ҚАЗҰУ – БІЛІМ КӨШБАСШЫСЫ

Жастар – кез-келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сол себепті, ел тірегі – жастар екенін есімізден шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. Ағымдағы жылдың «Жастар жылы» деп аталуы да Елбасымыздың жастарға деген ерекше сенімін білдіреді. Келешекте жастардан күтілетін үміт пен оларға артылар жауапкершіліктің де салмағы жеңіл емес. Осы жылдың басты мақсаты – көшбасшылық болмысты қалыптастыру арқылы еліміздің дамуына үлес қосатын жастарды жасақтау. Мемлекеттің жастар тобының сапасын арттырудағы ең басты рөлді жоғары оқу орындары атқаратыны онсыз да түсінікті. Қабілетті әрі білімді маманды дайындау мемлекетті дамытудың қысқа және түзу жолы екенін ескеретін болсақ, сапалы жоғары оқу орнын таңдау – мемлекеттік маңызы бар іс деп түсіну қажет.

Құрылғанына 85 жыл толып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті талап­керлер арасында ең беделді, ең танымал, ең кәсіби, ең сапалы жоғары оқу орны болып табыла­тындығы баршаңызға мәлім. Қазақстанның әлеуметтік-саяси және қоғамдық өміріне, ғылы­мына және экономикасына зор үлес қосатын, бәсекеге қабілетті, жоғары білімді азаматтарды дайын­дап, мемлекетімізді дамы­ған 30 елдің қатарына енуіне үлес қосу – ҚазҰУ-нің басты мақса­ты. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңісті­гінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлем­дік көшбасшы университеттің біріне айналды. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ отандық универ­ситеттер ұлттық рейтінгісінің көшбасшысы және QS халық­аралық рейтінгісінде әлемнің 800 үздік университеттері арасында 220-орынды алады. Универси­теттік кампуста заманауи оқу ғимараттары, ғылыми инфрақұ­ры­лым, теңдесі жоқ әл-Фараби кітапханасы, интернет-орталық, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғұлама ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің ескерткіші, фудкорттар, спорт кешені, кино­театр, тамақтандыру комбинаты, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Студенттер сарайы, әскери кафедра, бассейн, «Жас ғалымдар үйі» бар. Ал келушілердің көзіне бірден түсетін ҚР Тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын бейнелеп тұратын салтанатты қақпа – ҚазҰУ қалашығы жаңа архитек­туралық кешенінің негізі бөлігі. Аталған қасиетті қарашаңырақты танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәжіліс және сенат депутаттары, ақын-жазушылар, спорт шеберлері және экономика саласының майталмандары бітір­ген. Мен осы білім шыңына жете­лейтін киелі ордада білім алып жатқанымды мақтан тұтамын.

Менің таңдауым – қаржы мамандығы. Қазіргі заманда кез-келген мемлекеттің тыныс-тіршілігін қалыпты ұстап тұрудың аса маңызды шарты – қаржылық сауаттылық болып табылады. ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің Қаржы кафедрасы жас буын өкілдеріне қаржы саласының қыр-сырын жетік меңгере отырып, мемле­кеттік мекемелер мен кәсіп­орындарда, қаржылық ұйымдарда, сақтандыру ұйымдарында, банк­тік және парабанктік мекеме­лерде, салық жүйесі органда­рында, бағалы қағаздар нары­ғын­да өз ісінің шебері болуға қажет б­олатын сапалы білім береді. Кафедра болашақ мамандарды үздіксіз оқу үрдістерімен ғана шек­теп қоймай­ды, «ҚазҰУ сту­денті оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр», «Green Campus» секілді жобалар арқылы студенттердің шығарма­шы­лық қырларын ашуға, жетіл­діруге көмектеседі. Оқытушылар мен студенттер арасында рухани бай­ланыс орнаған ортада жас буын жаңа дос, дана тәлімгерді кездес­тіреді. Университет қабыр­ғала­рында өзінің екінші отбасына жолығады.

ҚазҰУ өз шәкірттерін тек қана сапалы біліммен ғана емес, өмір деп аталатын үлкен кеңіс­тікте өз орнын табуға жәрдем­десетін адамгершілік қасиеттер­мен, өз-өзіне деген сенімділік сезімімен сусындатады. Ал білім­ді, өзіне сенімді, саналы жас ұрпақ – ертеңгі ел болашағы.

 

А.КУКИЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЭжБЖМ қаржы кафедрасының аға оқытушысы.

Е.ТОКИБАЙ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЭжБЖМ қаржы мамандығының 4-курс студенті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *