Қазақ қоғамының іштей ширығуынан барып туған басылым

Құрметті әріптестер!

Қазіргі қазақ баспасөзінде өз орнын ойып тұрып алатын «Алматы ақшамы­ның» бітім-болмысы о бастан бөлекше қалыптасқан. Өйткені, бұл газет – екі заманның, екі қоғамның жолайры­ғында, еліміздің шамырқанған шағында, қазақ қоғамының іштей ширығуынан барып туған басылым.

Астанасының өзінде қазақ мектебі жалғыз болып келген  кеңестік республиканың қоғамдық өмірі 1986 жылғы желтоқсаннан кейін шиеленісіп тұрған еді. Компартияның күші әлі бойында. Ұлттық мәселеге қатысты мәселенің бәріне Орталық секемдене, сезіктене қарайтын. Сонымен бірге, ойлай алатынның бәрін ойландырып өткен сол оқиғадан от алған  халықтың булығып жүрген жалынды кезі де еді ол. Сол булығудың бір себебі – астана­мызда қалалық қазақ газетінің жоқтығы болатын. Қайта құрудың дүрмегімен, жариялылықтың желімен бұл мәселе де ақыры көтерілді. Оған сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне қай істе де алдымен ұлт мүддесін ұран етіп ұстайтын  Өзбекәлі Жәнібековтің келе қалуы да қозғау салды.

Ол тұста мен Орталық Комитеттің насихат және үгіт бөлімінде, баспасөз секторында істейтінмін. Қазақ газет-журналдарының кураторы едім. Болашақ газетке ат таңдағанда Орталық Азиядағы ағайындардың үлгісіне салып, «Алматы ақшамы» деген атқа тоқта­ғанымызды, бөлімдегі талқы­лаудың аяғы ойламаған жерден таласқа, дауға ұласқанын, өзге тілді басшы­мыздың «Ақшам» сөзі кешкі намаздың аты екен ғой, мұны біле тұра қалай ұсынып жүрсіздер, басқа ат табыңыз­дар» деген  ауырлау айып тағуға тырыс­қанын, ол даудан басымызды ауылдас ағамыз, белгілі шығыстанушы, араб тілінің маманы Лениншіл Рүстемовтің бір түнде дайындап берген көлемді анықтама­сының арқасында арашала­ғанымызды, сөйтіп барып Мәскеуге өтініш хат жіберуге рұқсат алғаны­мызды той тұсында  таратып жатпай-ақ қояйын.

Осы отыз жылдың ішінде газеттің Алматыдай ғажап қаланың озық ойлы оқырманының талабынан шығатын­дай  тың тұрпатты, байсалды да батыл басы­лым болып қалыптасқанын көзіқарақты жұрттың бәрі де біледі, баға­лайды.  «Алматы ақшамы» өтпелі кезең­де астаналығынан айырылып, аздап абыржыған алматылықтардың қоғам­дық көңіл-күйін дұрыс қалып­тастыруға да, жұртшылыққа мегапо­листегі әлеу­меттік-экономикалық реформалардың мән-жайын оңтайлы түсіндіруге де, қала тұрғындарын жаңа уақыттың жаңа мақсаттарына ұмтыл­дыруға да көп көмектесті, ұлттық зиялы қауымның бір мінберіне айналды. Алдағы кезде де солай бола береріне сенеміз.

Газет тойымен баршаңызды құттық­тап, амандық-саулық, жақсылық тілей­мін!

 Сауытбек Абдрахманов,

    Мәжіліс депутаты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *