Қазақ эстрадасындағы тектілік сарын

Ербол Тұрымбетов

Бүгінде қазақ эстрадасы қаптаған жас буын өкілдерімен толысып жатыр. Күніне біреу болмағанмен, сәт сайын қолына микрофон ұстаған әнші не әншісымақ жарыққа шығып жатқанына келісетін шығарсыз. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ, өңшең біртектілікке бой берген жастарды керемет деп айта алмаймыз.  Алайда, соңғы уақыттардағы қазақ эстрадасында қарқын алған бір ағым назарға еріксіз ілінеді…

Естеріңізде болса, күйші Асылбек Еңсепов ең алғашында домбыра үнін заманауи жанрға сай етіп шығарғанда, барша халық елең етіп, қуана қол шапалақтаған еді. Оның ізін ала шыққан «Ұлытау» секілді топтар мен жеке домбырашылар ел ішінде қаптап кетті. Тіпті, «Ұлытаудың» бір кезде АҚШ-қа барып, Құрманғазының «Адайын» тартып, дүйім жұртты таң қалдырып келгені бар. Домбырашылардан соң, кезек қобызға келіп, қоңыр үнді «Дэкко» жанрына ұластырған нешеме қыз-жігіттер әрбір тойда өнер көрсете бастады.

Негізгі айтарымызға енді келдік десек те болады. Заман ағымына домбыра мен қобыз ілескенде, қазақ құдіретінің бір көрінісі – жыраулық өнері қалыс қалар ма?.. Бұл тұрғыдағы әншілер көшін бастаушылардың бірі – Өмірқұл Айниязов десек, қателеспейтін шығармыз. Иә, әуелгіде халық әндерінің ауылдағы той-томалаққа аса сән берген керемет дүңкілдек музыкаларға айналғанын жақсы білеміз. Ал Өмірқұлдың арнасы тың бастама болды. Алғашында «Еркем-ай» секілді көнеден жеткен халық әндерін шырқай бастаған ол келе-келе жыраулар дәстүрін түлетуге кірісті. Оның репертуарына «Дэкко» жанрында айтылатын Базар жыраудың толғаулары ене бастады. Өмірқұлдан кейін де бірталай дәстүрлі жыр өнерінің жас өрендерінің жаңаша бағытқа ауысқанын көріп жүрдік.

Қазақ жастарының арасында бүгінгі таңда «Жыраулық-Дэкко» жанрын жоғары деңгейге көтеруші ретінде танылған жас талант Ерболат Құдайбергенов болды. Бәріміздің бұл жанрға үрке қарағанымыз жасырын емес. Дегенмен, жастардың ынтасын аударған Ерболаттың өнерін үлкендер де қолдай бастады. Әсіресе, оның «Жігіттер» әні қазақ жастарын батылдыққа үндейді. Домбыра үнін жаңаша кейіпке енгізіп, өлең сөздеріне мән беріп, әсіресе, қазақтың біртуар ақындарының кейінгі ұрпақ елемей қалған асыл сөздерін пайдалануы көңілге қонымды жәй болды. Соның арқасында жастар Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін жаттай бастады.

Қазақ жастарының рухын көтеретін әндердің бірі – Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған «Қазақтың қара баласы» толғауының да жарық көргеніне көп уақыт бола қойған жоқ. «Серілер» тобының орындауындағы толғаудың тыңдарманға қатты ұнағаны соншалық, қазір «Қазақтың қара баласы» айтылмайтын жер аз.

Осы ағымның тағы бір жарқын көрінісі – қоғамдағы жаңашыл жастардың сүйікті тобы «Рингоның» да толғауы жарық көрді. Көмейден шығатын ежелгі көктүріктер сарынымен басталатын заманауи толғаудың керемет шыққанына тағы қуандық. «Арман да арман, арман жұрт, Алланың нұры тамған жұрт…» деп басталатын толғаудың соңы «…Ғұмырың мәңгі жалғасар, Жолыңды Алла оңғарғай!» деп ұлтына үлкен тілек арнаумен бітеді.

Айтпағымыз, не Өмірқұл, не Ерболат, қай-қайсысының болса да шығармашылығының астарында «Әй, қазақ жастары, тарихыңды таны, тегіңді біл!..» деген ұран тұрғандай әсер қалдырады. Жан-жағымыздан қаптаған, сананы улайтын орыс пен батыстың жылтырақ дүниесі ұлттығымызға қауіп болғанда, оған қарсы қояр бір қорғанның керегі анық еді. Бүгінгі қазақ эстрадасында қарқын алған «тектілік сарындағы» толғау-әндер рухымызды көтермегенде қайтпек?.. Батыстан келетін ділімізге қауіпті арсыз өнерге қарсы қояр қазақта не бар дегенде, осы жаңаша кейіпке енген толғауларымыз екендігі сөзсіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *