ҚАЗ АҚТЫҢ ФРАНЦУЗЫ

Ақын, аудармашы Ғалымжан Мұқанов ұмытылып бара ма?

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

«Un soleіl rond,

Un cіel sans fond»…

Өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында мектептің бесінші-алтыншы сыныптарында француз тілін оқыған балалардың есінде болар…

«Өң сөлей ғоң,

Өң сиял саң фоң.

Сет үң дессиң,

Ди мон гемің», —

деп, французша әндетуші едік (Un soleіl rond, Un cіel sans fond, C’est un dessіn de mon gamіn…). Менің есімде қалған нобайы осылай еді.

Бұл кәдімгі «Күн әдемі, көк әлемі, Бұл суреті жас баланың. Ақ қағазға салған өзі, Жазылған бар сөзі» деп келетін «Әрқашан күн сөнбесін!» деген ән болатын. Бұл әннің сөзі кейінірек басқаша тәржімаланғанын да байқадым. Мектеп бітіргенімізге 40 жыл болғанына қарамай, әлі күнге дейін ыңылдап айтып қойып жүремін. Соған қарағанда, француз тілінен дәріс берген Айнаш  апайымыз мықты болған-ау деймін.

Баяғыда «Хабар» телеарнасында қызмет етіп жүрген кезімде мені «орыстар» — орыс редакция­сы­ның қазақ қыз-жігіттері «е, бұл француз ғой» дейтін. Французша бір-екі сөз ғана есімде қалғаны болмаса, үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын нәрсеге алғашында таң қалып жүретінмін. Сөйтсем, орыс тілінде акцентпен сөйлейтін кісіні мазақтап солай айтады екен ғой… Акцентсіз сөйлеу біздің қазақтың «тұқымын тұздай құртып жатқанын» қайдан білсін, жарық­тықтар.

Әу басында мектепте осы тілді оқығандықтан ба, қайдам, «француз» деген сөзді естісем, елеңдеп тұратыным бар. Менің ақын, аудармашы Ғалымжан Мұқановқа жаным жақындау болғаны да соның әсері ме деймін. Алайда, ол кісімен көп араласудың сәті түскен емес, тек жазған-сызғандарын, айтқан сөздерін қалт жібермеуге тырысатынмын. Арқалы ақын, мінезді кісімен араласуға мен ғана емес, көп адам жүрексініп жүретін. Өмірінің соңғы жылдарында, тіпті, оны «ұмытып» кеткендер де аз болмады. Тағдыр-талайы басына салған ауыр сынақты көріп-біліп жүрсе де, бұрынғы достарының ішінен хабарласып тұрғандары саусақпен санарлықтай ғана болды. Се ля ви дейміз ғой…

 

Махамбет мінез бен Абайша ойлау тән еді

Ол сергек ойлы, сирек таланттарымыздың бірі болды. Кейінгі ұрпақ біле жүру үшін, сондай-ақ, көз­көргендердің есіне салу үшін де ақын, аудармашының өміріне аз-кем шолу жасай кеткеніміз жөн болар.

Ғалымжан Сламжанұлы Мұқанов 1953 жылы 15 наурызда Алматы облысының Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданындағы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық инсти­тутының тіл-әдебиет факультетін 1974 жылы үздік дипломмен бітіріп шықты. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, 1977–1982 жылдар аралығында Шетел тілдері педагогикалық институ­тының (қазіргі Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) француз тілі факультетінде оқып, үздік бітіріп шықты.

Шығармаларын қазақ, орыс, француз тілдерінде жазғанын ел жақсы білсе керек. Негізінен, ол көркем аударма саласында көп еңбек етті. Байронның зайыбы, француз ақыны Клер Клермонттың 1836 жылы Парижде жарық көрген «Владимир мен Зара немесе қазақтар туралы» дастанын 1988 жылы француз тілінен қазақшаға тәржімалады («Жазушы»).

1994 жылы қазақшадан француз тіліне Абайдың «Қара сөздері» мен «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын («Рауан»), 1995 жылы француз ақыны К.Висантимен бірлесіп ұлы ақынның таңдамалы жырларын («Евразия»), 1997 жылы М.Әуезовтің «Қилы заман» романын («Санат») аударды. М.Әуезовтің шығарма­шылығы жөнінде 1997 жылы Парижде ЮНЕСКО аясында өткен халықаралық коллоквиум материал­дарын қазақ тілінде сөйлетті.

2003 жылы Махамбет Өтемісұлының таңдамалы өлеңдерін компакт-диск түрінде француз тілінде жарыққа шығарды.

Қазақ тілінен орысшаға Ә.Спанның «Нұрлыхан Бекбосынов» атты деректі-публицистикалық эссесін (2001, «Информ–А»), Ә.Дербісәлінің «Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы» деген танымдық сипаттағы еңбегін аударды. П.Корнельдің «Сид» трагедиясын, П.Верленнің, Ш.Бодлердің өлеңдері, Ги де Мопассанның әңгімелерін, қазіргі заман ақыны Ж.Жостың туындыларын қазақшалады.

Өлеңдері «Тоғыз перне» атты ұжымдық жинақта («Жалын», 1998), «Арай», «Қазақ әдебиеті», «Жұл­дыз», т.б. республикалық басылымдарда жарияланып жүрді. Қазақ фольклоры жөніндегі жұмысы 1999 жылы Францияда жарық көрген «L, homme et la steppe» жинағына енгізілді.

Абай шығармаларын шет тілдеріне үздік аудару жөніндегі республикалық конкурстың және Қазақ­стан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. «Ақтық сәт» атты өлеңі 2003 жылы М.Өтемісұлына арналған термешілер конкурсында республика бойынша бірінші орынға ие болды.

Ол аударма саласында, сондай-ақ, шығармашылық жұмыстармен айналысып қана қоймай, қоғам өміріне де белсене араласып тұрды. Ғалымжан Мұқанов не айтса да, аражігін ашып айтатын, айтқанда дөп басып айтатындардың бірі еді. Көкірегі ояу, көзі ашық жұрт оның жарқын бейнесін әлі ұмыта қоймаған болар. Жазса да, айтса да, дер уағында әділін айтып отыра­тын. Көп адамға оның осындай Махамбет мінезі мен Абайша жан ауырта айтатын әділдігі ұнамаған да болар, кім білсін. Десек те, өмірінің соңына дейін ұтқыр ойларын айтар сәтінде дәл айтып, қоғамдық сананың жаңғыруына өзіндік үлесін қоса білді.

 

«Сен мұңайсаң, мен мұңайсам, ел мұңайса, не болғаны?»

Қалап алған кәсібіміз болған соң, журналистеріміз айта қоймаған, назардан тыс қалып бара жатқан, біреу білсе, біреу біле қоймайтын тың тақырыптарға қалам тартқымыз келіп тұратыны бар ғой. Ғалымжан ағаға қоңырау шалғанда мен іштегі ойымның жүзеге асатынына бек сенімді едім.

Уәделескен уақытта, жұмыстың аяғына қарай «Құлагердегі» үйіне бардым. Есікті өзі ашты.

— Кел, бала! – деді Ғалымжан аға өзі отырған арбасын артқа қарай жылжытып. Үйде жалғыз екен. Көп әңгіме айтып берді. Мен газетке қажет болған соң, жай ағымдағы бір мәселеге деген көзқарасын білу үшін барғанмын. Ол тақырыбымыз жайына қалды. Әлемдік әдебиеттен бастап өзіміздің ұлттық классикаларымызға дейін, одан кейін әдебиеттегі қазіргі беталыс жайы түгел айтылған шығар деймін.

— Жас қаламгерлердің кейбірі өздерінің қайда бара жатқанын білмей қалды. Бұл өздерінен бұрынғы әдебиетті жоққа шығарудың нәтижесі. Жалғастығы жоқ, сабақтастығы жоқ әдебиетте болашақ болмайды. Ал басқа елдің әдебиеті, тіпті әлемдік әдебиеттің өзі қазақ әдебиеті бола алмайды, — дегенін арада он төрт жылдай уақыт өтіп кетсе де, әлі ұмытқан жоқпын.

— Өзіңнің кейінгі бір өлеңіңді оқып берші деді сөз арасында Ғалымжан аға.

— Шынымды айтсам, кейінгі өлеңдерімді жатқа біле бермеймін, — дедім. – Жатқа білетін өлеңдерім санаулы-ақ…

— Мейлі, бір өлең оқы. Шабысыңды көрейін, — деді. «Терезенің арғы жағы сағыныш» деп, марқұм, ақын Қайрат досымыз жазғандай, сәл ойландым да, Ғалымжан ағаның көңіл ауанынан шығады-ау деген өлеңімді оқи жөнелдім.

 

О, мазасыз дүние!

Жалықтырдың,

жалықтым!

Рас, шамын бір кезде

жағып тұрдың

шабыттың.

Неге бүгін кеудеме

салып кірбің

сабылттың?

 

О, тәңірім көктегі!

Не істеген ем,

не істеп ем?

Қай қылығым жақпаған

кестелеген,

кешпеген?

Жауап алып тұрғандай

кешке неден

сескенем?

 

Мазасызбын әртүрлі

ойлар құртты

білемін,

Талай болған таппады

тойлар тіпті

бір емін.

Тұра алар ма көтеріп

қайраңдықты

жүрегім?

Уайымсыз көсілер

сайран бітті,

білерім…

 

Ғалымжан аға үнсіз тыңдап отырды да:

— Мұңая беруге болмайды! Сен мұңайсаң, мен мұңайсам, ел мұңайса, не болғаны  деді.

Ғалымжан ағаның мына сөзі өзім қызыңқырап отырсам да, көңіліме ауыр тиді. Ауыр тигенін шындық қой деп түсіндім. Артынан көп ойланып жүрдім. Жылауық, мұңды өлең жазбай-ақ қояйыншы деп түйдім. Алайда, ол маған көп жағдайда мүмкін еместей көрінді.

Көңілінде қылаудай арамдығы жоқ, айтарын тура бетіңе айта салатын Ғалымжан ағама одан кейін барудың сәті түспеді. Бірақ ізінен ерген ұлы Дәурен­мен жиі араласып тұрамын. Оны көрсем, Ғалымжан ағаның өзін көргендей боламын.

Өмір деген қызық қой, көп араласпаған кісінің өзі көңіліңде осылай ұзақ уақыт сақталып қалады. Өзіндік болмыс, бөлек бітім, озық ой — осы қасиеттері шығар ұмыттырмай жүрген деп ойлаймын. Жалпы, осы біз Ғалымжан Мұқановты ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?..

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *