Қазақ фармацевтикасының қара нары

Кейбір адамдар туралы не жазсам, қалай жазсам деп қиналасың, кейбір кісілер жөнінде қайсысын жазсам деп ойланасың. Менің қымбатты аға досым Үшбаев Кеңесбай Үшбайұлын осының екіншісіне жатқызуға әбден болады. Келесі жылы сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Кеңекең бар саналы ғұмырын фармацевтика ғылымына сарп еткен жан. Аға досымның жүріп өткен осынау өмір белестеріне зер салсақ, тағылымға толы. Мақтауға емес, мақтануға тұрарлық өмір жолы дерсің.

 

Әжібай батырдың ұрпағы

Кеңекеңді мен танығалы да 25 жылдан астам уақыт болды. Қашан көрсең, әдемі жымиысымен, жайдары мінезімен адамды өзіне тартып тұрады. Алғаш көргеннен-ақ ол кісінің тұлға-тұрпатынан, жүріс-тұрысынан, тіпті сөйлеген сөзінен тегін адам емес екенін сездім. Түйсігім алдамапты. Кейіннен Кеңекеңнің текті атаның ұрпағы екенін білдім. Арғы бабасы Ер Әжібай жоңғарлармен шайқаста ерлігімен көзге түскен. Ал бейбіт өмірде бабамыз ел қамын жеген, болашақ ұрпақты ойлаған шаруақор кісі болған. Заманында көпшіліктің басын біріктіріп, өзі туып-өскен бүгінгі Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылының жанынан ағатын осы елді-мекенмен аттас өзеннен жырып үлкен арна қаздырған. Бүгінгі күні де ел бұл арнаны «Әжібай тоғаны» деп атайды. Қазір де Алматы облысының Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Ақши, Атамқұл ауылдары егістік жерлерін, бау-бақшасын осы тоған суымен суғарады.

Әжібай батыр бастаған қол жоңғарлармен болған шайқаста қасиетті Түркістанға дейін келген екен. Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басында «Әзірет Сұлтан» кесенесін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған еді. Қазба жұмыстары барысында билер мен батырлардың сүйектері, қару-жарақтары табылған. Солардың бірінен «Мұнда ер Әжібай батыр жерленген» деген жазу шыққан.

Ер Әжібай қазақтың ірі тайпаларының бірі Албаннан тарайтын Қызылбөрік руының ұраны болып табылады. Міне, біз әңгіме етіп отырған Кеңекең – жаугершілік заманда халқына қорған, бір рулы елге ұран болған сол Ер Әжібайдың тікелей алтыншы ұрпағы. Тарқатып айтсақ, Әжібай – Бердіқожа – Сығай – Тұрысбек – Ноғайбай – Үшбай – Кеңесбай.

Кеңесбай Үшбайұлы 1940 жылдың 2 шілдесінде Алматы облысы, Шелек ауданындағы Ас-Саға елді-мекенінде дүниеге келген. Бұл өзі Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан, табиғаты тамаша шағын ауыл.

Араға жыл салып, соғыс оты бұрқ ете қалады. Ер-азаматтың бәрі майданға алынады. Кеңекеңнің әкесі Үшбай да Отанды жаудан қорғауға аттанды. Кеңесбай атасы Ноғайбайдың қамқорлығында қалады. Ер Әжібайдың төртінші ұрпағы Ноғайбай қарт сол кездің өзінде жасы 85-ке (103 жасында дүние салған) келсе де, бойынан күші қайта қоймаған, қажырлы кісі болған. Өзінің бауырларын және ұлы Үшбайды майданға шығарып салысымен, келіндерін бала-шағасымен бір жерге жиып, үлкен жолдың бойына киіз үйлерін тігіп, балам соғыстан аман-есен оралса, осы жерден күтіп алам деген екен. Қолдағы бар ұсақ малды ортақ қораға қаматтырып, солармен жан баққан. Арасында өзі аңшылыққа шығып, қолға түсірген бірлі-жарым қоян, құстармен әулетті аш қалдырмаған деседі.

Кеңекеңнің бал дәурені сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, ол кісіде де балалық шақ болған жоқ. Кеңесбай ағамыздың өзі «Өткен өмір белестері» атты естелік кітабында: «Ол кезде төрт-бес жасар баладан бастап еңкейген қартқа дейін, таңның атысынан күннің батысына дейін бәрі де колхоздың жұмысына жегілетін» деп жазады. Сондықтан ел басына күн туған сол бір нәубетке балалық шақтарын ұрлатқан бұл буынды «соғыс балалары» деп те атайды. Дегенмен, еңбек бала Кеңесбайды ерте есейтіп, ер жеткізді. Шыдамды, сабырлы болуға үйретті.

Кеңекеңнің әкесі Үшбайдың да көрер жарығы бар екен, оқ пен оттың ортасынан елге аман-есен оралды. Бәлкім, Ноғайбай ақсақалдың Алла тілеуін бергенде болар…

 

Министрге шағымданған қайсар студент

Бала Кеңесбай мектепте үздік оқыды. Ол 1958 жылы орта мектепті күміс медальға бітірді. Коммунистік партияның сол кездегі талабы бойынша орта мектепті тәмамдағандар колхозда немесе өндірісте міндетті түрде 2 жыл жұмыс істеуі керек болатын. Біздің кейіпкерімізге де 2 жыл колхозда еңбек етуіне тура келді. Содан 1960 жылы ғана өзі қалаған Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түседі. Жиырмаға енді шыққан жігіттің армандаған жоғары оқу орнына түсуінің өзі естен кетпес бір оқиға десек болады. Мектепті медальға бітірген соң, бір пәннен ғана емтихан тапсыру және тек «бес» деген баға алуы қажет. Емтихан кезінде қойылған сұрақтарға қанша жерден дұрыс жауап берсе де, мұғалім бәрібір төрт қояды. Енді басқа барлық пәндерден де емтихан тапсыруы керек. Алайда, жайдан-жай беріле салатын адамың Кеңесбай емес. Көп ойланбастан әлгі емтиханды ғана қайта тапсыру керек деп шешім қабылдап, институттың сол кездегі ректоры Роман Иванович Самаринге барса, ол өзіне жолатпайды. Содан жас Кеңесбай Қазақ КСР-інің сол кездегі денсаулық сақтау министрі Сибағатолла Қарынбаевқа барады.

«Министрлікке екі-үш мәрте барғаннан кейін қабылдау бөлмеден мені күнде көрсе де, елемей өтіп кететін Сибағатолла Рысқалиұлы бір жолы: «Сен маған келіп жүрсің бе?», – деді. «Иә, аға, химиядан бар кітапты жатқа білемін, сонда да емтиханда төрт қойды. Ендігі өмірім сізге байланысты боп тұр», – деп ашығын айтып, алдына арызымды қойдым. Ол арыздың бұрышына: «Профессор Самарин! Прошу его принять», – деп жазып берді. Қуанышымда шек болмады. Институтқа тартып тұрдым. Осылайша емтиханды қайта тапсырып, бес алып, студент атандым», – деп еске алады Кеңесбай аға.

Декан емес, ректор емес, министрдің алдына барып, өз ойын ашық айту кез келген талапкердің, оның ішінде ауылдан келген жастың қолынан келе бермейді. Бірақ Кеңесбай ағамыз осындай тосын шешімімен өзінің қайтпас қайсарлығын жігіт кезінен-ақ таныта білген. Әрине, жас Кеңесбай ол кезде екі рет денсаулық сақтау министрі, екі рет медицина институтының ректоры болған осы Сибағатолла ағасының уақыт өте өзінің өмірінде бағыт-бағдар беретін ұстазына айналатынын, онымен қызметтес болатынын һәм әкелі-баладай сыйласып өтетінін білмеді.

Алдымен институт қабырғасында комсомол хатшысының орнына да ұсынған осы Сибағатолла ағасы болатын. Кейіннен оқу бітіріп, жолдамамен бір облысқа аптека бастығы етіп жіберілейін деп тұрған жерінен кафедраға алып қалған да осы Қарынбаев еді. Кеңекең институттағы комсомол хатшылығы қызметін де қоса атқара берді.

Қазақтың біртуар азаматы Сибағатолла Қарынбаев алысты болжаған екен. Ол кезде бүкіл Одақ бойынша фармацевтика ғылымының небәрі 11 докторы болатын. Қазақстанды айтпағанда, Орта Азияда бірде-біреуі жоқ-тын. Сондықтан Сибағатолла Рысқалиұлы өз шәкірті Кеңесбайды алыс Украинадағы Львов қаласындағы мемлекеттік медицина институтына аспирантураға оқуға жібереді. Емтиханды беске тапсырып, аспирантураға қабылданады. Ол жақтағы ұстазы Василий Крамаренко да кеңпейілді, ақ көңіл, ұжымда зор беделге ие, шәкірттеріне жанашыр адам боп шықты. Осы Василий Филиповичтің жетекшілігімен алдымен 1967 жылы кандидаттық, 1983 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Содан кафедра зертханасында аға ғылыми қызметкер болып біршама уақыт еңбек етіп, кейіннен Василий Филиповичке ризашылығын білдіріп, туған жерге қайтады. Украиналық ұстазымен де ол кісі өмірден өткенше хабарласып, сыйласып тұрды.

 

Фармацевтиканың тұңғыш докторы

Елге оралысымен Сибағатолла Рысқалиұлы өз шәкіртін институтқа бірден жұмысқа қабылдайды. Ассистенттен бастап доцент, кафедра меңгерушілігіне дейін өседі. Ал 1972 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі Бас дәріханасында алдымен бастықтың орынбасары, бір жылдан соң бастығы болады. Кеңесбай Үшбайұлының істі дұрыс ұйымдастыруының арқасында елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы дұрыс жолға қойылды. Көптеген мәселелер оң шешімін тапты.

Араға сегіз жыл салып, яғни 1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқу ісі жөніндегі проректоры болып келді. Осылайша бір кездері өзі түлеп ұшқан жоғары оқу орнының ұстазы атанып, шәкірт тәрбиелай бастады. Фармацевтика саласында білгенін, жиған-тергенін кейінгі жастарға үйретті. Мұнан соң да тәжірибесі мол ғалым 1988–1990 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент бөлімшесінің директоры қызметін атқарды.

Осы ретте Кеңесбай Үшбайұлының Шымкентке келгенде жүзеге асырған айшықты бір ісін айтпай кетуге болмас. Ол кісі Шымкентке қызметке ауысып келгенде тек Шымкент облысында емес, жалпы оңтүстік аймақтарда провизор мамандардың тапшылығын байқайды. Содан көп ойланбастан еліміздің сол кездегі премьер-министрі Ұзақбай Қараманұлының қабылдауында болып, мән-жайды айтып түсіндіреді. Жағдайға қаныққан үкімет басшысы да істі көпке созбай, тиісті құжаттарды жинатып, Шымкент қаласынан Фармацевтика институтын ашуға көмектеседі. Кеңесбай Үшбайұлы осы институттың алғашқы ректоры болып, 1990–1993 жылдары қызмет істеді.

1993–1995 жылдары «Қазфармбиоөнеркәсіп» концернінің президенті, ал, 1995 жылдан «Фармация» өндірістік бірлестігінің президенті қызметін атқарды. Кейіннен осы өндірістік бірлестігінің негізінде «Фармация» мемлекеттік холдинг компаниясын ашты. Аталған холдингтің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өкпені қысқан «өтпелі кезеңнің» қиын уақытында елімізді қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде көп көмегі тиді.

Еліміздегі фармацевтика ғылымының ең алғашқы докторы, профессор, ұстаз, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Профилактикалық медицина академиясының академигі Кеңесбай Үшбайұлының ғылым жолында еткен еңбегі ұшан-теңіз. Ол Қазақстанда фармация ісін ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты зерттеумен айналысты. Нәтижесінде бірқатар өсімдіктердің химиялық құрамы мен емдік қасиеттерін анықтады. Сонымен қатар 122 ғылыми жұмыс пен 6 кітаптың авторы атанды.

Әрине, Кеңекеңнің өмірі тақтайдай тегіс болды деп айтуға келмейді. Талай соқтықпалы, соқпақты жолдардан өтті. Қалтарысы мен бұлтарысы көп мына өмірде аяқтан шалғандар да табылды. Алдымен Алланың арқасында, сосын аруақты бабасы Ер Әжібайдан дарыған қайсарлығының арқасында бәрін де жеңе білді. Мойымады.

 

Тәуелсіздік туралы Заң қабылданған кез

Өмір көндігуден емес, күрестен тұрады. Тек әділдікті ту еткен адам ғана дегеніне жетеді. Ал менің аға досым Кеңесбай Үшбайұлы жамандыққа, қиянатқа жаны қас адам. Неде болса бетке турасын айтқанды ұнатады. Бұл да болса асыл ұстазы Сибағатолла Қарынбаевтан алған тәлімі болса керек. Ол кісі: «Айтатының болса бетіне айт, ешкімді сыртынан жамандама, егер шынында да жаман адам болса, оны басқалар айтсын, бірақ сенен шықпасын» дейді екен.

Еліміздегі фармацевтика, жалпы денсаулық сақтау саласында ерен еңбегімен танылған Кеңесбай Үшбайұлы XІІ шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаты болғанда да халықтың қамы үшін аянбай тер төкті.

Қазіргі жастарды қайдам, бірақ аға буын мен орта буынның XІІ шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаттарының қалай жұмыс істегені есінде болар. Бұл еліміз тәуелсіздігін енді алып, әлі де бағыт-бағдарымыз айқын емес, турасын айтқанда, болашағымыз бұлыңғыр уақыт болатын. Ескі мен жаңа күреске түскен сол бір кезеңде аталған шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ететін аса маңызды заңдарды қабылдады. Мәселен, «Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы» Заңды қабылдап, Қазақстанда президенттік басқаруды енгізді. «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады. Міне, сол кезде еліміздің келешегіне қатысты осындай небір тағдыршешті шешімдерді қабылдау барысының бел ортасында халық қалаулысы ретінде Кеңесбай Үшбайұлы да жүрді. Осылайша сол бір биік мінберден қандай мәселе болмасын өзінің азаматтық көзқарасын ашық айта білді.

Халқымызда «Досы көпті жау алмайды» деген сөз бар. Осы бір тәмсіл Кеңесбай ағамызға дәл айтылғандай. Кеңекеңде өзінің ғалымдық, ұстаздық һәм қызметтік жолында талайлармен танысып, дәмдес, сыйлас болды. Тіпті, солардың ішінен араларынан қыл өтпес достарды көп тапты.

Кеңекеңді білетіндерден бұл кісі туралы сұрай қалсаң, алдымен досқа адал, достыққа берік екенін жарыса айтады. Осы ретте Кеңекеңнің өзімен аттас тетелес ағасы әрі досы, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиевтің сөзіне құлақ түріп көрелік. «1985 жылы мен облысты басқару қызметінен кетіп, 1987 жылы, әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін қасақана ұйымдастырылған қадағалауға түстім, заң орындары біраз мазалады. Сол кезде облыстық, республикалық прокуратураға шақырылғанымда Кеңес (Үшбаевты айтып отыр-авт.): «Сенімен бірге барайын, қамаса, сенімен бірге қамасын», дейтін ылғи», – дейді.

Көрдіңіздер ме, Кеңекеңнің достығы қандай?.. Адам қызығарлықтай. Досының басына іс түскенде, онымен бірге болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Дос болсаң, осындай бол!

Дос болғанда да, кімдермен аралас-құралас, сыйлас болды десеңізші?.. Аты аңызға айналған Мәжікен Бутин, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Ұзақбай Қараманов, Кеңес Аухадиев, қазақтың заңғар заңгері Салық Зиманов, ғұлама ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин, атақты тарихшы Манаш Қозыбаев, халқымыздың классик жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейісов, ақын Тұманбай Молдағалиев, жазушы Қоғабай Сәрсекеев, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Кенжеғали Сағадиев, Жаңалық Әбдірахманов, Сәбит Бабаев, еліміздің кезінде денсаулық сақтау министрі болған Василий Девятко, бұдан басқа да аттары аталмаған қаншама адамдар бар. Бұлардың көзі тірілермен әлі де достығы үзілмей келеді. Бұл нарқасқа тұлғалармен, ақын-жазушылармен, игі жақсылармен таныстықтары алдымен сыйластыққа, кейіннен қимастыққа ұласып жатты. Мұндайда қазақ «Жақсымен өткен бір күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демеуші ме еді.

Жалпы, Кеңесбай ағамызға берілетін мінездемелердің ұзын-ырғасы былай болып келеді. Кеңпейіл, текті, көшелі, көпшіл, адал, батыл, шыншыл, әңгімешіл, әзілқой, тағысын-тағылар дегендей…

Кеңекең ешуақытта қызметін бұлдаған емес. Өзі де жоғары тұрған біреудің алдына барып, өзі үшін де, өзгелер үшінде ешнәрсе сұрамады. Бұл қасиет оның дос-жарандар, көп алдындағы мәртебесін жоғарылата түскені рас. Кеңекеңнің өзі бұл жөнінде: «Біріміздің қуанышымызға біріміз қуанып, ауыртпалығымызды бірге бөлісіп, қолымыздан келгенінше бірімізге-біріміз ретсіз салмақ салмауға тырыстық», – дейді.

«Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар, Тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген бар. Өзім аса қадір тұтатын дос ағама қарап, осы бір сөздің шын мәнінде өте орынды айтылғанына әркез көз жеткіземін. Ер Әжібайдың алтыншы ұрпағы Кеңекең де сол батыр бабасы секілді елге болсын дейтін жан. Туған жерінде Ер Әжібай бабасына арнап мешіт салдырды. Бұдан бөлек қайырымдылық істерден де қалыс қалмайды. Қолынан келгенше айнала-төңірегіне жәрдем береді. Жоғары оқу орындарында білім алып жүрген ауылының балаларына стипендия төлейді. Тіпті, таныстарына сыртынан мерзімді басылымдарды (қазақ тіліндегі) жаздырып береді. Әрине, мұндай істерін ол дабыра қылмай атқарады, білдіртпеуге тырысады. Дегенмен, жасыратын несі бар, көпшілік Кеңекеңнің жасаған сауапты істерін есітіп қояды. Ел құлағы елу деген осы

Арғы бабасы Ер Әжібай бірде: «Түс көрдім. Менің алтыншы ұрпағымнан бір бала елге атымды шығарып, қадір-қасиетімді жамағатқа дәріптейді», – деген екен. Батыр бабасының сол аян түсі ақиқатқа айналды. Бүгінде Кеңекеңді алдымен үлкен жүректі тұлға, елге танымал ғалым, мейірімді меценат деуге болады. Кеңесбай ағамыздың аты аталған жерде батыр бабасының еске алынуы да заңдылық. Қазақы дәстүр деуге келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды».

Сөзімнің бас жағында айтқанымдай, Кеңекеңнің жүріп өткен өмір жолы мақтауға емес, мақтануға тұрарлық. Айналдырған бір мақалаға ғалым ағамыздың ғибратқа толы ғұмырының бәрін сыйдыру мүмкін емес. Біз бар болғаны, Кеңекеңнің кешегі мен бүгінгісінің шет жағасынан ғана сыр шерттік.

Келесі жылы, Алла бұйырса, сексеннің сеңгіріне шыққалы тұрған аға досыма мықты денсаулық, қажымас қайрат, Ноғайбай атасының жасын тілеймін. Мақаламды Кеңекеңнің өз сөзімен түйіндегенді жөн көріп отырмын. Асыл ағамыз: «Осы уақытқа дейін көтерілген тұғырыңның деңгейін төмендетіп алмай, кейінгі жастарға, ұрпаққа үлгі болардай игілікті ісіңмен танылсаң, одан артығының керегі бола қояр ма екен…», – дейді.

 

Иcламбек ОМАРОВ,

«Алматы қаласы мәдениет, спорт және полиграфия мекеме қызметкерлерінің Жергілікті «Руханият» кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *