Қазақ сахнасында – АННА КАРЕНИНА

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Л.Толстойдың «Анна Каренина» трагедиясының премьерасы болды. Өткен өмірі де, болашағы да бұлыңғыр әйел тағдыры… Мистикалық фигура, тылсым кейіпкер… Өзімен-өзі арпалысқа түскен Анна Каренина… Ол Вронскийді сүйе ме? Каренинге жаны қас па? Оған ұрпақ керек пе? Шет-шегі жоқ сауалдар… Бұл махаббат хикаясы да емес, Каренинаның жанайқайы. Жекелік те, жалпылық та сипаты бар трагедия. Әлемге танымал туындының бұл сахналық нұсқасы әйелдің тылсым жанына ғана емес, жұбайлар жұмбағы, ана мен бала, достық пен сатқындық, махаббат пен өшпенділік сынды ұғымдарға терең бойлауға мүмкіндік береді.

Балнұр АХМЕТ

Әлемге әйгілі туындыны аударған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстанның халық артисі, профес­сор – Есмұхан Обаев. Қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқов. Қойылымның бас кейіпкері Анна Каренинаны ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина сомдады. Алексей Каренинді – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Қаптағай, Алексей Вронскийді – Н.Қуанышбайұлы бейнеледі.

Сахна төрінде Аннаға айналған ҚР «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина өзінің кейіпкерінің келбетін кескіндеуді алты жыл бойы армандағанын айтты.

– Аннаның бейнесін өзімнің жан-дүниемде толғатып жүргеніме алты жыл болды. Театрдан қол үзіп қалғаныма бес жылдай уақыт болған еді. Сол кезде театр директоры болған Асхат Маемиров театрға оралуыма байланысты  кеңес беріп, шақырған болатын. Сол кезде «Асхат аға, мен Аннаны сомдағым келеді. Мен оған дайынмын, тәжірибем бар. Театрды, сахнаны сағындым. Аннаны ойнауға маған мүмкіндік берсеңіз, сіздің үмітіңізді ақтаймын» деген едім. Оның ойы алты жылдық арманыммен сәйкес келгені мені ерекше қуантты. Негізі, әрбір әртістің сахнадағы өнерін көрермен қауым бағалайды ғой. Кейіпкерімнің келбетін қалай кескіндегенімді көрермен қауым бағалайды. Мен бұған барымды салдым, сахнада жанардағы жасымды да, терімді де төктім. Бүгін мен үшін бақытты күн. Дәл қазір мен үшін бақытты сәт. Себебі, бүгін Аннаның қазақ сахна­сына алғаш рет келуі болса, бес жылдық үзілістен кейін Назгүлдің сахнаға қайтадан оралуы болып табылады. Аннаның бейнесін сахнада сомдауға үлкен дайындықпен келдім. Сахнада жылаған – Анна, құлаған – Анна. Көрермен менің Аннамды жек көріп кетпесе екен деген ниетпен кейіпкерімнің бейнесін сомдауға бойымдағы бар өнерімді салдым. Егер олар тылсым жан-дүниесіне үңіліп, Аннаға терең түсіністікпен қарап, оны жек көріп кетпесе, онда бұл менің Аннамның жеткен жетістігі деп санаймын, – деді арманы ақиқатқа айналған Назгүл Қарабалина.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close