінеді. Ал бұл тізімге  қазақстан­дық­тардың  500 мыңнан астамы еніп отыр екен. Бұл ретте несиенің жалпы сомасы биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн. теңгеден аспауы керек. Міне, сонда ғана мемлекет бір адамның 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызын жауып бере алатын болады.

 Әлеуметтік топқа кіретіндер:

  • көпбалалы отбасылар;
  • асыраушысынан айырылуына орай төлем алатын отбасылар;
  • мүгедек балалары, 18-ден асқан бала жасынан мүгедектері бар отбасылар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатындар;
  • жетім балалар;
  • ата-анасынан кәмелет жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.

Бұл бағыт бойынша қарыз сома­сы 100 млрд. теңгені құрайды екен. Негізі,  қазақстандықтардың несиесі республи­калық бюджет есебінен өтеледі.

Дайындаған — Қ.АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *