«Қазақ деген ұлтымның, құлақ кесті құлымын»

Алматы жұртшылығы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы, профессор Сәбит Досановтың 80 жасқа толуын атап өтті.

Айтулы жазушының мерейтойына арналған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысының құттықтаулары мен ізгі тілектерін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оқып берді.

Рая ЕСКЕНДІР

– Халқымызда «жақсының жолы жарық күн» деген жақсы бір тәмсіл бар. Жаңа ғана бәріміз тамашалаған деректі фильмнен жазушы ағамыздың жүріп өткен жолын көрдіңіздер. Жақсының жарқын жолдағы бағасын беру үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттық­тауларын оқу маған жүктеліп отыр, – деген шаһар басшысы ыстық ықыласқа толы ізгілікті құттықтауды оқып берді.

Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлованың, жазушының туған жері Қостанай облысы әкімінің құттық­тауын ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев мерейтой иесіне жеткізді.

Жазушы Сәбит Досановтың шығармаларын тек қазақ халқы ғана емес, дүниенің төрт бұры­шындағы қалың оқырманы да  оқиды. Сондықтан жолдың алыс­тығына, қыстың ызғарына қара­мастан Франция, Түркия, Армения, Ресей, Қыр­ғызстан, Әзербайжан, Өзбек­стан, т.б. мемлекеттен арнайы келген әріптестері өздерінің құт­тықтау­лары мен тарту-таралғы­ларын жеткізді.

Әзербайжандағы жазушының әріптестері Сәбит Досановтың ұлы Даниярдың құрметіне арнайы сыйлық тағайындағандарын айтып, «Данияр» атты кітабының аудар­масын табыс етті. Жазушының алыс-жақын мемлекеттерден келген әріптестерінің барлығы да көрнекті қалам иесінің шығарма­шылығына жоғары баға берді.

Мәскеудегі қазақтардың ыстық ықыласын жеткізген арнайы өкіл Сәбит Досановтың мерейтойына дайындық үстінде екендіктерін жеткізді. «Адамзаттың Айтматовы» атанған заңғар жазушының ұлы Асқар Айтматовтың ыстық ықыласын Ыстықкөлден арнайы келген Динара Жұмабаева жеткізді.

Сәбит Досановтың әр түрлі жанрға қалам тербегені белгілі. Жазу­шының лирикаларын Ғ.Мүсі­репов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер теат­рының әртістері оқыды. Ұлтын жанындай жақсы көріп, өмір бойы қызмет етуді өзіне парыз санаған жазушының өлең жолдары былай дейді:

«Қазақ деген ұлтымның,

Құлақ кесті құлымын.

Еңбегім сіңсе ұлтыма,

Ұлылардан да ұлымын», – десе,  жан-дүниесіндегі жара болған ұлына деген сағынышын былайша жеткізді:

Мен құдай емеспін,

Құдай болсам ұлым сені,

Сұм ажалға бермес ем.

Қайғы жұтып, қан құсып,

Тірі өлік боп жүрмес ем.

Мен құдай емеспін, – дейді.

Жазушының өмірдегі талай пендешілік, сатқындық, екіжүз­ділікті көріп, жаны құлазыған кездері де көп болды.

Оймен шолып кеңістігін

 даламның,

Таланттымен, қанаттымен

 жарыстым.

Ішкі-тысқы, ірі-ұсақ

 жаулармен,

Өмір бойы арыстандай

 алыстым.

Естідім мен улы, зәрлі сөздерді,

Сатқындықты, мерездікті көз

 көрді.

Арыстан ем, мысықтарға кез

 болдым,

Содан болар мінезім де өзгерді,

– дейді.

Өмірдің талай соқпағынан өткен Сәбит Досанов өткен күнін былайша еске алды:

– Жаратқан маған керемет күш берген екен. Жас кезімде көп жұмыс істедім. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрсем де шығармалар жаздым. Газеттің жұмысы тағы бар, күніне 4-5 сағат қана ұйықтасам да шаршамаушы едім. Содан кейін мен он рет о дүниеден қайтқан адаммын. Дәрігерлер өледі дегенмен, мен тірі қалдым. Менің үш-ақ арманым бар. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болса деймін. Өйткені елсіз, жерсіз бақытты бола алмайсың. Екінші бір арманым, қазақ халқы өркениетке жетсе деймін. Алыс ауылдарда әлі күнге дейін көмір жағып, күл шығарады. Үшінші арманым, 80 жасымды өткізіп алсам, сосын 90-ға жетсем деймін. Өйткені, жазатын дүниелерім, айтарым бар. Шығармашылық адам о дүниеге кетсе өзімен бірге барлық қазына кетеді. Жиған-тергенім кетеді. Мен өмір бойы кітап оқыған адаммын. Жиған білімімді халыққа беруім керек. Сол үшін Алла Тағала оншақты жыл уақыт берсе деймін.

Кеш соңында Сәбит Досанов қалың оқырманына ризашы­лығын білдірді. Өмірімнің осы бір сәулелі сәтінде Бұқар жыраудың «қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай» деген сөзі оралып тұр. Осы бір сөз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналып тұрғандай. Елімізде бірлік болмаса, бейбіт өмір салтанат құрмаса, мынадай зәулім сарайда осындай кеш өтпес еді.

Күлтегіннің «Халқыңа бегі, бегіне халқы сай мемлекет ұзақ жасайды» деген сөзі біздің мемлекетімізге қарата айтылғандай. Жаныма шуақ, қаламыма қанат бітірген халқымнан айналып өтейін, перзенттік кішілікпен тағзым етемін. Жүректен от өшкенше, бұл өмірден өткенше Отаныма, халқыма қызмет етемін деген Сәбит Досанов басын иіп тағзым етті. Салтанатты жиын соңында Н.Нүсіпжанов, Ш.Әбіл­таев, Р.Стам­ғазиев, М.Сәдуақасова, «МұзАрт», Жанболат пен Жазира өнер көрсетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *