ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ СЫЙҒА ТАРТТЫ

Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына қос бірдей су жаңа темір тұлпарды сыйға тартты. Бұл ретте Президенттің тапсырмасын орындауға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Алматыға арнайы келді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен мемлекет әркез жазушыларға қолдау білдіріп, қоғамдағы шығармашылық орта мен ұдайы  жасампаздық рухты қалыптастыруға қамқорлық жасап келе жатқанын айтқан Аида Балаева көлік кілтін іргелі ұйымның төрағасы Ұлықбек Есдәулетке салтанатты түрде табыстады.

–       Ақындарымыз бен жазушы­ларымыз өзінің қалам қуатын ұлт игілігіне, мемлекет тәуелсіздігін тұғыр­лы етуге арнады. Талай игі бастама­ларға серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі жүзеге асуына, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа жеткізуде олар ауызбіршілік таныта білді. Тиісін­ше мемлекет те әдебиет пен өнерді ұдайы қолдап келеді. Өткен жылы ғана «Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасы аясында ел тарихында тұңғыш рет әдебиетіміздің проза және поэзия жанрындағы іргелі туындылары БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Олардың әрбірі кемінде 10 мың тиражбен жарық көріп, әлемнің жетекші университеттерінің кітапха­на­ларына тегіс тарады, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, ол қазақ әдебие­тінің бүгінгі жай-жапсарына, әдебиет­тің атқарар зор міндеттеріне аз-кем тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық өкілдерінің ел үшін атқарған жұмыстарын жоғары бағалайтынын жеткізді. Қазақстан Жазушылары тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің көркеюіне, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің нығаюына зор септігін тигізгенін ерекше атап өтті.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы талай ұлылардың ұлағатты мекеніне айналып, солардың табан ізінің табы қалған қасиетті ордасы екенін тілге тиек еткен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:

– Әрдайым мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Күні кеше ғана Жазу­шылар одағына қарасты Шығарма­шылық үйі қайта жасақталып, шипа­жайға айналды. Ұлт әдебиетіне жаса­ған қамқорлығы үшін Қасым-Жо­март Кемелұлына зор алғысымызды білдіреміз, – деді.

Салтанатты жиынға қатысқан барша одақ мүшелері де Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, бұл оларға алыс-жақын аймақтардағы көптеген шаруаны оңтайлы реттеуге көмек көрсететінін жеткізді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *