ҚАЗАҚСТАН ӨЗІНІҢ БОКС ДЕРЖАВАСЫ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

18074 қазанда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан спортшылары 84 медальмен жалпы командалық есепте төртінші орын алды. 

84 медальдің 28-і – алтын. Бұл – жеке мемлекет ретінде Азиадаға қатыса бастаған кейінгі 20 жыл бедеріндегі Қазақстан спортының ең үздік, рекордтық көрсеткіші. Бұған дейінгі жеткен жетістік, межелеген биігіміз – 1994 жылғы Хиросима (Жапония) жарыс алаңдарындағы 25 алтын болатын.

1808Азиаданың кейінгі екі күнінде спортшыларымыз 8 алтын жеңіп алды. Олардың екеуі – каратэшілер Андрей Ақтауов пен Гүзәл Ғафурова болса, қалған алтауы – боксшылар. Былтыр Алматыда өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 2 күміс, 2 қола алған, Азия чемпионатында 7 бірдей алтынды иеленген қазақ былғары қолғап шеберлері бұл жолы да жанкүйер қауымның жанын рахатқа бөледі. Жеті боксшымыз финалда өнер көрсетті, бәрі де шешуші бәсекеде өте шебер жұдырықтасты. Шаршы алаң иесі – корей боксшысы Чон Хун Шинге бүйрегі бұрған төрешілердің көзжұмбайлығы салдарынан тамаша боксшы Біржан Жақыпов (49 келі салмақ дәрежесі) күміс жүлдені місе тұтуға мәжбүр болды. Ал басқа алты боксшымыз қарсыластарынан басым түсіп, Азия Ойындарының жеңімпазы атанды.

Жарыстың он бесінші күніндегі жеңістердің салтанатты шеруін 52 келі салмақ дәрежесіндегі Ілияс Сүлейменов бастап берді. Ол өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировты жеңді. Сосын жанкүйер қауым «Қазақтың еншісіндегі салмақ» деп атап кеткен 69 келідегі Данияр Елеусінов ерледі. Ол өзіне дейінгі Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев секілді ағаларының жеңіскер дәстүрін жалғастырар нағыз батыр екенін дәлелдеді. Бокстан Азия құрылығындағы жетекші орындарға көтерілуден дәмелі Өзбекстан елінің тағы бір мықтысы – Исраил Мадримовтан айқын басым түскен Данияр Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы болды.

1809Былтыр Алматыда ұйымдастырылған әлем чемпионатында жарқырай көзге түскен жас талант Жәнібек Әлімханұлының жұртшылықты шебер қимылымен әбден тәнті еткені сондай, ел енді әр бәсекеде одан жеңіс күтетінді шығарды. Тіл-көзіміз – тасқа, Құдайға шүкір, әзірге Жәнібек үмітіміздің үдесінен шығып келеді. Бұл жолы да ол, ашығын айту керек, иорданиялық қарсыласы – Әдел әл-Хиндауиді айқын басымдықпен жеңді.

Кейінгі жылдардағы жарыстарда Әділбек Ниязым­бетов алтын жүлдеге қол созым жерде сүрініп кетіп, үнемі күмісті ғана олжалап, жолы болмай жүрді. Әсіресе, спортшының Лондон Олимпиадасы мен 2013 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктері өте өкінішті еді. Қу тілді спорт журналистері тіпті оны Әділбек демей, әзілге сүйеп «Күмісбек» деп атауды әдетке айналдыра бастаған-ды. Инчхон шаршы алаңында шиыршық атқан сол Әділбек 81 келі салмақ дәрежесінде өз қарсыластарына «күн көрсеткен жоқ». Финалда жергілікті боксшы Хен Кью Кимге де бас көтеруге мұрша бермеді. Әдетте шаршы алаң иелеріне келгенде ұйымдастырушылар мен төрешілер тым көңілшек келетіні бар. Бұл жолы Әділбек оларға «ары тарт та бері тарт» жасауға мүлде мүмкіндік қалдырған жоқ. Анық жеңді.

1810Күрес түрлерінен біздің балуандар үшін нағыз қияметтің қыл көпірінен кем болмаған Иран спортшылары бокстағы ауыр салмақтарда да Қазақстан өкілдерімен күш сынасты. Балуандарымызды құрақтай жапырып келе жатқан ирандықтардан жүрегіміз шайлығып қалғандықтан шығар, 91 келі салмақ дәрежесінде Антон Пинчуктен де, ең ауыр салмақтағы Иван Дычконың жеңісінен де үмітті болғанымызбен, көгілдір экран алдында, Данияр мен Жәнібекке сенгендей, еркін отыра алмағанымыз анық. Бұған қоса аталған жігіттеріміздің Лондон мен Алматыдағы сәтсіздіктері де көңілге күдік ұялатқаны рас. Алайда, боксшыларымыз жарады. А.Пинчук қарсыласы Әли Мазахериден, ал И.Дычко алып денелі Хасем Делавариден басым түсіп, алтын жүлдені иеленді.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бокс құрамасы 1-орын алды. Бұл дода «Қазақстан – әлемдегі ірі бокс державаларының бірі» деген пікірді әбден орнықты ете бастады.

1811 Ел спортының қоржынын жарыстың соңғы күндерінде күміс медальмен толықтырғандардың қатарында жеңіл атлетикадан қыздар құрамасы (4х400 метрге эстафеталық жүгіру), каратэшілер Ринат Сағындықов, Екатерина Хуповец және Сабина Захарова, сондай-ақ таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев бар. Қоржынымызға қола қосқандардың арасынан гандболдан қыздар құрамасын, регбиден қыздар құрамасын, көркем гимнастика құрама командасын, таэквондошы Қайрат Сарымсақовты, боксшы Қайрат Ералиевті және каратэші Халид Халидовты атап өтуге болады.

Жалпы 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Инчхонда өткен Жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 28 алтын, 23 күміс және 33 қола жүлде олжалады.

1812

Әзірлеген – Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *