Қазақ баспасының қазіргі жағдайы қандай?

Айкерім РАИСҚЫЗЫ

Таяуда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде баспагерлер бас қосты. Жиын баспа өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Баспалар ұсынған баспа өнімдері ыңғайлы әрі қолжетімді бағада болды. Мұнда ізденіс пен сұранысқа ие көптеген баспа өнімдері қойылды. Сондай-ақ, жәрмеңке барысында баспагерлер тек өз өнімдерін ұсынумен ғана шектелмей, «Баспа ісі және БАҚ дизайны» кафедрасының студенттері жасаған кітапшалармен, олардың жеке шығармашылықтарымен танысты. 3- курс студенттері жасаған түрлі пішіндегі балаларға арналған ойыншық кітапшалары баспагерлер тарапынан қызығушылық туғызды. Күн тәртібіндегідей жиын «Баспа мамандарын даярлау және жұмыспен қамтамасыз ету» тақырыбында өткен үлкен дөңгелек үстелге ұласты.

Есберген АЛАУХАНОВ, журналистика факультетінің деканы:

– Бұл киелі шаңырақта маман даярлау ісі басталғалы ғасырға жуық уақыт өтті. 77 жылдан бері бұл ортадан талай қаламгерлер мен баспагерлер шыңдалып шықты. Бірақ, нақты баспа ісіне маман даярлаудың басталғанына  10 жыл толып отыр. Осы алқасөзде баспа ісінің кәсіби мамандарын даярлау ісін ортақ талқылаймыз.

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, «Ана тілі» баспасының директоры:

«Қазақ кітабы» жәрмеңкесін ұйымдастырсақ

– Қазіргі қазақ баспаларының қазіргі жағдайы қандай деген сұрақты қойсақ, көңіл көншітерлік жауап таба алмаймыз. Шамасы жеткен әркім жеке басына баспа ашып алған, ал, ондағы мамандардың  кәсіби шеберлігіне күмән бар. Қазақ баспагерлерінің жағдайы өте нашар. Бұрынғыдай қаламақы алмаса да, қазіргі қазақ ақын-жазушыларының баспаларға өкпесі жоқ. Әрқайсысының кем дегенде бір-бір кітабы шыққан.

Кітаптың таралымына келер болсақ, дүкендерге түспейді, ауылдарға жетпейді, бағасы да қымбат. Неге? Өйткені шикізат Ресейден келеді. Бізде кітапқа қосылатын қосымша құн салығы бар. Ал, Ресейде ол Ельциннің кезінде алынып тасталған. Бізге де сол керек. Қазақ кітабының насихаты, жарнамасы жоқ. Республикада Қанат Қайымның басшылығымен жалғыз ғана газет – «Кітап жаршысы» шығып тұрады. Оның өзінің таралымы аз. Қазақ кітабы жәрмеңкесін ұйымдастыруды қолға алу керек. Жоғары оқу орындарында кітап сату дүңгіршектерін ашу қажет. Баспаларға шәкірт болып қабылданған студенттер, неге екенін білмеймін, келмей кетті.

Ерлан ӘБЕНҰЛЫ, «Мектеп» баспасының директоры:

Кітап тарату мекемесін ашқан жөн

– Факультет, кафедра тарапынан қандай ұсыныс берілсе, соның бәрін қолдауға дайынбыз. Тәжірибе сағаттарын баспада өткізу қажет болса, есігіміз ашық. Айтарым, баспаға келген студент қандай пән өткендігін, қандай пән бойынша тәжірбие алғысы келетінін біліп келсе. Біздің баспа шәкірттерге техникалық редакциялау, безендіру, қалыптау, шыққан өнімді тарату, сату тәжірбиелерін үйрете алады. Былтыр да айтқанмын, биыл да қайталап айтамын, студенттер пайдалы жоба ұсынса, оны жүзеге асыруға және оның пайдасын студенттің өзінің де көруіне мұрындық болуға әзірміз.

Бауыржан ЖАҚЫП, «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры:

– Жақау ағай дұрыс айтты, ауылда кітап өтпейді емес, ауылға кітап жетпейді. Сондықтан кітап тарату мекемесін ашу керек. Ал енді бұл кафедра ашылар кезде мен де меңгеруші болғанмын. Осыдан 10 жыл бұрынғы кафедрамен қазіргі кафедраны салыстыруға келмейді. Биыл 103 студент оқып жатыр деген дерек мені қуантты. Біздің баспа да шәкірттердің үйренемін деп келгеніне қуанады. Былтырғы «Баспагер-редактор» байқауына арналған шәкіртақы өз күшінде қалады.

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің редакторы:

Баспа ісінің барлығы заңға келіп тіреледі

– Біз заңды біле бермейміз. Барлық іс-әрекетіміз құқықтық негізде жасалуы керек. Баспалар құқығының сақталуы кемшін. Қолжазбаны қабылдау, автормен ортадағы келісім, баспаханға өткізу, шыққан өнімді тарату – барлық әрекеттің негізі заңға келіп тіреледі. Кітап шығарушы да, кітап таратушы да, қабылдаушы да заңнамалық құжаттардың тәртібі мен ережесін толық білмегеннен кейін де біздің ісіміздің нәтижесі де тым баяу жүзеге асады. Сондықтан, кафедрада да, факультетте де студенттерге құқықтан, баспа ісіндегі заңнан дәріс өткен жөн. Екінші айтайын дегенім, әлемдегі бар әрекеттің бірі – контрагент. Яғни баспаның шыққан өніміне қарсы ақпарат таратушы, оның әрекет етуіне кедергі жасайтын жүйелер бар. Мұны да баспа ескеріп отыруы қажет. Үшінші айтайын дегенім, жарнамаға қатысты. Жарнаманы өзіміз жасауымыз керек. Ақпараттық-технология дамыған кезде кез-келген адам жарнаманы қалта телефон арқылы көре алуы керек. Ақпарат министрлігі ең үздік сайтқа байқау ұйымдастырған еді. Әр баспа өзінің шыққан өнімі туралы сол сайтқа ақпарат беруі керек.  Сонда миллиондаған жұрт қандай кітап шыққанын көрер еді. Міне, заманауи жарнама деген осы. Тағы бір айтайын дегенім, тұтынушы, сатып алушы алатын тауарының, әуелі, сыртқы сипатына қарайды. Көз тартар, жұтынып тұрған тауарды алуға ынталы болады. Айтайын дегенім, кітаптың өтуі де оның безендірілуіне байланысты. Сондықтан, «Кітап дизайны» мамандығын ашып, шәкірттердің кітап безендіру шеберлігін меңгергені жақсы еді.  Осы заңнамалық негізге сүйену дегенде біз Парламенттегі ниеттес, тілектес депутаттарды пайдаланып, баспа ісіндегі мақсаттарымызды заңдық жүйеге енгізіп алуымыз керек.

Қанат ҚАЙЫМ, «Ол-Жас» баспасының директоры:

Республикалық кітап саудасы орталығын ашу керек

– Шындығында, бұл алқа сөздің көтеріп отырған мәселесі бәрімізге ортақ, ойландыратын мүддеге сәйкес. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Сондықтан, бей-жай қарауға тиіс емеспіз. Біз де студенттердің, шәкірттердің білікті маман болып шығуына тілектес болып қана қоймай, тікелей атсалысуымыз керек. Республикада кітап саудасы орталығын ашу керек, өйткені, бір ғимаратта отырған баспалар бірінің өнімін бірі білмейді. «Кітап жаршысы» газетін Астанадағы кейбір баспалар мен баспагерлер білмейді. Қазір қаладағы кез-келген кітап дүкеніне кірсең, болмағанда екі қазақ кітабын таба алмайсың. Баспа ісінде кітап технологы мамандарын даярлау қажет. Жыл сайын ұлттық кітап күнін атап өтуді қолдаймын.

Билалдин АЛЯКПАРҰЛЫ, № 5 полиграфиялық лицей директоры:

– Біздің лицей, негізінен, полиграфия мамандарын дайындайды. Түлектеріміз Республика көлемінде үлкен сұранысқа ие. Тіпті, бірінің Ресейге барып, өз мамандығы бойынша қызметке тұрғанын мақтанышпен айта аламын. Жұмысқа алушылар тарапынан да алғыс хаттар жиі келеді. Енді бір айтарым – біздің бітірушілер сіздердің кафедраларыңызға келіп, оқуын 3-курстан бастап жалғастырса.

Әлібек НАУРЫЗБАЕВ, «Экономика» баспасының директоры:

Баспагер білімді, білікті болса

– Кафедра оқытушыларымен, студенттерімен біздің баспа тығыз байланыста. Дәрмен Смайылдың жетекшілігімен студенттер шығармашылығы енген «Селтеткізер» кітабын шығарсақ, былтыр оның дәстүрлі жалғасы ретінде «Ұйқыашар» жинағын шығардық. Бір айта кетерлігі, бұл кітаптарды шығаруда студенттердің өзі қолжазба күйінен бастап бүкіл процесін атқарды. Егер көрсем, білсем, деген шәкірттер болса, баспаны аралатып, атқарылатын қызметтермен таныстырамыз.

Серік ҚАЛИЕВ, «Атамұра» корпорациясынан:

– Баспагер мамандығы — үлкен төзім мен шығармашылық ізденісті, білімді қажет ететін мамандық. Болашақ маман қолжазба әкелген автордың, мейілі ол ғалым болсын, мейлі жазушы болсын, солардың деңгейінде сөйлесе алуы керек.  Ал, оған білім керек. Редактордың өзі сауатсыз болса, автордың ығына жығылып кетеді. Бізге жұмысқа келген студенттер бүгін істеймін, ертең жоқ деп емес, ұзақ уақыт қызмет етсем деген мақсатпен келсе. Бүгін 1-курс студенттеріне баспа мамандығына қатысты шеберлік сыныбын өттік. Баспада атқарылатын қызметтермен таныстырған болдық. Бірақ «Сұрақ қойыңдар!» дегенде, ешкім үндемеді. Ал, енді алқасөзде айтылған мәселелердің бәріне қолдау көрсетеміз. Алда болатын «Болашақ баспагер-редактор» байқауының жеңімпаздарына шәкіртақы тағайындауды біз де қарастырамыз.

Рахмидин РАХМАНОВ, «Көкжиек» баспасының директоры:

Баспалар мен студенттер тығыз байланыс орнатуы керек

Кеше біздер кафедраға келіп, аталған алқа сөздің өту барысы туралы ақпарат алып кеткенбіз. Баспа мамандығына деген жанашырлық қатты қуантты. Ал, өзара байланысқа келер болсақ, біздің баспаға 2 шәкірт келіп, атқарылатын процестерге араласып жүр. Баспамыз келген студенттерге тек қана тәжірибе жүзінде білім бермейді. Олардың барынша сауатты болуын да қадағалайды. Сондықтан, келген кезде таным, білім деңгейін анықтау мақсатында оқыған кітаптарының тізімін сұраймыз. Оқымаған кітаптарын үйге тапсырма ретінде береміз. Сөздік қорын байыту үшін сөз тіркестерін жаттатамыз. Тағы да келем деуші шәкірттерге есігіміз әрдайым ашық.

Сағатбек МЕДЕУБЕК, «Баспа ісі және БАҚ дизайны» кафедрасының меңгерушісі:

– Бүгінгі алқасөздің мақсаты – баспа мамандарын даярлау, жұмыспен қамту, баспалармен өзара тығыз байланыс орнатып, болашақ баспагерлерді мамандыққа баулу. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін, бірлесе отырып бір жүйеге қою. Ұстаз бен шәкірт  институтын жетілдіру. Айтылған әңгімеге орай, біздің студенттеріміз баспалармен байланысып, «Селтеткізер», «Ұйқыашар», «Менің ертегім» сынды өз еңбектерін шығарды және «Баспагер» қабырғалық газетін де жариялап жүр. Осы тұста олар тәжірибелік жағынан көп шыңдалды. Болашақта да баспалармен байланысты нығайтып, студенттер сабақтарының біршамасын баспада өткіземіз деген ойымыз бар. Дәрісханада оқылған дәрісті тәжірибе жүзінде көріп, өзі де оған тікелей қатыса өткен сабақтың берері көп болады. Баспагерлердің жиналуы қазіргі күні дәстүрге айналып келеді. Осындайда нақты «Баспагерлер күні» белгіленсе дейсің.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *