Қазақшасы 30 пайызға жетпейтін арналар бар

ТІЛШІ ТАЛДАУЫ

14Сәкен СЫБАНБАЙ

Бүгінде қоғамдық санаға әсер-ықпалы орасан зор құралдың бірі – теледидар болып отыр. Ал осы сананы қалыптастырар «сандықтардың» талайының кілті мемлекетте емес, телеарналардың делбесін қағып отырған ат төбеліндей топтың қолында тұрғанда, әлгі әсер әсте жақсылықтарға жетелей бермейтіндей. Сондықтан да, әлі күнге беті бері бұрылмай жатқан арна қожайындарының арынын іркіп қою үшін мемлекет ойын тізгінін өз қолына алуға тиіс. Енді заң бұзушыларға жеңілдік болмайды

Апта басында Президент жанындағы Орталық комму- никациялар орталығында өткен брифингте мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көптің кө- кейінде жүрген осы мәселені қозғады.

– Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бар, – деді Мұхтар Абрарұлы. – Онда нақты заңдық норма көзделген, ол кез-келген электронды ақпарат құралындағы қазақ тілді контенттің үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп талап етеді. Бұл заңның күшін ешкім де жойған жоқ! Ол меншік түріне қарамастан, барлық БАҚ үшін ортақ. Бұл норманы біздің медиасалада жұмыс істейтіндердің және қадап айтамын – алда да жұмыс жасағысы келетіндердің бәрі еш бұлтарусыз сақтаулары тиіс, – деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, ол бүкіл телеарналардың басшыларымен екі рет кездесіп, кеңесіпті. Сонда осы талапты бұзып отырғандар: «Жағдайды 1 желтоқсанға дейін түзейміз», – деп сөз берген екен.

– Біз оларға әлденеше рет жеңілдік жасадық. Енді бар- лық заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылда- натын болады. Тіпті, лицензияны кері қайтарып алуға дейін барамыз. Бірақ, қайталап айтамын: егер заңды сақтайтын болса, ешкімді де жазалауға құштар емеспіз. Заңды сақтаңыздар, сонда біз ары қарай да шығармашылық тұрғы- дан бірлесе жұмыс жасаймыз! – деп мәлімдеді министр.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі телеарналарда қалыптас- қан ахуал дәл қазір сын көтермейтіні ақиқат. Отандық арналарда мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің сәл де болсын көбеюіне қаншама айтыс-тартыстан соң барып әрең қол жеткізгеніміз оқырманның жадында шығар. Оны айтасыз, «Қазақстан» ұлттық арнасының өзін кейінгі жылдары ғана әрең дегенде 100 пайыз қазақша сөйлете алған жоқпыз ба? Басқа арналардың көпшілігіндегі жағдай әлі сол баяғы күйде. «Тіл туралы» Заңның тиісті талабына (демек, қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюіне), сондай-ақ, «БАҚ туралы» Заңға қарсы топтар қарап қалған жоқ, міндеттелген мемлекеттік тілдегі хабарларды өз эфирінің түнгі бөлігіне ысыра салды. Бұдан кейін қазақ тілінің жанашырлары қалыптасқан ахуалды қанша реттегісі келгенімен, жеке арналардың тәулік мерзіміне сай түзілген бағдарламалық кестесінің әлі сеңі бұзылар емес.

Қазақты жапалақ, әлде үкі санай ма?

Рас, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекет қайтадан билік жүргізе алмайды, өйткені, нарықтық қатынастар заңына томпақ келеді. Алайда, бұл меншік иелерінің тым менменсіп кетуіне де апарып соқпауы қа- жет. Қажет кезде оларға қай мемлекетте өмір сүріп жатқандарын меңзеп отырғанның артықтығы жоқ. Кешегі мәдениет және ақпарат министрінің мәлімдемесі тап осы мәселеде енді бір ілгерілеу болатынынан үміттендіреді. Шынында да, заңды орындату үшін талап ету керек қой! Қашанғы бәріне көз жұма қарауға болады?

Дәл қазір заң талабын «Қазақстан» ұлттық арнасынан (100 пайыз) бөлек тек «Еларна» (71,4 %) және «Хабар» (54,2%) ғана орындап отыр. Басқа арналардың ешқайсысы бұл көрсеткіштерге жете алмай келеді. Бұған өткен апта- дағы, яғни, биылғы жылдың 4 — 11 қарашасы аралығын- дағы көрсетілімдерге сараптама жүргізген осы жолдар авто- рының көзі толық жетті. Мәселен, «Астана» арнасындағы қазақтілді бағдарламалардың үлес салмағы 48,8 % болса, «СТВ»-да – 43,7%, «КТК»-да – 29%, «7 ТВ»-да – 20,6%, «31 арнада» – 20,2%, «Таңда» – 19,5%, «НТК»-да – 17%, ал «Еуразия» арнасында небәрі 9,3%-ды құрайды!

Мұның бәрі – тұтас аптадағы жалпы көрсеткіштер ғой. Ал егер көсенің иегіндегі селдір сақалдай селтиген осы сирек қазақшаны әр күнге бөлер болсақ, онда, тіпті, ботадай боздарымыз анық. Себебі, әр күндік эфирлік уақытқа шаққанда, «КТК»-ның қазақ тіліндегі көрсетілімдері тәулік ішіндегі хабарларының 4/1-іне, «Таңда – 5/1-іне, «31 арнада» – 6/1-іне, «НТК»-да – 7/1- іне, ал «Еуразия» арнасында 8/1-іне тең!

Бұл не деген масқара?! Бұлардан заң талабын сұрамақ түгілі, министрдің өзі айтқандай, лицензияны бірден кері қайтарып алса да артық болмас еді. Тіпті, басқаларына нақты мысал болуы үшін біреуін расында да «құрбандыққа» шалған жөн бе әлде?

Мәселен, «Тіл туралы» Заңның 18-бабында: «Қажетті тілдік ортаны жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс», – делінген.

Яғни, заңда қазақша хабарлардың басқа тілдегі бағдар- ламалардың жалпы көлемінен кем болмауы ғана міндет- телген. Біздің «50х50» деп жүргеніміз – мүлде бекер сөз. Кемінде 50 пайыз болуы керек. Демек, артық болуы, тіпті 60, 70, 80, 90 пайызға жетуі – тіпті де заңсыздық емес!

Сосын, шынын айтайық, бұл арналардың бәрі дерлік мемлекеттік тілдегі хабарларды таңғы 6 мен 8 аралығына, сосын түнгі 1 мен 4-тің арасына қояды. Демек, жапалақ, әлде үкі боп кетпесе, сол аз-кем бағдарламаның өзін көріп жатқан жұрт шамалы болса керек. Ақыры, мемлекет осы іске бел шешіп кіріскен екен, заң талабын толығымен орындатқаны жөн. Мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің әр арнаның тәулік кестесіндегі орны реттеліп, негізгі бөлігі ел экран алдына жиналатын уақытта берілуін қамтамасыз ету қажет.

«Білім» мен «Мәдениет» бірігеді

Мұхтар Құл-Мұхаммед сондай-ақ «Білім» және «Мәдениет» арналарының біріктірілетінін атап өтті. Аталған арналардың рейтингі дәл қазір аса жоғары емес көрінеді. Дегенмен, білім мен ғылымды, мәдени-рухани байлықты насихаттау қашанда өздігінен қомақты табыс әкеле қоймайтын, қалың бұқараның назарын түгел аудара бермейтін ерекше сала болғандықтан, бұл арналарды мемлекет бәрібір өз назарында ұстайды. Екеуі қосылғанымен, көпшілікке ұнаған көзайым жобалардың басым бөлігі қалдырылады. Қос арнаның біріктірілуі 2014 жылдың басында «Хабар» агенттігінің аясында жүзеге аспақ.

Ал «24 KZ» және «KazSport» арналарының қазірдің өзінде жоғары рейтингке ие болып, көрермен ризашылығына бөленгенін тілге тиек еткен министр сонымен қатар бұрын «Каспионет» делінген, бүгінде «Kazakh TV» аталатын, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабар тарататын арнаның да қазіргі сипатта қалатынын айтты. Ол, негізінен, қазақ елін шетелдік көрерменге таныту мақсатын көздейді.

Мәдениет және ақпарат министрі қазіргі күні ел телеэкранын жаппай жаулаған түрік және корей сериалдарын сатып алуды тоқтату туралы да әңгімеледі.

– Әрине, олар арасында жақсылары да жетерлік, бірақ, біздің арналар солардың өнімінің соңына тым түсіп кетті. Олардың сериалдарын сатып алуға көп қаржы шығындалады. Біз жақсы білеміз: оларды трансляциялауға да мол шығын шығарылады. Нәтижесінде, мемлекеттің орасан зор қаражаты түрік, корей сериалдары өндірісіне инвестицияланады. Сондықтан бұдан былай түрік және корей сериалдарын сатып алуды тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Биылдан бастап, біз бірде-бір сериал сатып алмаймыз, – деген министр одан босаған қаржы отандық киноны дамытуға бағытталатынын мәлім етті.

Қазірдің өзінде «Қазақстан» мен «Хабар» 20-дан астам телехикаяны қолға алып жатыр екен. Оның бірі – баяғы «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») деседі. Бұл жолы оның аты да өзгеріп, «Астанада тоғысқан тағдырлар» («Перекресток в Астане») деген шартты атаумен түсірілмек.

Дұрыс қой, бірақ, ақыры айтылған соң, Ресей сериалдарын шектеу туралы да әңгіме қозғалмағаны өкінішті. Орыстың тек «братва» мен «жратвадан» тұратын криминалдық хикаяларынан гөрі корейдің нәзік лирикалық теленовеллалары әлдеқайда зиянсыз еді-ау деген ойда Суреттерді түсірген — Самат қалғанымыз рас…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *