ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ: Ақиқат пен БОЛАШАҚ

Рахман АЛШАНОВ, Тұран университетінің  ректоры, э.ғ.д., профессор

Тәуелсіздік жылдары  Қазақстандағы  демографиялық жағдай  бірнеше кезеңді бастан өткерді. Алғашқы  жылдарда   тұрғындардың бір бөлігі елден көшіп кетті. Олардың басым бөлігі  болған келімсектер тарихи отандарына қайта  бастады. Осы кезде  бала туу  төмендеп, адам өлімі көр­сет­кіші   көбейді. Нәтижесінде  негативті фак­торлар кешенінің  әсерінен, Қазақстан халқының саны күрт төмендеп,  2,1 мил­лион адамға азайды. 1993 жылы  елде халық саны 16,98 миллион болса, 2001 жылы  14,8 миллион адам ғана қалды. Республика халқының саны қайтадан   16,91 миллионға дейін жетіп (2013 жыл), қалпына келуі үшін,  арада  20  жыл керек болды.

Кестеден көріп отырғанымыздай, өңірлерде  1989–2018 жылдар кезеңінде халықтың өсуі жағынан  көшбасшы  – Астана қаласы (366,4  %)  алда келеді. Үздіктер   төрттігінің  арасында,   сондай-ақ,  Маңғыстау облысы (203,7  %), Алматы қаласы (160,7 %), Атырау облысы (146,2%) бар. Халық өсімінің жоғары көрсеткіші  Алматы  облысында (122,0%), Қызылорда   облысында (121,4 %), Оңтүстік  Қазақстан  облысында (120,9%)  байқалады. Ал Ақтөбе (117,1%), Жамбыл (107,6%), Батыс Қазақ­стан  (102,8%), Қарағанды (102,4%)  облыс­тары орташа көрсеткішке қол жеткізсе,  Қостанай (71,6%), Шығыс Қазақстан (71,6%), Павлодар (80,1 %), Солтүстік Қазақстан (93,1 %) облыстары  аутсай­дерлер сапында тұр.

Ақмола  облысы халқының  динами­касын есепке алған кезде 1989 жылы  астананы Ақмолаға көшірудің алдында  облыс пен қала мәліметтері бірге есептел­генін  назарға алған жөн. Егер  Ақмоланың (болашақ  Астана)  тұрғындарының санын  есептен шығарып тастайтын болсақ, онда  1989–2018 жылдар аралығындағы өсім мен  кему  пайызы  53,4 %  болады. Сондай-ақ,  облыс елді-мекендерінің бір бөлігі  Астана қаласының аумағына  өткенін де  есепке алған жөн. Бұл да  облыстағы халық санының динамикасына әсер етті.

2000–2018 жылдардағы кезеңде  Қа­зақстан халқы санының өсімі 3,3 мил­лионға жеткенде, Алматыдағы  халық  саны 671,1 мың адамға, Астанада – 643,7 мың адамға, Алматы облысында  460,2 мың адамға, Маңғыстау облысында – 345,1 мың адамға өсті.

Соңғы он сегіз  жылда  мына өңірлерде  жоғары өсім  байқалды: Оңтүстік Қазақ­стан облысында – 194,1 мың адам, Қызыл­орда облысында – 184,6 мың адам, Ақтөбе облысында – 180,0 мың адам, Атырау облысында – 179,0 мың адам, Жамбыл облысында – 131,1 мың адам. Ал Батыс Қазақстан облысында  осы кезең ара­лығында басқа өңірлерге қарағанда өсім төмендеу болғанын  (32,7  мың  адам) айта кеткен жөн.

Осы кезеңде  алты өңір бойынша тұр­ғындар саны азайған. Оған себеп – адам­дардың  Ресей Федерациясына, Украинаға және Беларусьқа үздіксіз  қоныс аударуы. Мәселен,  Солтүстік Қазақстан облысында  соңғы 18 жыл ішінде  халық саны  154,8 мың адамға, Шығыс Қазақстан облысында – 133,1 мың, Қостанай облысында – 113,2 мың, Ақмола облысында – 60,3 мың, Пав­лодар облысында – 36,0 мың, Қарағанды облысында – 10 мың адамға азайған екен. Яғни осы жылдарда, әсіресе солтүстік және шығыс өңірлерде, тұрғындар саны  507,4 мың адамға кеміп кеткен. Ал 29 жылға шақсақ, бұл цифр  858 мың адамнан асады.

Бұл мәліметтерге сүйенсек, көші-қонның  ең көп – 79,05  пайызы  Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының еншісінде. Жоғарыда айтып өткеніміздей,  Ақмола облысындағы жағдай  ішкі миграцияға тікелей байла­нысты. Тұрғындардың бір бөлігі Астанаға көшкен  және  бірқатар елді-мекендер аумағы  астананың қарамағына өткен. Мұндай жағдай Қарағанды облысында да байқалады: 12 жыл бойы үздіксіз өсімде келе жатқан  тұрғындар саны  соңғы екі жылда азая бастаған – 2016 жылы  20 мың адамға, 2017 жылы 21,9 мың адамға кемі­ген. Павлодар облысында 2009 жылмен салыс­тырғанда  көшіп кету факторлары азайып кеткен. Бәлкім,  өңірде өндірістің күрт дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы  миграциялық көңіл-күйге оң әсер еткен болар.

Ресейдің  жаңа кӨші-қон  саясаты

Ресейде түрлі себептерге байланысты  күрделі демографиялық ахуал қалыптасты. Соңғы үш жыл – 2016, 2017, 2018 жылдар  бұл ел  тарихында   халық санының өсуі өте төмен кезең  (0,04 пайыз)  деп сипат­талып отыр.  2018 жылы  халықтың табиғи өсімі 168,3 мың адамға дейін кемиді деп болжап отыр   мамандар мен сарапшылар. Олар 228,4 мың адаммен толығуы тиіс сыртқы миграцияға үміт артатындарын жасырмайды. Басқа елдердің миграциялық қуаты да  осы деңгейден сәл жоғары десек болады. Алдағы жылдарға жасалып отыр­ған ұзақ мерзімді  болжамдар да көңіл көншітпейді. Мысалы, 2100 жылы  Ресей Федерациясы халқының саны  қазіргі 146,4 миллион адамнан 124,0 миллион адамға  азайып,  22,4 миллион  тұрғынға дейін кемиді деп күтілуде. Осыған орай 2018 жылғы 31 қазанда  2019–2025 жыл­дарға  Ресей Федерациясының  жаңа  мемлекеттік миграциялық саясатының  тұжырымда­масы  қабылданды. Бұл  жаңа, толықты­рылған тұжырымдамада   ресейліктер тара­пынан  елден тыс  мемлекеттерде өмір сүріп жатқан  отандастарына тарихи Отандары­на  көшіп келуге үндеу тасталған  және бұған құқықтық, әлеуметтік, экономика­лық  кепілдіктер берген. Азаматтық алу оңтайландырылып, кепілдіктер заңды  негізде қорғалған.

Жаңа миграциялық саясаттың басты  бағдарларының арасында  Білім беру  саясатына ерекше мән берілген. Ресейлік білім беру жүйесін интерұлттандыру  шетел­дік студенттерді белсенді  түрде тартуды мақсат етеді. Сондай-ақ,  мұның миграция­лық тиімділігі де бар – оқуға келген отан­дастарын  елде тұрақтандыру мақса­тын көздейді. Әсіресе, жастар ресейлік жоғары оқу орындарына жаппай шақырылуда, стипендиялар, жатақханалар, еңбекке орналастыру  бағдарларында көмек беріле­тіні – маңызды кепілдіктерінің бірі. Көп ретте  ресей мектептерін бітіретіндер саны­ның кемуінен  көршілес ел   осындай шаралар ұйымдастыруға  мәжбүр.

Ресей Федерациясы мектептерін бітірушілер динамикасы

Кестеге назар аударсақ, 2005 жылға қарағанда,  2018 жылы  Ресей мектептерін бітірушілер деңгейінің айырмашылығы  39,6 пайыз  болып отыр. Ал  абсолютті цифрға жүгінсек, кему деңгейі – 1098,9 мың адамды құрап отыр. Соңғы жылы  3,3 мың адамға аздаған өсім байқалғанмен, Ресей мектебінің алдағы онжылдықта  өткен кезеңдердегі өзінің апатты жағдайын қал­пына келтіре қоюы екіталай. Ал бұл олқы­лық   жоғары оқу орындары (ЖОО) талап­керлерінің  күрт азаюына әкеліп соғары сөзсіз.  Ресей жоғары оқу орындарындағы студенттер саны  2011-2012  оқу жылын­дағы 6,48 миллион адамнан, 2015-2016 оқу жылында 4,77 миллион  адамға дейін қысқарды.

2018 жылы  Ресей  жоғары оқу орын­дарына  жоғары білім берудің 350-ден астам бағыттары мен мамандықтарына: бака­лавриатқа – 315 мың бюджеттік орын, специалитетке – 75 мың, магистратураға – 208 мың, барлығы – 598 мың  бюджеттік орын бөлінді.  2018  жылғы қабылдау компаниясының қорытындысы бойынша Ресей жоғары оқу орындарына, бюджеттік орындарға  298 мыңнан астам адам түскен. Ресей Федерациясындағы студенттердің жалпы саны  4,3 миллион болды. Оның ішін­де: бакалавриатта – 3,03 млн., магис­тратурада – 0,51 млн., специалитетте – 0,7 млн., аспирантурада – 0,09 млн. адам.

Осындай жағдайларды бастан кешіп отырған ресейлік жоғары мектеп дәстүрге сай тығырықтан шығу жолын ойлап тапты. Басқа елдерден талапкерлер қабылдау саясатын ұстанып, тың  тәжірибені қолға алды. Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігінің  мәліметтеріне сүйен­сек, Ресей жоғары оқу орындарында 2015/2016 академиялық оқу жылында  237,5 мың шетелдік студенттер оқыса, оның 30,9 пайызы (!) қазақстандық жастар екен. Федералдық бюджет есебінен – 29 мың, келісім-шарт негізінде – 42,5 мың қазақстандық білім алуда. Қазақстандық студенттерге Ресей Федерациясының  452   мемлекеттік стипендиясы беріліп отыр. Осы ретте тағы бір айта кетерлік мәселе —  қазақстандық мектептердің  5,4 мың түлегі  Қазақстанның  бірнеше қалаларындағы  ресейлік білім беру ұйымдарына құжаттарын  тапсырған.

 

Ресей жоғары оқу орындарындағы

қазақстандық студенттер санының  динамикасы

2003-2004           2009-2010              2010-2011

10214                  14294                     16616

2011-2012           2014-2015              2015-2016

18862                   67000                     73455

 

Кестеге зер салсақ, 2003 – 2016 жылдар аралығындағы кезеңде  Ресей жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық сту­дент­тер саны 7,2 есе өскен. Ресейліктер  қазақ­стандық студенттерді  өздерінің негізгі азаматтары ретінде қабылдайтын сияқты. Өйткені, бекітілген ерекше преференция негі­­зінде қазақстандық студенттерге  Ресей азаматтығын алудың  оңтайланды­рылуы жастарды ынталандырудың бір жолы  екендігі сөзсіз. Және  мұндай жеңілдік тек қазақстандық студенттер үшін ғана жасал­ған.

Ресей Федерациясында  ресейлік жоға­ры оқу орындарында оқып жатқан  және  Ресейде қалуға ниет білдірген қазақстан­дықтар үшін азаматтық  алуға қатысты тамаша мүмкіндіктер жасалған.

Қазақстанның көптеген өңірлерінде қоғамдық негізде  жергілікті түлектерге  Ресей­де білім алу жөнінде кеңес беретін орталықтар жұмыс істейді. Республикалық славяндық «Лад» бірлестігінде бар  мәліметке сүйенсек,  мұндай көмек беру туралы өтініштер Қостанай, Көкшетау, Семей, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Алматы тұрғындарынан  жиі түседі екен. Өтініш берушілердің   85  пайызы  – орыс­тар, қалғандары – этникалық қазақтар. Бұлар  «білім беру миграциясын»  Ресейге шет елдегі отандастарды, оның ішінде – пассионарлық тұлғалы жастарды  тартудың өте тиімді жолы ретінде қарастыру керек әрі қажет деп санайды. Олардың басым  бөлігі   уақыт өте келе  тарихи отанында қалуға мүдделі.

Әрине, бірінші кезекте, әсіресе, шек­араға жақын  өңірлердегі  орыстілді тұр­ғындардың  қоныс аударуы әлі де жалғаса береді деген ойдамыз. Қазақстандағы демографиялық  жағдай үшін  тәуекелді  аймақ –  әлі де солтүстік облыстар. Мәсе­лен, 18 жылда қоныс аударудың жыл­дық орташа  көрсеткіші 28 мың адам болса,  2018 жылдың  бес айында ғана  Қазақ­стан­нан 40 мыңнан астам адам көшіп кеткен екен. Бұл дабыл қағатын  жағдай. Тұтас поселкелердің  қаңырап бос қалуы, кадр тапшылығы  бұл мәселелерге ерекше назар аударуды қажет етеді. Жағдайды  тұрақ­тан­дыру және дұрыс жолға қою үшін  бірқатар белсенді кешенді шараларды қолға алған жөн. Біріншіден, тұрғындардың жаппай көші-қонын тоқтату үшін оларға барынша жақсы жағдай жасау қажет. Екіншіден, ішкі және сыртқы миграция есебінен олардың шығындарының орнын толтыру.

 

Қазақстанның  ашық  кӨші-қон  саясаты

Қазіргі жағдайға орай  Қазақстанның  миграциялық саясатының дұрыстығы  мен   қаншалықты ашықтығы туралы мәселелер күмән  туғызатыны сөзсіз. Бұл сала біздің тарапымыздан қисықтау көрінеді әрі  бұрмаланғандай әсер қалдырады.  Біздің  еларалық қоныс ауыстыру  туралы түсінігі­міз шектен тыс  саясилануымыздың  нәти­жесі болар. Ресейдегі демографиялық жағдай­дың ушығуы  оның миграциялық саясатының өзектілігін өршіткенін түсінген абзал. Қазақстаннан миграциялық  дүмпу­ді ұйымдастыру мақсатын көздейтін  ресейлік көзқарастың сипатына назар аударған жөн. Ресейлік сарапшылардың көпшілігі  біздің елдеріміздің арасында қалыптасқан  тұрақты қарым-қатынастың, оның бейілді сипатының маңызын атап өтеді. Олар  отандастарына  тарихи отаны­на қайту үшін ыңғайлы, жайлы жағдай жасауға ұмтылыс  біздің елдеріміздің  ара­сын­дағы достық қарым-қатынасқа зиянын тигізбейді деп есептейді және  осы ұста­нымға  сенеді. Біз де  бұл мәселені  тұрақ­танып келе жатқан жәй  дерек қана деп  емес,  болашақтағы  шынайы  нақтылық деп қабылдағанымыз дұрыс.

Бұдан шығатын жол қандай? Меніңше, біздің еліміз, тиісті министрліктер мен меке­мелер  түйеқұс сияқты басын құмға тығып, халықтың бір бөлігінің  көші  туралы  ұяңдықпен, қымсына сөз  айтудан гөрі, ашық түрде  шынайы  миграциялық саясатты  дайын­дап, жүзеге асыруы тиіс.  Бұл саясат  көшке қарсы бағытталмауы керек, ол  көшке берілетін  өтемақы  сипатында  болуы керек.

Сыртқа қоныс  аударушылардың орнын толтыру үшін  қолға алынып жатқан ішкі миграциялық шаралар әзірге жеткілікті дәрежеде нәтиже бермей отыр. Айырма­шылық жер мен көктей. Егер  сыртқа жарты миллионнан астам адам қоныс аударса,  елдің оңтүстігінен солтүстік облыс­тарына көшіп барғандар саны  саусақпен санарлықтай. Студенттердің  барлық тұрмыс­тық жағдайларын жасап, жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін,   оңтүстік аймақтардан солтүстік облыстарға  көші­руді мақсат еткен  «Серпін» бағдарламасы  жоғары тиімділік көрсете алмады.  Орал­мандарды  солтүстік өңірлерге қоныстан­дыру бастамасы да  қолдан жасалған кедер­гілердің салдарынан  өзін-өзі ақтамады. Сонымен,  статистикалық  мәліметтерге жүгін­сек, бір жағынан,  солтүстік өңір­лердің «жалаңаштануы» өршіп бара жатса, екінші жағынан, бұл өзекті мәселені оң шешуге бағдарланған  шараларды көз­дейтін бағдарламалар ойдағыдай нәтиже бермей отыр. Демек, бұл бағытта  жалпы­ұлттық кешенді миграциялық бағдарлама қажет деген сөз. Түйінді мәселені шешетін  сенімді, шынайы қадамдар керек. Меніңше,  сыртқа қоныс аударушылар көбейген аймақтардағы  демографиялық жағдайды терең әрі мұқият зерделеп, сараптама  жасаған жөн.

Елімізде  дәл осындай мақсат-міндет­терді шешуге бағдарланған  көптеген мемлекеттік, салалық бағдарламалар бар. Мәселе  сол мақсат-міндеттердің  қоныс аудару ауқымымен   сәйкессіздігінде болып тұр. Осы орайда  тәуекел аймақтарда қосымша  фермерлікті дамыту, қолданыс­тағы кәсіби бағдарламалар бойынша  кадрлар даярлау көлемін ұлғайту арқылы  еңбек ресурсын толықтыру, «Серпін» бағ­дарламасын мұқият  жүргізу, «Дипломмен – ауылға»  мақсатты бағдарламасына қаржы­лық көмек көлемін ұлғайту, «Нұрлы жер»  бағдарламасының бірқатар бөлімдерін қайта бағдарлау, оралмандарға арналған квота­ларды, инфрақұрылымдық бағдарла­ма­ларды және басқаларды  көбейту шара­лары қолға алынуы керек. Жалпы, бұл  ұзақ мерзімді бағдарлама  кем дегенде,  саны 1 миллион  адамнан асып кеткен  көштің орнын қайта толықтыруға  көмектесуі тиіс.

 

Шынайы Өмір күрделі шешімдерді талап етеді

Қазақстан аумағы  бойынша  тұрғын­дар санының  бөлінісіне назар салсақ, бұл мәселенің шешімі, жұмыс күші көп шоғыр­ланған  еліміздің  оңтүстік және батыс өңірлері халқының бір бөлігінің қоныс аударуын ұйымдастыруға  байланысты болмақ.  Бірқатар сарапшылар  бұл аймақ­тар халқының климаты басқа жерлерге   қоныс аудара қоймайтын менталитетін алға тартады. Расында да, қазақтар еліміздің жалпы халық санының  67,5 пайызын құрап отыр десек, бұл көрсеткіш аймақтар бойынша әр түрлі. Мысалы, Қызылорда облысында – 96,2 пайыз, Атырау облысында – 92,4 пайыз, Маң­ғыстау облысында – 90,8 пайыз, Ақтөбе облысында – 82,4 пайыз, Астана қала­сында –  78,1 пайыз, Батыс Қазақстан облысында – 75,9 пайыз, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысында – 72,9 пайыз, Жамбыл облысында –  72,4 пайыз, Алматы облысында –  71,8 пайыз.  Бұл жерде  халық санының өсімі байқалады, мұнда  жұмыс күшінің әжептәуір қоры бар. Демек, ментальдылықты ескеру –  ішкі миграциялық, қоныс аударушылық саясат­тың мақсаттылығын қамтамасыз етеді.

Тұрғындар санына шаққанда қазақ­тардың үлес  салмағы Шығыс Қазақстан облысында – 60,0 пайыз, Алматы қала­сында – 59,5 пайыз, Қарағанды облысында – 51,3 пайыз, Ақмола облысында – 51,0 пайыз. Аталған   өңірлер тұрғындарының өздерінің де  көшіп кетуге деген  ықылас-тәуекелі басым болғандықтан, бұл  аймақтар қоныс аударушыларға  қалқан  бола алмайды. Қостанай (40,2 пайыз) мен  Солтүстік Қазақстан (34,8 пайыз) облыс­тарында да осындай жағдай.

Ресей Федерациясының ТМД  елдеріне қатысты миграциялық саясаты  бірінші кезекте, жоғарыда атап өткеніміздей, орыстілді тұрғындар көп шоғырланған жерлерге  бағытталған.  Біздің елімізде орыстар жеті аймақта  көп шоғырланған. Жалпы үлесі 19,8 пайыз десек те,  Сол­түстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш –  49,7 пайыз, Қарағанды облысында –  44,3 пайыз, Қостанай облысында – 41,3  пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 36,5 пайыз, Павлодар облысында – 35,8 пайыз, Ақмола облысында – 33,1 папйыз, Алматы қаласында – 26,1  пайыз. Бұл аймақ­тардағы  украиндықтардың, бела­русь­тардың  үлесі де жоғары.

Миграциялық көңіл-күйдің  деңгейін әсіресе осы өңірлерде мұқият зерделеп отыру қажет. Әрине, тым көп  қоныс аудару бола қоймас деген ой да бар, бірақ оны болдырмау үшін барынша  қажетті шаралар жүргізген дұрыс.  Елімізде, бұл ретте барлық ұлт өкілдерінің жайлы өмір сүруі үшін   барлық жағдайлар жасалған. Осы орайда тарихи отандарына қайтуға ниет білдірушілерге қолдан  кедергі жасаудың да керегі жоқ. Бұл олардың заңды, моральдық құқығы. Әрине, ол адам­дар бізге де керек. Олар Қазақстан үшін көп еңбек сіңірді, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында әлі де  көп еңбек сіңіретін болады.

Біз  өте нәзік, сезімтал қарым-қатынас­тар  әлеміне аяқ бастық.  Екі елдің көші-қон саясаты осы елдердегі тағдырлас, тари­хи тамырларымен біте қайнасқан  мың­даған адамдармен тығыз байланысты. Сондықтан да бұл мәселеге селқос,  нем­құрайлы қарауға болмайды. Шынайы өмір күрделі шешімдерді талап етеді. Бәрі тығыз үндестік пен үйлесімділікте, адами тұрғыда жүзеге асырылғаны абзал.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *