«ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМІНІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ»

Әмен Қайдар алғашқы суретін Сталинград майданында салған

25Алматы қалалық Орталық мемлекеттік мұрағат қорында  қала бойынша  Сталинград  шайқасы ардагерлерінің құжаттары  жинақталып, №410 топтамалық қор құрылған.  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында тура 200 күнге (1942 жылғы 17 шілде – 1943 жылғы 2 ақпан) созылған,  тарихшылар ұзақтығы мен ауқымына қарай  «XX ғасырдағы Канны шайқасы» деп атаған Сталинград  шайқасының жеңісіне де 72 жыл толды. Осы Сталинград шайқасында  оқ пен оттың арасынан оралған әрбір майдангердің өмірі өз алдына бір тарих. «Қазақ мультфильмінің қарлығашы» атанған Сталинград шайқасының ардагері, қазақтың ұлттық өнерінде алғашқы мультипликация шаңырағын көтерген, осы салада көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз  Әмен Қайдар  туралы біраз құжаттар сақталған.

1923 жылдың 3 маусымында Қарағанды облысы Нұра ауданы, Жіңішке ауылында Әбжан мен Зейнеп мұғалімдер отбасында Мұхамед-Әмен атты бала дүниеге келеді. Бұдан бұрын балалары жастай шетіней берген  соң, ата-анасы жас нәрестенің кіндігін қазақы ырыммен, мықты болсын деп, ер адамға балтамен кестіреді. Әбдірашит (әкесінің ағасы) атасының құран көтеріп қойған Мұхамед-Әмен аты құжаттарда Әмен болып жазылады.

Сол Әмен 1941 жылы 10-сыныпты бітірместен өз еркімен Қызыл әскер қатарына жазылып, Ташкенттегі әскери радио-телеграфшылар дайындайтын училищеге жолдамамен жіберіледі. Алғашқы ұрысқа Харьков қаласының түбінде қатысады. Дон, Сталинград, Бірінші және Екінші  Украин майдандарында соғысады. Корсун-Шевченко майданында ауыр жарақат алып, 1944 жылы туған елге бірінші  топтағы мүгедек болып оралады. Осынау ауыр күндерден кейін Әмен Әбжанұлы сол заманда сирек кездесетін суретші мамандығын алуға ұмтылады. Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының мультипликациялық кино суретшісі бөлімін бітіріп, 1965 жылы қазақ киносының жаңа саласы — мультипликацияның негізін қалайды.

2006 жылы Әмен ағаның жеке мұрағатындағы құжаттары Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатына тұрақты сақтауға қабылданған. Суреттерге жан бітірген, қазақ тіліндегі тұңғыш мульфильмінің алғашқы сызба нұсқасы, майдан даласынан артындағы жалғыз қарындасы Райханға жазылған үшбу хаты, сол сұрапыл күндер туралы естелік қолжазбасы мұрағаттағы құнды құжатқа   айналған.  Әмен Қайдар өмір жолының қай саласын алсақ та, өнеге болар ұлы тұлғаның құжаттарынан мұрағат қызметкерлерінің құрастыруымен «Әмен Қайдар» атты кітап, «Әмен Қайдар мультфильмдер жинағы» компакт дискісімен бірге жарық көрген. Қазақ мультипликациясының негізін қалаған суретшінің шығармашылығын бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Ұлы Жеңіс мерекесі өтетін жыл басында Әмен    ағаға жолыққанымызда: «Отан алдындағы борышын ақтау жолында қасық қанын аямай, жанын құрбандыққа шалған боздақтар алдында бүгін біз, тірі жүргендер, борыштымыз. Олардың рухы мәңгі биікте», – деген еді.

Ләйлә РАХИПОВА,

Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатының қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *