ҚАЗАҚ КАСКАДЕРЛАРЫМЕН ГОЛЛИВУД ТЕ САНАСАДЫ

Есболат ӘБДІБЕРІКҰЛЫ – цирк артисі және каскадёр. 24 жаста. Алматы облысының Кеген ауданында туып-өскен. Мектеп қабырғасынан кейін Алматыға келіп, сол кездегі студент ағасының қолдауымен мемлекеттік политехникалық колледжге түсіп, программист мамандығын оқыды. Бірақ ол студенттік жылдарының алғашқы курсында-ақ бұл саланың адамы еместігін сезді. Себебі, көңілі әйтеуір бір нәрсеге алаң болады да тұратын.

Қазақтың қара баласы

Бірде оны әкесі Әбдіберік Қазақ мемлекеттік циркіне ертіп барды. Бала күнінен атқұмар ұлы ондағы немере ағасы Қанаттың униформа болып жүрген жұмысы қатты қызықтырып, «мен де осында істегім келеді» деп шешті. Ойы – оқудан бос уақытта, үйге қаржылық жағынан салмақ салмай, өз бетінше табыс тауып, күн көру. Сондай-ақ, әдемі жыл­қылардың жанында күнде болу. Сөйтіп, цирк артистерінің түрлі құрал-жабдықтарын манежге алып шығып, сайлап беретін маман болып шыға келді. Әрине, бұл жұмыс үшін ептілік, жылдамдық, қолдың қуаты қажет. Ал бұл қасиеттер күш-қуаты тасып, жалындап тұрған жас Есболаттың бойынан табыла кетті.

Білекті, жүректі бозбала циркте жұмыс істей жүріп, ондағы «Nomad Stunts» каскадёрлық тобын көріп, қатты қызықты. Бұған дейін бала күнінде шет елдің боевик, фантас­тикалық картиналарынан көретін түрлі жауынгерлік көріністерді, қимыл-қозғалыстарды осы топтың жігіттерінен көргенде, аузын ашып қалғаны да рас.

Сосын бір сәт бала күнінде, ауыл­да қолдан қылыш, тапанша жасап алып, атыспақ ойнай­тындарын, екі шыбықты жіпке орап алып, Брюс Ли болып шыр айнал­дырып өзінше трюктар жасайтыны есіне түсті. Тіпті, қолдан жасап алған ойыншық қаруларын мектепке де алып барып, үзілісте бәрі кинодан көргендерін істеп ойнайтын. Ондай сәттері сынып жетекшісі Дәулет ағайдың: «Бұл дегенің суық қару ғой, мектепке неге әкелесің?», – деп талай ұрысқаны да бар.

Ол он-он бір жасынан тайға отырды. Қызық­қаны соншалық, көршілердің де аттарын сұрап мінетін. Олар да бере қояды. Өйткені, асау атын жуасытып алу көршілер үшін де жақсы еді. Бірақ анасы қатты уайымдайтын. Үлкендерге «Есболатқа атыңызды бермеңізші» деп өтініп жүретін. Онысы «жазым болып қалар» деген алаңдаушылығынан туған қамқор көңілі еді.

Енді, міне, тағдыр оны циркке алып келді. Ондағы ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттердің трюктерін көріп құштарлығы тіпті арта түсті. Есі кете қызықты. Көп ұзамай «Nomad Stunts» каскадёрлық тобының кезекті бір дайындығына шақырту алды. Әрине, қуанышында шек болған жоқ. Бірден келісті. Бірақ «Nomad Stunts» каскадёрлық тобы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Алтаевтың жаңадан талаптанып жатқан жас жігіттерге деген талабы өте қатал еді. Уақытқа секіру, отыру, тұру, жүгіру, тартылу сынды алғашқы сәттегі спорттық шыңдалу процестеріне шыдамай, қолын бір сілтеп кетіп қалып жатқандар да болды. Бірақ бала күнінен ерік-жігерін қайрап өскен Есболат алған бетінен қайтқан жоқ. Төзімділігінің, табанды мінезінің арқасында «Nomad Stunts» каскадёр­ларының сапынан бір-ақ шықты.

Осы орайда Есболаттың жүректілігін оның Райымбектей ұлына бата берген абыз Әлмеректің тікелей ұрпағы екендігімен байла­ныстырар болсақ, қателеспеспіз. Ал атқұмар­лығы ауыл-аймаққа әншілігімен аты шыққан, қара сөздің шебері һәм көкпаршы болған атасы Баймұханбеттен дарығаны сөзсіз. Есболаттың әкесі Әбдіберік Әділбеков те өнерден қаражаяу емес, елге танымал жыршы-термеші. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте істеген, Қостанай, Ақмола, Алматы облыстарының прокуратура саласында із қалдырған білікті маман. Қазір зейнеткерлікке шығып, бабалар қанымен дарыған жыраулық өнерді дәріптеп, киелі қазақ сахнасына жиі шығып жүр.

«Nomad»  каскадёрларын әлем таниды

«Nomad Stunts» – аяғынан нық тұрған қазақ­стандық каскадёрлық топ. Қазақ мемлекеттік циркі негізінде құрылған. Іргетасын 2000 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі каскадёр Жайдарбек Күнғожинов қалаған. Әлемдік аренаны бағындырып үлгерген «Nomad Stunts» құрамында бүгінде 80 каскадёр мен 40 үй­ретілген жылқы бар. Олар отандық, голливудтық, ресейлік атыс-шабыс фильмдерінде каскадёрлық жұмыстар атқарады.

«Nomad Stunts» каскадёрлері әр  түрлі трюктерді тек шынайы жасайтындықтарымен ерекшеленеді. Мәселен, жапондық киногерлер туындыларына жасанды қуыршақтарды көп пайдаланатын көрінеді. Ал голливуд трюктердің шынайы болғанын қалайды. Сондықтан олар өздерінің картиналарына біздің «Nomad Stunts» тобының жігіттерін шақырып отырады. Әйгілі Сергей Бодров та «Көшпенділер» фильмін түсіру кезінде «Nomad» жігіттерін таңдаған. Ол: «Шабан­доздар Испанияда, Англияда да бар. Дегенмен, қазақтар – ең үздік шабандоздар», – деген екен.

– Көзіқарақты оқырман біледі, қазір қазақ кинематографиясы жаңа бағытпен дамып келеді. Оның ішінде тарихи фильмдерімізді ерекше атап өтуге болады. Ал қазақтың тарихи киносын жылқысыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да бүгінде каскадёрлардың кино саласындағы орны бөлек. Тарихи фильмдер ерте заманды, соғыс кезеңдерін бейнелейтін болғандықтан біз секілді кейінгі, бейбіт өмірдің ұрпағына артар жүгі ауыр. Түсірілім кезінде актерлармен бірдей каскадёрлар да сол тарихи кезеңді шынайы сезіне білуі керек. Каскадёрдың да әр қимылынан батырлық пен елжандылық сезімі көрініп тұруы тиіс, – дейді Есболат.

«Nomad Stunts» мүшелері қатысқан фильм­дер: отандық «Көшпенділер», «Моңғол», «Аманат», «Махамбет», «Жаужүрек мың бала», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Мұстафа Шоқай», «Жан­қиярлар – 2», «Рэкетир», «Шал», «Құнанбай», «Кен­же», «Алмас қылыш», сонымен қатар, «Сұлтан Бейбарыс», «Күндізгі шолушы», «Тежеусіздер – 2», «47 ронин», «Конан Варвар», «Марко Поло», «Союз спасения», «Тобол», «Мулан», т.б. сынды шет ел туындылары.

Ал топ мүшелері бірге жұмыс істеген әйгілі актёрлер: Сильвестр Сталлоне, Арнольд Швар­ценеггер, Джет Ли, Чак Норрис, Дольф Лундгрен.

Мен өзімді енді таптым

Кинокартиналардағы, мәселен, тікұшақтан секіріп, шыр айнала сальто жасау, жаңбырдың астында мотоциклмен скрейп жасап, жиырма ­шақты адамнан тұратын қарсыластарын флипс-фронт арқылы жан-жаққа лақтыратын, ат үстінде кескілесе шайқасатын айла-тәсілдердің барлығын басты кейіпкердің өзі істемейді. Осындай түрлі трюк жасап, фильмнен алатын әсерді одан сайын көркейтетін, киноға әдемі өң беретін – каскадёр.

Иә, кадрда каскадёр күрделі көріністі орындау үшін актер орнына шығады. Көрерменге актердің ауысқаны білінбес үшін, кейіпкерге ұқсас дене пішіні, бойы, шаш үлгісі келетін каскадёр таң­далады. Оған грим жасалып, сәйкесінше киіндіреді. Алайда, олардың еңбегі елене бермейді. Өміріне қауіпті трюктерді жасағанымен, үнемі кадр сыртында қалады.  Айтпақшы, Шәкен Айманов түсірген «Атаманның ақырының» жалғасы – «Транссібір экспресіндегі» Наталья Арынба­сарованың ойнаған кейіпкері аттан жығылатын көрініске Байкенже Белбаев түскенін біреу білсе, біреу білмейді.

– Каскадёрлық – көзсіз батырлық емес, мұнда да ақылмен ойланып жұмыс істеген жөн. Ат үстінде шайқасу, аттан құлау, қылыштасу, биіктен құлау, акробатикалық қимылдарды меңгеру секілді іс-әрекеттерді, небір қиын әдістерді толық істей алуың үшін жүректілік, ептілік керек. Сондықтан каскадерлықты спорттың бір түрі ретінде қарастыруға болады. Картинаға түсіп жатқанда қақаған қыста үстіңде жеңіл киім немесе жаз кезінде үстіңде әскери сауыт болуы мүмкін, ондай сәттерде каскадёрға оңайға соқпайды, төзім керек. Шыны керек, мені нағыз жігіт ретінде шыңдаған осы «Nomad»  десем, еш қателеспеймін. Адам өз ісінен ләззат алуы керек. Әрине, өмір сүру үшін ақша ауадай қажет, бірақ көкейіңде көп ақша табу мақсаты тұрса, онда сенің орның ол емес деген сөз, белгілі бір жетістікке де жете алмайсың. Ал мен өмірдегі өзімді енді таптым деп ойлаймын, – деді ағынан жарылған Есболат Әбдіберік бізбен сұхбатында.

 

Жылқы – таза, адал жануар

Есболаттың да картиналарға бірге түсетін жылқысы бар. Аты – Бой.

– Атты баптау, күту, үйрету – мүлдем бөлек дүние. Ал оның үстінде ойнау, түрлі трюктерді орындау – біраз уақытты талап ететін жан­кешті жұмыс. Жылқы – мініп алып шаба беретін аттрак­цион емес. Оны физикалық әрі психологиялық тұрғыдан басқара білу керек. Жылқы – таза, адал жануар. Олар бәрін түсінеді. Тіпті, адамның қорқып немесе өзін жақсы көрмей тұрғаныңды да сезіп қояды. Сондықтан адал жануарға адалдық танытқан дұрыс. Мен Бойды жақсы көремін. Таңертең кіріп кел­генде, онымен бірінші аман­дасып аламын, көңіл-күйін сұраймын. Жалынан сипап, ілтипатымды білдіре­мін, – дейді каскадёр жігіт.

«Nomad Stunts» әлем бойынша ат үстінде трюк көрсету өнерінен 3-орында тұр. Бүгінге дейін олар Иордания, Түркия, Ресей, Жаңа Зеландия, Бол­гария, Грузия, Чехия, Үнді елдерінің картина­ларына түсті.

Картинаға шақырту алған кездерде олар «Nomad Stunts» каскадёрлық тобының Алматы сыртындағы іргелі базасында жаттығады.

«Nomad Stunts» жігіттері өз елімізде де, жат елде жүргенде де әрдайым тіп-тік, түзу жүруі тиіс. Ешқандай осалдыққа, балағат сөзге орын жоқ, сыралатып кету, шылым тарту сынды әдеттер де оларға жат. Тәртіп бар жерде көп әрі сапалы нәтижеге қол жет­кізуге болады деп санайды олар. Сондай-ақ, «Nomad Stunts» барған жерінде міндетті түрде бірінші болуы тиіс! Талап солай.

Бірде Есболаттарды Стам­бул әуежайында түркиялық каскадёр жігіттер арнайы күтіп тұрып, қос қолдап амандасып, «О, номадтықтар!»  деп қошемет көрсеткенде, өздерін әлемдік өнер сахнасында үлкен орындары барын сезінген.

 

Мейірбан ананың ұлы

Есболат кейде ағайын-туысты аралап, аманда­сып шығуға уақыт таппай қалатынын мойын­дайды.

Бос уақыттарында кино көреді, онда қойы­лымдарды тереңінен саралайды, түрлі трюктерді бақылайды.

Қазір Есболат Әбдіберікұлы да «номадтық» әріптестерімен бірге еліміздің сериалдарына түсіп жатыр. Алда үш мемлекетте үш картинаға түсу жоспарда тұр.

Шет елде жүргенде, ең алдымен, Райгүл анасын сағынады. Ол кісі де ұлына алаңдап отырады. Есболат оған «менімен хабар алмасып отырасыз» деп ұялы телефонның барлық функциясын үйретіп қойған. Райгүл шешесі Инстаграмға қалай сурет жүктеуге болады, оны қалай ашуға, оқуға болады, уатсапқа қалай кіріп, статусты қалай көруге болады, бәрін біледі. Сондықтан Есболат шет  елге шығып кеткенде, анасы телефон арқылы «ерте жат, балам; түнде онлайн болып тұрдың ғой, құлыным, ұйқың тыныш болсын; тамағыңды уақытылы ішіп жүр» деп қадағалап отырады. Ендігі арманы – мейірбан анасының қолын ұзартып, келін түсіру.

Біз жүректі ұлдың өз арманына жететініне сенеміз.

 

«ЖЫЛҚЫ – мініп алып шаба беретін аттракцион емес. Оны физикалық әрі психологиялық тұрғыдан басқара білу керек. Жылқы – таза, адал жануар. Олар бәрін түсінеді. Сондықтан адал жануарға адалдық танытқан дұрыс. Мен Бойды жақсы көремін. Таңертең кіріп келгенде, онымен бірінші амандасып аламын, көңіл-күйін сұраймын. Жалынан сипап, ілтипатымды білдіремін».

«NOMAD» жігіттері өз жерімізде де, жат елде жүргенде де әрдайым тіп-тік, түзу жүруі тиіс. Ешқандай осалдыққа, балағат сөзге орын жоқ, сыралатып кету, шылым тарту сынды әдеттер де оларға жат. Тәртіп бар жерде көп әрі сапалы нәтижеге қол жеткізуге болады деп санайды олар. Сондай-ақ, «Nomad Stunts» барған жерінде міндетті түрде бірінші болуы тиіс!

Талап солай.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *