ҚАЗАҚ КҮЙІН ӘЛЕМ ТЫҢДАЙТЫН БОЛАДЫ

daueshov-n-07

Нұрғиса ДӘУЕШОВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық

халық аспаптары оркестрінің директоры, өнертану магистрі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазақстандықтардың жандүние­сінде рухани сілкініс тудырды. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек,  «Жа­һан­дағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастама­ларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген Елбасының парасатты пікірін әрбір қазақстандық азамат қолдайды деп сенемін.

Елбасы мақаласы қазақ мәдениеті мен өнерінде қуанышты жаңалық болды. Себебі, әр ұлттың, әр мемлекеттің өзінің идеологиясы болады. Идеология әрбір ұлттың дәстүрімен, ата дәстүрімен, өнерімен, мәдениетімен айшықталатыны баршаға аян. Тарихқа үңілсек, әлемдегі әрбір ұлт ежелден өзінің өнегелі өнерімен, мәдени мұрасымен, ата дәстүрімен ерекшеленеді. Сондықтан, мәдениеті мен өнерін сақтап қалу әрбір халықтың, ұлттың міндеті, асыл парызы. Қазіргі жаһандану дәуірінде де дүние жүзіндегі  халық тарихи тамырынан таралған ұлттық болмысымен дараланады. ХХІ ғасырдағы әлемдік аренада Қазақстанның абыройы ұлтымыздың рухани болмыс-бітімінен бастау алатын ұлттық құндылықтарымыз, күмбірлеген күйлеріміз, әуелеген әдемі әндеріміз арқылы асқақтап тұрғаны абзал. Бүгінгі таңда қазақ өнерін күллі әлемге күмбірлеген күйімізбен, дәстүрлі әнімізбен мойындата аламыз. Астарына үңілсек, қазақтың шоқтығы биік әрбір күйінде сан ғасырлық тарихы, мұңы мен қуанышы жатқанына көз жеткіземіз. Қазақтың бір күйінің өзінен тұтас бір спектакль сахна­лауға болады. Адамды рухани биіктететін күйдің құдыреті арқылы жас ұрпақтың жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін асқақтатып, ұлтжандылық сезімін жастардың діліне дарытуға болады.

img_1710

Бүгінгі таңда Елбасы мақаласын оркестр ұжымымен талқылап, көрсетілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында жан-жақты жұмыс жасап жатырмыз. Бағдар­лама бойынша жұмыс жасасақ, біздің қазақ елінің мәдениеті мен өнері өркениет жолында өзінің  лайықты орнын алары ақиқат. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры. Құрманғазының күйінен, Жамбылдың жырынан, Абайдың философиясынан рухани нәр алып өскен жас ұрпақ бола­шақта туған жерін қадірлеп, қастерлейтін болады.

1934 жылы академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған оркестр репертуары қазақ мәдениетінің әуен байлығының шексіздігін дәлелдейді. Алғашында тек қазақ музыкаларынан құрылған оркестрдің репертуарлық қорында бүгінде отандық және әлемдік классик композиторлардың 4000-нан астам туындылары бар. 83 жылдық тағылымды тарихы бар оркестр ұжымында бүгінгі таңда 82 өнерлі музы­кант еңбек етеді. Қазақ музыкалық Олимпінің шыңында тұрған әйгілі күйші Құрманғазы атындағы оркестріміз ата-бабаларымыздың тарихи тамырын ұмытпай, салт-дәстүрімізді жарасымды жалғастыра отырып, өнер әлеміндегі жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндіктерінің бар екендігін көрсетеді. Болашақта да оркестр ұжымы жаңа толықтырулармен ұлттық өнер мен мәдениеттің шарықтап гүлден­уіне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында тұжырым­дағандай, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруына мақсатты түрде атсалыспақ.

Қазақстан тарихындағы кәсіби тұрғыдағы алғашқы ұлттық өнер ұжымы болып саналатын Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі сан ғасырлар жаңғырығы естілетін қазақтың қасиетті күй өнерін дүние жүзіне насихаттауды өзінің асыл парызы санайды.

Біздің бірінші мақсатымыз – ұлттық музыкамызды өз елімізде, әсіресе, жастар арасында кеңінен насихаттау. Екінші мақсат – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Сүгір бабаларымыздан қалған рухани мұраның барлығын қаз-қалпында әрі кәсіби шеберлігі өте жоғары деңгейде халыққа ұсыну. Кезінде ата-бабаларымыз, Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев секілді талантты тұлғалар қалыптастырып кеткен дәстүрлі музыкамызды сақтап қалу. Ал, үшінші бағытымыз – ұлттық музыкамыз­бен қатар, қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі әуендер мен музыкалық  шығармаларды оркестр репертуарына қосу. Әлемдік деңгейдегі мәдениет кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан еліміздегі өнер ұжымдарына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Егемен елімізде өнерге, дәстүрлі өнерге, еліміздің әр өңіріндегі оркестр ұжымдарына үлкен көңіл бөлінуі қуанышты жағдай. ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі ая­сында Қазақстанның барлық өнер ұжым­дары жаңа тыныс алып, Астана жұртшы­лығына, шетелден келген қонақтарға ұлттық өнерімізді жан-жақты паш етіп жатыр. Бұл өте қуанышты нәрсе. Болашақ энергиясы деп атауының өзі айтып тұрғандай, бұл біздің ұлтымыздың болашағы, энергия дегеніміз біздің мәдениетіміз деп білген жөн. Болашақта бүкіл әлемді энергиямен қамту үшін әуен энергиясымен де рухани күш беруге болады.  Дүниежүзілік көрме аясында Астана қаласында Құрманғазы оркестрінің 15 концерті жоспарланған. Биыл маусым айынан бастап 12 концерт өткіздік. Ал шілде айында 5 концерт бердік. Концерт­теріміз халықтың ыстық ықыласына бөленді. 3 концертіміз ЭКСПО-2017 көрмесі аясында павильондарда өтті. «Ұлы дала әуендері» атты концертте тыңдарманға қазақ халқының әндері мен күйлерін тарту етсек, «Әлем халықтары музыкасы» атты концертте дүние жүзіне белгілі шығар­малар шырқалды. Жалпы, қазіргі дайындаған концерттік бағдарламамыздың барлығы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып отыр.

Астанада өткен концерттерімізден кейін тыңдармандарымыздың саны айтарлықтай көбейді деп айтсақ болады. Күйге толы концерттеріміз көңілінен шыққандықтан, көрермен қауым келесі концерттерімізге әлеуметтік желілерде онлайн билеттерді сатып алып жатыр. Негізі, осыдан 2-3 жыл бұрын электронды билеттерді сату мәселесі қиындау болатын. Бұрын бұл жүйені түсінбейтін. ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы концерттерде  шетелдіктер Құрманғазы оркестрінің өнерін өте жоғары бағалады. Шетелдік­терден бұрын, ризашылығын білдіріп жатқан өзіміздің азаматтарымыз көп. Ал Астанадағы Қазақстан орталық концерт залында концерт берген кезде шетелдіктер концерт бойы орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Қазіргі таңда концерт­терде 3D, 4D форматындағы әртүрлі жарықтар, LED экрандар қолда­нылады. Концерт кезінде соңғы техноло­гияларды пайдалану әрбір шығарманың мазмұнын, драматургиясын ашуға мүмкіндік береді. Концерттерімізде әртүрлі жарықтар қойып, оларды мүмкіндігінше ойнатып отырмыз. Елбасымыз «Қазақстан халқының мәдени менталитетін тәрбиелеуіміз керек» деп айтқан болатын. Ол бірінші кезектегі маңызды мәселе. Бас дирижеріміз Арман Жүдебаев концерт барысында бұрынғы қатып қалған стереотипті бұзып, халықпен бірге жұмыс істеп, халықты өзіне тарта білді. Күй  арасында халыққа қарап , халықты музыкаға, әуенге тартып, халыққа қай жерде қошемет ету керектігін көрсету тәжірибесі өзін-өзі ақтап, тыңдарманның  зор қошеметіне бөлендік.

Биыл 19 – 26 наурыз аралығында ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Болгария Республикасына гастрольдік сапармен барып, өзіміздің ұлттық өнерімізді насихаттап келдік. Болгарияның Пловдив қаласындағы Опера театрымен, Ресейдегі Н.Осипов атындағы академиялық халық аспаптар оркестрімен тәжірибе алмасу мақсатында меморандумға отырдық. Мәскеу филармониясының ұжымымен, басшылығымен кездесіп, шығармашылық байланыс орнату мақсатында болашақ бағдарламамызды жасадық.

Болгариядағы біздің концерттеріміз сәтті өтті. Заманауи технологияны, жарық пен дыбысты пайданала отырып, тыңдар­мандарға қазақтың күй өнерінің құдыретін сезіндірдік. Қазір болгар композиторлары данышпан Абай атамыздың сөзіне әндер жазып, бізге жіберіп жатыр. КСРО кезінде біздің байланысымыз жақсы болды. Біз қазір біраз уақыт үзіліп қалған байланысты қайтадан жалғастыруға әрекет жасап жүрміз. Бүгінгі таңда болгар солистері біздің солистерімізбен бірге ән айту бағытында, ал болгар композиторлары арнайы біздің оркестрге шығармалар жазу бағытында нақты жұмыс істеп жатырмыз. Бұйырса, жақын болашақта Румыния, Македония, Греция тәрізді көршілес мемлекеттерде ұлттық өнерімізді насихаттап, гастрольдік сапарымыздың географиясын кеңейткіміз келеді. Айта кетерлігі, Ресейдің Липецк облысынан 2018 жылы сәуір айында өтетін В.Андреев атындағы дүниежүзілік халық аспаптары оркестрлерінің фестиваліне арнайы шақырту алдық. Қаражат мәселесін олар өз мойнына алды. Бұл соңғы жылдардағы шет мемлекеттерден алған алғашқы шақыртуымыз. Оркестрдің көркемдік кеңесімен, бас дирижерімен ақылдаса отырып, фестивальге арнайы бағдарлама дайындаймыз. Мұндағы басты мақсаты­мыз – ұлттық өнерімізді насихаттау. Қазақтың қос ішекті домбырасы әлемнің бүкіл музыкасын орындай алатын мүмкіндігі бар аспап. Фестивальде ұлттық аспабымыздың мүмкіндігін барынша паш еткіміз келеді. Қазақстандағы өңірлік байланыстарымызға келсек, қазіргі уақытта Шымкент және Петропавл қалаларындағы облыстық филармо­ниялармен меморандумға отырып, арнайы бағдарлама арқылы тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Шетелдегі гастрольдік сапарлар біздің имидждік тұрғымызды насихаттауға септігін тигізеді. Шетелдерде Құрманғазы оркестрі деген имиджімізді насихаттап жатсақ, бұл еліміздің абыройын асқақтатады, біздің шығармашы­лығымызға шабыт береді. АҚШ-та Джон Кеннеди атындағы концерт залында, Корнеги холлда, Австриядағы Концерт хауста концерт бердік.  Шынын айтсақ, осындай әлемге әйгілі сахналарда концерт беру – әрбір музыканттың арманы. Ол жерде концерт бердік дегеннің өзі қазақтың музыкасының қандай деңгейде екендігін бірден байқатады. Негізі, қазақтың күм­бірлеген күйлерін әлемге әйгілі шетелдік өнер ұжымдары өздерінің репертуарына енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Оған қол жеткізу үшін біз соған сәйкес болуымыз қажет, дүние жүзіне дәлелдеуіміз керек.

Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ, бізде қазақ өнерінің жастар арасына кең таралуына  ақпараттық насихат жетіспей жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Отандық телеарналарда дәстүрлі күй өнері көбірек насихатталмайтыны өкінішті. Мысалы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған Құрманғазы оркестрінің концерті «Қазақстан» ұлттық арнасында түнгі сағат 12.50-ден түнгі 3.00-ге дейін көрсетілді. Осыдан кейін дәстүрлі өнерімізге қалай жаныңыз ашымайды?

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істерді көбірек насихаттауымыз қажет. Қазақ күйін күллі әлемге насихаттау үшін көптеген фестивальдер өткізу керек. Қазақ күйін насихаттау – біздің басты пары­зымыз. Басқа халықтардан біздің ерекше­лігіміз – күмбірлеген күйлерімізде. Ұлттық күйлерімізді кез-келген симфониялық оркестр орындай алады деп айта алмаймын. Орындаған күннің өзінде күйдің драматургиясын, оның мазмұнын аша алмайды. Қазақтың күйін шертпе күй мен төкпе күй деп бөлеміз. Төкпе күйше шертпе күйді, ал шертпе күйді төкпе күйше мазмұнына келтіріп орындау қиын. Күйшілік мектептердегі жеті бағытты оркестрімізде қамту мақсатында жыл сайын жоспар құрып, концерттер дайындаймыз. Күйді әлемге насихаттау керек. Күйдің бойында өзінің энергиясы бар. Күйдің болмысы сан қырлы. Қазіргі таңда күйшілерімізді көбірек насихат­тауымыз керек. Мысалы, Түркіменстанға Ашхабадқа барғанда қонақүйлерінде таңғы ас немесе кешкі ас ішіп отырғанда отандық телеарналарында түркіменнің дутар аспабымен күйлер орындалып тұрғанының куәсі болдым. Қонақүйден шыққанда жаңағы ұлттық әуендері құлағыңызға сіңіп, сол әуенді ыңылдап айтып бара жатасыз. Өзгелерден, міне, осындай өнеге алуға болады. Тыңдап отырып, қай елге келгеніңізді, қай мемлекетте жүргеніңізді білесіз. Қазақтың күйлерін осы бағытта насихаттаған абзал.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *