«Қазақ елі монументі» орнатылса

Бұл Наурызбай ауданында тұратын желтоқсаншы азаматтардың аудан әкіміне айтқан ұсынысы

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Табиғат пен адам жаны егіз десек, 16 желтоқсан жақындаған сайын Табиғат-ананың қабағы салқын тартып, біресе көз жасындай қар аралас жаңбырын төгіп, біресе сол 16 желтоқсан күні жастарға қарсы шашылған суық судай жаныңызды қаритын ызғарын шашып енді бірде сол жастардың жарқын шақтарындай күн шуағын төгіп, сан құбылатыны бар. Биылғы желтоқсан айының мінезі де құбылмалы болып тұр. «Желтоқсандағы сол бір күндер естеріңде ме, сол көтерілісте Қазақстанның Тәуелсіз ел болуын, арман етіп, ұлтының намысын ту етіп алаңға алып шығам деп ажал құшып, әділетсіздіктің соққысы жандарын жаралаған қыршындарды ұмытқан жоқсыңдар ма дегендей аспан қабағын түйіп, жыламсырап тұр.

Иә, сол бір екі күн. Ол күн ұмытылмайды. Ел-жұрт желтоқсан айы келгеннен желтоқсаншы ұл мен қызын іздеп, олардың мәңгілік ел мұраты жолындағы ерліктерін құрметтеп, оны бүгінгі жас ұрпаққа дәріптеуге асығады. Сондай құрмет пен ізетті кездесулердің бірі Наурызбай ауданында өтті. Аудан әкімі Санжар Тоғай ауданда тұратын отыздан астам желтоқсаншылармен кездесіп, оларға аудан жұрты атынан құрмет көрсетті.

Кездесу барысында желтоқсаншылар бастарынан өткерген оқиғалары мен замандастарының ерліктері туралы естелік, әңгіме айтып, Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек пен қамқорлықтар төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Емен-жарқын әңгіме барысында Жұмабай Тәжібаев желтоқсаншылар атынан «Қазақ елі» атты монумент орнатылса, ол Алатау ауданындағы Сақ қорғандары қорығынан орын алса деген көптен көкейлерінде жүрген ұсыныстарын ортаға салып, өздерінің алдын-ала жасаған жобаларын аудан басшысының назарына ұсынды. Аудан басшысы бұл жобадан хабардар екендігін білдіріп, олардың ұсынысын және ол монументтің аудан аумағында салынуы туралы ойын қала басшысына жеткізетіндігін айтып желтоқсаншыларды бір қуантып тастады.

Кездесу барысында желтоқсаншылардың аудандық ұйымның жетекшісі Ғани Аюпов, осы ұйымның мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Б.Көпесбаева және басқа да азаматтар сөз алып, өздерін төрге оздырып, жас ұрпаққа үлгі болар тұлғалар қатарында мадақтап, құрметтегендері үшін алғыстарын білдірді. Кездесуде ауданның ардагерлерінен құрылған Мырзагүл Ерғалиева жетекшілік ететін «Арай» ансамблінің мүшелері өнер көрсетіп, желтоқсаншыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал желтоқсаншылардың «Қазақ елі» монументін салу туралы ұсыныстары ұлтжанды азаматтар тарапынан қолдау тапса құба-құп дейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *