ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАРА НАРЫ

Алматыда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында журналист-жазушы Итен Қарымсақұлының 80 жылдық мерейтойы аясында «Жақсының жарығы», «Библиографиялық көрсеткіш» атты кітаптарының тұсаукесері және қаламгерді марапаттау рәсімі өтті. Келушілер көрнекі ұйымдастырған көрме жұмысына қызығушылық танытты. Бұл үлкен шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, академик, ақын Бауыржан Жақып ашып, жүргізіп отырды.

ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова кітапхана қорында белгілі қаламгер, Қазақ­станның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қызылор­да қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі И.Қарымсақұлының 1955 жыл­дан 2019 жылдың сәуір айына дейінгі кезеңде баспа беттерінде жарық көрген мақалалары, өлең­дері, сұхбаттары, журналистің өмірі мен шығармашылығы жай­лы жазылған өзге де туындылары сақтаулы тұрғанын баяндап, осы жайлы «Библиографиялық көр­сет­кіш» жарыққа шыққанын хабарлады. Бұл кітап Қызыл­ордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 2019 жылы шығарған «Әділдікті ту еткен қаламгер» атты библиографиялық көрсеткішін толықтырады.

Бұдан соң ҚР Президент сый­лығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Каркенов және Ұлттық кітап­хананың директоры Бақытжамал Оспанова «Жақысының жарығы» және «Библиографиялық көрсет­кіш» атты кітаптардың тұсауын кесті.

Бұл кітаптар жөнінде Қали Сәрсенбай алғашқы сөзді алып, былай деді:

– Кітап негізінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге еңбегі сіңген айтулы азаматтар жайлы жазылған. Бұл Итен Қарым­сақұлының бесінші кітабы. Соның бәріне редактор болдым. Сонда бай­қағаным, ол өмірдің өткір проб­лемаларын көтерумен қатар, Отан, ел, жер туралы толғана жазады. Көп ізденеді. Оқыған адамды қызықтыратын жағымды бейнелерді түбегейлі және оқуға жеңіл тілмен жазуға шебер. Сондықтан бұл кітап оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алады деген ойдамын.

Кітап жөнінде өзге де сөз ше­берлері көкейде жүрген ой-пі­кір­лерін ортаға салды. Әсіресе, журналистің мектеп қабырға­сында жүріп, осы қиын да күрделі тілшілік жұмысты үлкен абы­роймен атқарғандығына жұртшы­лық назарын аударды.

Белгілі сатирик-жазушы, «Ан­нұр сапа» баспасының Бас редакторы Ермахан Шайхыұлы кішкентайынан «жас тілші» атанып, тіпті кешегі кеңестік дәуірде сонау кеңес армиясының қатарында жүріп те жауынгерлер өмірінен көптеген мақалалар жазып, көзге түскен әріптесіміз Итен Қарымсақұлы қазақ баспасөзіне зор еңбек сіңірді деген пікірін ортаға салды.

«Балдырған» журналының Бас редакторы, ҚР мәдениет қайрат­кері Дүйсен Мағлұмов, «Егемен Қа­зақстан» газетінің тілшісі Сапарбай Парманқұлов, қоғам қайраткері Сатулла Сәдуов жур­налист Итен Қарымсақ­ұлының аталған кітаптары жайлы ой-тұжырымдарын айтса, белгілі ақын Төреғали Тәшенов арнау өлеңін оқыды.

Марапаттау рәсімінде Итен Қарымсақұлына «Қазақ журна­лис­ти­касының қайраткері» медалі тапсырылды. Алматы қаласы Наурызбай ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Каркенов «Иеке, шығар тауыңыз биік, көрер қызығыңыз көп болсын!» деп жақсы тілек айтып, ауданның «Құрметті ардагері» медалін омырауына тақты.

 * *

Шараны жүргізуші Бауыржан Жақып ел басқарып жүрген белгілі азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан және әріптестерінен журналист-жазушы Итен Қарым­сақ­ұлының атына келген құттық­тауларды оқыды. Біз солардың бірқатарын ықшамдап жариялау­ды жөн көрдік.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК:

– Құрметті Итен Қарымсақ­ұлы! Сізді 80 жасқа толған мерей­тойыңызбен шын жүректен құт­тықтаймын! Жұртшылық Өзіңізді қазақ журналистикасы саласында өзіндік орны бар қа­рымды қаламгер, кәсіпқой жур­налист ретінде та­нып-біліп, ерекше құрмет тұтады.

Қызылорда қалалық атқару ко­митетінде бөлім меңгерушісі бола жүріп, мемлекеттік басқару қыз­метіне де араластыңыз. Еліміз­дің прокуратура органдарын­да тұңғыш рет ашылған Алматы қалалық про­куратурасының баспасөз қызметіне жетекшілік жасап, жаңа құрылы­мның жұмысын заман талабына сай жүйелі жолға қоя білдіңіз. Содан бері құқық тақы­рыбын сараптап жазып, жұртшылықтың құқықтық мәдение­тін көтеруге атсалысып келесіз.

Сонымен қатар, Сіздің мемле­кеттік тілдің өрісін кеңейту ісіне қосқан үлесіңіз де қомақты. Алма­ты қаласының прокуратура орган­дарында іс-қағаздарын қазақша жүргізуге көп күш жұмсап, мем­лекеттік тілдің құқықтық салада қолданылуы мен дамуына зор еңбек сіңірдіңіз.

Бүгінде өсіп-өнген іргелі бір әу­леттің отағасы ретінде маңайың­ызға сыйлы, жұрт кеңесіңізге жү­гінетін ақылман ақсақалға айналдыңыз.

Сонау көңіл марқайтар мерейлі шағыңызбен тағы да құттықтай отырып, игілікті істеріңізге береке, деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Шаңырағыңызға әрдайым ырыс пен ынтымақ ұялап, ағайын-туыстың, ел-жұрттың қошеме­тіне бөлене беріңіз!

Маңғыстау облысының әкімі Ералы ТОҒЖАНОВ:

– Құрметті Итен Қарым­сақұлы! Сіздің өмір жолыңыз – жемісті істерге, игілікке бастаған ізденістерге толы, ел алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқарған азаматтың жолы. Осын­дай елеулі еңбегіңіздің арқасында жоғары беделге ие екеніңізге ел-жұрт куә.

Сізді өз атымнан және Маң­ғыс­­тау өңірі халқының атынан 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын пейілмен құттықтай отырып, өмірдің барлық бақыты мен баянын, балаларыңыздың қуанышы мен еңбегіңіздің ырзығына кенеле беруіңізді тілеймін!

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ:

– Құрметті Итен аға! Барша қауым Сізді журналистиканың аса білікті маманы ретінде таниды. Жеке тұлғаға қатысты мұраларды мұқият жинақтап, жүйелеп, ұмы­тылғанды жаңғыртып, көпшілікке танымал еткен үлкен еңбегіңізді мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ, халқыңыз Сізді өткен тарихымыздағы адал еңбек еткен жандардың өмірбаянын насихат­таушы алғашқылардың бірі ретінде игілікті істер бастауында тұр­ғаныңыз үшін құрмет тұтады.  

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ:

– Құрметті Итен Қарым­сақұлы! Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшы­лығы барша қаламгер қауымның атынан Сізді 80 жасқа толған мерей­той­ыңызбен шын жүректен құттық­тайды.

Әр түрлі жауапты қызмет­терде абырой биігінен көрінген Сіздің еліміздің әдеби-мәдени қазы­на­сына қосқан үлесіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жүр. Руханиятымыз бен мәдение­тімізге жасаған еңбегіңіз ел есінде.

Сіз осынау асқаралы белеске жоғары білік-парасат, терең білім, қажыр-қайратыңыз бен зор адам­гершілік қасиетіңіз және азамат­тық ұстаным мен еңбекқор­лы­ғыңыз­бен жеттіңіз.

Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Сізге толағай табыстар мен отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!

Курстасы, жазушы-ғалым Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ:

– Қадірлі Иеке! Біз әрі құрдас, әрі доспыз. Құрдас­тығымыз – тағ­дырдың сыйы: бір жылдың төліміз. Достығымыз – жүректің сыйы: мақсат, мұратымыз бір. Бұдан 60 жыл бұрын сен Қызыл­ордадан, мен Торғайдан қатардан қалмай, білім алып, білікті маман болсақ деген арманмен Алматыға келіп, сонда табысқан едік. Содан бері қайда жүрсек те көңіліміз ажыраспай, сыйластығымызға селкеу түспей, достығымыз туыстыққа, бауырлас­тыққа айналып, міне, 80-ге жеттік. Алғаш кездескенімізде көңілің бай болғанмен, кедей едің, адал еңбегіңнің арқасында бүгін айтарлықтай дәулетті болдың. Салт басты, сабау қамшылы балаң жігіт едің, тіл-көзден аулақ, ұрпақ өсіріп, үлкен әулетті болдың. Есімің елге танылып, халқың қадірлейтін қабырғалы тұлғаға айналды. Тәуба, шүкір! Мен өзіңмен мақтанам, өзгелерге үлгі етіп отырам.

Сыр елінің азаматтары Итен Қарымсақұлына үлкен ілтипат жасады. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті Бас редакто­рының орынбасары М.Жетпісбаев сөз алып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Қызылорда қала­сының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев­тың және облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясы ұжымы­ның жылы лебіздерін жеткізді. Жур­налист-жазушы Итен Қарымсақ­ұлына аймақтың рухани-мәдени дамуы­на қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының және Қызылорда қаласының әлеумет­тік-экономикалық дамуы мен өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі және абыройлы еңбегі үшін Қызылорда қаласының Құрмет грамоталарын табыс етіп, шапан жапты. Мерейтой иесіне денсау­лық, бақыт және шығармашылық табыс тіледі.

– Құрметті Итен Қарымсақ­ұлы! Сізді 80 жасқа толған мерей­тойыңызбен барша Қызылорда қаласы тұрғындарының және өз атымнан шын жүректен құттық­таймын, – деп жазыпты Қызыл­орда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. – Сыр халқы Сізді өңі­ріміздің өсіп-өркендеуі жолында елеулі істерге ерекше үлес қосқан елжанды азамат ретінде жақсы біледі және әрдайым құрметтейді.

Өмір жолыңыздың әрбір соқпа­ғында биік парасаттың, үлкен жү­ректі ірі тұлғаның өзіндік қолтаң­басы, өшпес ізі бар. Бүгінде құрмет демалысында болсаңыз да өңіріміз­дің қоғамдық-саяси өмірінің өркен­деуіне ерекше үлес қосып келесіз.

Сізге бүгін 80 жасқа толған мерейлі мерекеңізде мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұяңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Әрқашан еңбегіңіздің жемісін, ұрпақтарыңыздың қызығы мен қуанышын көріп жүре беріңіз!

Алматы қаласы, Наурызбай ауданының әкімі С.Тоғай, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Ұлттық Ғылым акаде­мия­сының вице-президенті, ака­демик Т.Есполов, Алматы қала­сының прокуроры Б.Жүйріктаев­тың, Алматы қалалық прокура­турасы ардагерлер кеңесінің құттықтаулары оқылып, той иесіне шапан жабылды. Шараға қатысқан Наурызбай ауданында тұратын құрдасы Төлеш Стам­беков той иесіне қолдан өзі өрген ою-өрнекті керемет қамшысы мен зайыбына күміс білезік пен сақина сыйлады.

Мерейтой иесі Итен Қарым­сақұлы алқалы қауымға ізет-құрметі үшін үлкен алғыс айтып, қатысушыларға кітаптарын сыйға тартты.

Өз тілшімізден.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close