Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төраға болуға әдбен лайық

Қазақ елi 1991 жылдың 16-желтоқсанынан, яғни Тәуел­сiздiгiн алған күннен бастап экономика, сауда-саттық, мәдениет, денсаулық, iшкi саяси тұрақтылық, сыртқы саясат, бiлiм беру, т.б. салаларда үлкен жетiстiктерге қол жеткiзiп келе жатыр. Сөйтiп Қазақстан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың басшылығымен «Орта Азияның жарық жұлдызы» деген атаққа ие болып, атқарылған iшкi және сыртқы саясаттың арқасында әлем­дегi өзiне лайық орынға көтерiлдi. Бұл ретте Елбасының «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2020» және дәстүрлi әр жылы жарияланатын халыққа Жолдаулары Қазақстанның экономикалық-әлеуметтiк салалардағы даму iс-шараларының негiзi болып табылады. «Халықтардың достығы мен бiртұтастығы» және «Қоғамдық бейбiтшiлiк пен бауырластыққа» бағытталған iшкi-саяси ахуалы арқасында қазақ елiндегi ұлттардың қоғамдық өмiрiнде оңды бiрлiк және тiрлiк орнады.

Осыған орай, Қазақ мемлекетi бiлiм беру жүйесiнiң барлық деңгейiнде «Сапалы бiлiм – саналы тәрбие» бағытын ұстанып, оның жүзеге асырылуына, тәлiм-тәрбие, ғылым-бiлiм мекемелерiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға үлкен көңiл бөлiп келедi. Және бұл мақсатта атқарылған  iс-шараларға материалды және рухани қам­қор­лық көрсете отырып, елiмiз бiлiм беру жүйесiне көптеген өзгерiстер енгiзiп, нәтижесiнде елдегi бiлiм беру саласын «Жаһандану саясаты және «Ұлттық бiлiм беру жүйесi» негiзiнде, «Бiлiм берудiң жаңа жүйесi мен типтiк бағдар­ламасын жасау», «Бiлiм берудiң бүкiл әлемдегi үкiметтiк реформалардың алдыңғы қатарына шығару жөнiнде шешiмдер қабылдау», «Бiлiм беру сапасын 50 дамыған елдiң қатарында бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыруда», «Кәсiби бiлiм алу жүйесiн нығайтуда», «Жоғары бiлiм беру жүйесiне Болон процесiн енгiзуде» және т.б. халықаралық стандарттарға теңестiрдi.

Сондай-ақ, Тәуелсiздiк алғаннан кейiн халықтың ұлттық-рухани қажеттiлiгiн заңды түрде және бiлiм беру арқылы орындауға қазақ мемлекетi мен ел үкiметi үлкен көңiл бөлiп келедi. Осы тұрғыда: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi, Х.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетi құрамында «Фило­софия және дiнтану» кафедралары, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-де дiнтану мамандығы, Алматыдағы Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнде «Дiнтану» факультетi, «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениетi университетi ашылып, ҚР Мәдениет және туризм министрлiгi құрамында «Дiни iстер комитетi, соның iшiнде Алматы қаласы Дiни iстер департаментi мемлекеттiк мекемесi, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында медреселер құрылды және мектептердiң оқу бағдар­ламасына 9-сыныптар үшiн «Дiнтану» пәнiн енгiзiлiп, ана тiлiн (қазақша) үйрену және үйретуге мемлекеттiк бiлiм беру саясатында үлкен көңiл бөлiндi.

Осындай iстердiң арқасында қазiр жоғары оқу орындарындағы «Философия және дiнтану бөлiмдерi» мен Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнiң «Дiнтану» факультетiн және «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениетi университетiн бiтiрушi түлектерi дiнтанушылар ретiнде елiмiздiң әлеуметтiк, мәдени-рухани дамуына өз үлесiн қосуда. Сөйтiп, олар  осы заманның ғылым және бiлiмiне үйренумен қатар  дiни кертартпалық және асыра сiлтеушi түсiнiктер мен  зиянды дiни-философиялық ағым­дардың, миссионерлiк секталардың лаңкестiк әрекеттерiн ғылыми және мәдени тұрғыдан аражiгiн ажырата бастады. Осы ретте мысалы Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнiң «Дiнтану» факультетiнде оқитын студенттер жоғарыда айтылған бiлiм  алу мүмкiндiгiне ие болумен қатар, ой-өрiсiн жетiлдiру арқылы үш шет тiлiн, (ағылшын, араб және түрiк тiлдерi) меңгерiп, екi жылдай Түркияда оқып қайтты.

Қазiргi күнде Қазақстандағы жоғары оқу орындарының философия және дiнтану кафедралары мен факультеттерiнде (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де – 40, МКТУ-да – 45, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетiнде -30, Нұр-Мүбарак ислам мәдениетi университетiнде –150, Шет тiлдер және iскерлiк карьера университетiнде – 440) жалпы саны 700 шамасында студент тәлiм-тәрбие алуда.

Осы жетiстiктер Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығында елiмiздiң  1996 жылдан мүше болып келген Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуiне дайын және лайық екенiн көрсетедi. Бұл ретте Қазақстан Еуропа­дағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына  2010 жылы үлкен табыспен төрағалық етiп, бүкiл әлемге биiк халықаралық ұйымдарға төрағалық етудегi өз ерекшелiгi мен ұстанымын дәлелдедi.

Сабри ХИЗМЕТЛИ,

Шет тiлдер және iскерлiк карьера

университетiнiң ректоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *