Қазақ әдебиеттану ғылымы ауыр қайғыға ұшырады. Белгiлi әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Майтанов өмiрден озды.

Бақытжан МАЙТАНОВ

Бақытжан Майтанов – 1952 жылы 27-наурызда Алматы облысы Қаратал ауданының Сарықамыс ауылында туған. 1974 жылы ҚазМУдiң журналистика факультетiн бiтiргеннен кейiн «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнде тiлшi болған. 1974 – 1990 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, аға лаборант, кiшi және аға ғылыми қызметкер, 1990 жылы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакторының орынбасары, 1990 – 1996 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университетiнiң Қазақ әдебиетi кафедрасында аға оқытушы, профессор, 1996 – 1999 жылдары Қазақ мемлекеттiк Заң университетiнде Қазақ, орыс, шығыс тiлдерi кафедрасында профессор болып қызмет еттi. 1998 жылдан ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйi» ғылыми-мәдени орталығының жетекшiсi, 2000 жылдан әлФараби атындағы ҚазҰУ әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасының меңгерушiсi болып еңбек еттi. 1997 жылдан ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигi. 2004 жылы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Ш.Уәлиханов атындағы I дәрежелi сыйлығын алған, 2006 жылы «ҚР Жоғары оқу орындарының үздiк оқытушысы» атағына ие болған, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн» атты төс белгiсiмен марапатталған.

Үш жүзге жуық әдеби-сын, әдебиеттанушылық сипаттағы мақалалары жарық көрген. Жуырда ғана жарық көрген М.Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық басылымына ғылыми жетекшiлiк жасады.

АЛДЫҢ ПЕЙIШ, АРТЫҢ КЕНIШ БОЛСЫН

Бақытжан Майтанов ғылымға журналистикадан келдi. Бiлiмдi, байыпты әрi талантты жан әдебиет сыны мен әдебиеттану саласын оп-оңай-ақ меңгерiп кеттi. 1969 жылдан бастап республикалық газет-журналдарда жарияланған мақалаларымен көрiнiп келдi. 1997 жылдан ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигi. 2004 жылы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Ш.Уәлиханов атындағы I дәрежелi сыйлығына, 2006 жылы «ҚР Жоғары оқу орындарының үздiк оқытушысы» атағына ие болды. 2008 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн» атты төсбелгiсiмен марапатталды. М. Әуезовтiң шығармаларының елу томдық академиялық басылымына ғылыми жетекшiлiк жасады. «Қазақ романы және психологиялық талдау» деп аталатын ғылыми еңбегi қазақ әдебиеттану саласына қосылған сүбелi үлес болды.

Бақытжан Майтанов Абайдың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұхтар Әуезовтiң әдеби портреттерiн жасады. Үш жүзге жуық әдеби сын, әдебиеттанушылық сипаттағы мақалалары жарық көрдi. Амал қанша, ашқарақ ажал қазақтың көрнектi ғалымын арамыздан алып кеттi. Оның соңында ұлттық әдебиетiмiздiң мүйiзi қарағайдай майталмандарының шығармалары жайында жазылған қыруар ғылыми еңбектерi қалды. Алдың пейiш, артың кенiш болсын, әрiптес досө

Қансейiт ӘБДЕЗҰЛЫ,

ҚазҰУ-дiң филология факультетiнiң деканы.

Үлгiлi ұстаз, сұңғыла ғалым болатын

– Қарап отырсам, мен Бақытжанмен 20 жылға жуық уақыт бiрге жұмыс iстеппiн. Әдебиеттiң жүгiн өмiр бойы бiрге көтеремiз деп ойлаған едiк, амал қаншаө Ажал кiмдi қай тұста қақпанына түсiретiндiгiн бiлмеймiз. Сондықтан, шарасызбыз.

Бақытжанның бойында ғалымға тән қажырлылық, сабырлылық, еңбекқорлық бар едi. Қашан қарасаңыз да том-том кiтапты ақтарып, ағымдағы газет-журналдардың барлығын назарына алып отыратын. Оқудан да, жазудан да жалықпайтын. Бергенiм көп деп емес, берерiм алда деген мақсат ұстанатын. Мен онымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 3-4 жыл, ҚазҰУ-дiң филология факультетiнде 15 жылға жуық уақыт бiрге болдым. Ешкiмге мiнез көрсеткенiн көрген емеспiн. Шәкiрттерiне, қол астындағы қызметкерлерiне шығармашылық еркiндiк берiп, тереңнен қаузап, сапалы дүние жасауды талап ететiн. Қашан қарасаң да қағаз үстiнде болатын. Қалам алдындағы қарызын, қағаз алдындағы парызын бар дәрменiмен орындап кеттi. М.Әуезовтiң шығармаларының елу томдығына ғылыми жетекшiлiк жасап, сүбелi еңбектi өмiрге әкелуге зор үлесiн қосып кеттi. Бiр сөзбен айтқанда, үлгiлi ұстаз, сұңғыла ғалым болатын.

Зұфар СЕЙIТЖАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *