ҚАЗАҚША БIЛМЕЙТIНДЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНСА

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақта қазақ тiлiнiң кез-келген ортада күнделiктi қатынас тiлiне айналатынын қадап айтып, тiлдiң қоғам өмiрiндегi маңызына тоқталды. Қазақ тiлiнiң барлық салада еркiн қолданылуы, ең алдымен, билiк басындағыларға, оны оқытатын оқытушыларға, сосын соны қолданысқа енгiзетiн тұрғындарға тiкелей байланысты екенiн айтқым келедi.

Бiрiншiден, кез-келген мекеме, ұйым, кәсiпорын басшысы мемлекеттiк тiлге жаны ашитын болса, қоластындағылардан сол тiлде қарым қатынас жасауды талап етiп отыруы керек деген көзқарасты жақтаймын. Себебi, қазақ тiлi – Ата Заңымызда «мемлекеттiк тiл» деп жазылған. Оның заңнамалық күшi басқа тiлдерге қарағанда басым. Дегенмен мемлекеттiк тiлдi меңгерген басқа ұлт өкiлдерiн марапаттап, ынталандырып отыру қажет. Және, керiсiнше, қазақша сөйлемейтiн, сөйлегiсi келмейтiн қызметкерлерге айыппұл салып, жалақысын кесiп тастап отыру керек. Қазақстандағы басшылықтың бәрi Премьер министр Серiк Нығметұлы Ахметовтен үлгi алып, жиын кеңестердiң бәрi қазақ тiлiнде өтсе деймiз. Шет елмен қарым қатынас қазақ тiлiнде жасалар болса, қазiр синхронды аударма көмегiмен кез-келген тiлдi аударуға мүмкiншiлiк те, әлеует те жетер едi.

Екiншiден, мемлекеттiк тiлдi оқытатын оқытушы – сол ұлттың бет бейнесi iспеттес. Қазақ тiлi маманы арқылы қазақтың ұлттық танымы қалыптасады. Сондықтан, бұл салаға өте жоғары жауапкершiлiкпен қарау керек. Кей жерлерде қазақ тiлi мамандарына басымдық та берiлуi керек. Себебi, әр сала маманы өз саласына қатысты iс әрекеттi бiлсе, қазақ тiлiнiң маманы тiл бiлiмiнiң саласын егжей тегжейлi бiлуiмен қоса, барлық кәсiби саланың терминдiк жүйесiн жетiк бiлуге де мәжбүр болады. Кез-келген ортада «сен терминологсың ба, жоқ лексикологсың ба?» деп сұрамайды, «мына сөздiң қазақшасы қалай?» деп сұрайды. Бiлмей қалсаң, сен үшiн бүкiл маманды қаралай салады. Одан басқа тiл үйретудiң әлемдiк тәжiрибесiнен хабардар болу, қазiргi қоғамдағы қазақ тiлiне деген көзқарасты өзгерту, яғни, заманауи талаптарға жауап беру тiл үйретушiнiң құзiретiне кiредi. Осындай талаптарға жауап беру үшiн тiл маманы өмiр бойы бiлiмiн жетiлдiрiп, үздiксiз өсiп отыруы керек. Мұндай талапқа екiнiң бiрi көне қоймайды, сол себептi жастардың, әсiресе ұлдардың қазақ тiлi маманы болғысы келмейдi.

Үшiншiден, тiлiмiздiң тұғырына мықтап орнығуы – 140 этнос пен 17 конфессияның өкiлдерi тұратын ел халқына байланысты. Демек, бұл этностар бiздiң татулық пен бiрлiк жайлаған шаңырағымыздың ортақ тiлi – қазақ тiлiн дамытуда да көшбастауы керек деп ойлаймын. Мысалы, Асылы Осман сияқты тiл жанашырларына мың да алғыс айтуымыз керек. Ал өзiмiздiң ұлтымызға келсек, Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деген сөзiн қайталатқыза бермей, әр қазақ, ең алдымен, өз ұрпағын қазақша тәрбиелеуден бастау керек. Баяғыда айтатын «қырық сылтаудың» ауылы алыстап бара жатқаны бәрiмiзге аян. Нақты әрекетке көшетiн кез келдi.

Қорыта келгенде айтарым, қазақ тiлi 2025 жылға қарай өмiрдiң барлық саласында үстемдiкке ие болуы үшiн, мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн адамның беделдi бейнесiн қалыптастыру, мемлекеттiк тiлдi, саяси және PR технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тiлiн бiлушiлердiң артықшылықтарын мықтап орнықтыру мiндеттерiн iске асыру қажет. Бұл – әрбiр қазақстандықтың басты арманы.

Салтанат ИМАНҚҰЛОВА,

Түрксiб аудандық «Қазақ тiлi» қоғамдық бiрлестiгi т)райымының орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *