АЯГҮЛДІҢ АРМАНЫ

img-20171110-wa0021

Рая ЕСКЕНДІР

Тұңғыш Президент күні қарсаңында қала көлемінде өте көп іс-шара өтіп жатыр. Сондай шоқтығы биік іс-шара Медеу ауданындағы мақтаулы білім ұясы Айымгүл Дәуірбекқызы басшылық етіп отырған №163 мектеп-лицейінде өткен еді. Елбасы­мыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Медеу ауданы әкімі Ержан Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» бастамасымен өткен «Тамырын жайып тереңге, ойлаған ұрпақ ертеңін» деп атала­тын бұл кеш талай жастың арманын оятып, қанат бітірді.

Алаштың ардақты қыздарының бірі, бала жанының бағбаны, ұлағатты ұстаз Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Мира­зованы бүкіл ұжым зор құрметпен қарсы алды. Қақ төрде Аягүл Миразованың Қа­зақстан Республикасы Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алып тұрған сәті бейнеленген. Осынау сырлы суреттің өзі ұстазға деген, барлық ұлағатты жандарға деген құрметті білдіріп тұрғандай. Ардақты ұстаз Аягүл Төреқызының балалық шағы, отбасы, туған-туыстары, студент кезі сосын әрине, Алматыдағы еңбек еткен жылдары бейнеленген суреттер де көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, жүргізушілердің шегініс жасап Аягүл Төреқызының бала­лық шағы, өскен ортасы туралы айтқаны кеш иесінің көңіл толқынын тербеп, естеліктер еліне жетеледі.

Қимас жандар туралы айту да, есту де жүрек тербейтіні рас. Сондықтан болар, ұлағатты ұстаз қашанғы сабырлы мінезімен әрбір айтылған сөзді ыждағаттылықпен тыңдап отырды.

– Менің ата-анам өте балажан кісілер болды. Ұрпақ тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын. Отбасындағы әрбір баланың өз орны болса, сол балапандарының келешегін болжап, мамандық таңдауда мән берген­дей. Менің арманым – дәрігер болу еді. Меди­цина оқу орнын таңдағаныммен, жолым түспеді. Бірақ әлі күнге ақ халат киген абзал жандарға құрметпен, қызыға қараймын. Дәрігер адам жанының араша­шысы болса, мұғалім адамзат атаулысының қолына қалам ұстатып, қара танытып келеді. Сондықтан менің таңдаған мұғалім мамандығының да адам атаулыға пайдасы ұшан-теңіз, берері мол дер едім. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ұлық атақты, тұңғыш Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғын дихан мен ұстазға беруі осыны дәлел­деп тұрғандай, – деді Аягүл Төреқызы.

Аягүл апайларының әрбір айтқан сөзін қалт жібермей тыңдап отырған оқушылар өздерінің ой-пікірлерін де бүгіп қалмай, орайы келген әңгіме үстінде сауалдарын да жолдап отырды.

– Мұғалім мәртебесі туралы көп айты­лып жүр. Бұл білімге, мұғалімге жағдай жасалмай отыр деген әңгіме емес. Қайта білімге деген қолдау артып келеді. Елбасы­мыз әр жылдардағы халыққа жолдаған Жолдауларында білімге басымдық беріп, басты назарда ұстап келеді. Еліміздің бұрыш-бұрышында балабақшалар, жаңа заманға лайықты мектептер, спорттық алаң­дар, балаларға арналған түрлі орта­лықтардың ашылуы жас ұрпаққа, еліміздің ертеңі болатын жастарға жасалып жатқан жақсылықтар. Осындай бақыттың бесігінде тербелген балалардың бар мақсаты – тәрбиелі ұрпақ болып, сапалы білім алу, – деген Аягүл Миразова өзінің көп жылдық тәжірибесінен мысалдар келтірді.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, мектептің ақынжанды оқушы­лары Аягүл апаларына арнап жырдан шашу шашты. Қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ұясының бір топ озат мұғалімдері жұлдызды ұстазға өздерінің озық тәжірибелерін таныстырды. Осы күні Гүлжан Құмарбекова, Әсел Шәкіртова, Күлзипа Садуақасова, Алмагүл Оханова, Арзыгүл Жанайбекова, Айымгүл Әтенова, Мөлдір Қоқымбекова, Бақытжан Қады­лова, Ақтоты Мырзабаева, Нұртас Жұма­баев есімді ұстаздар өз шеберліктерін көр­сетті. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ана, аяулы әже Аягүл Төреқызының «айналайын» деп бастайтын бір ауыз сөзінен бастап айтар ақылы афоризмге айналып кеткен.

Сондықтан оқушылар кездесуде тағы бір рет «Аягүл апай айтқан еді» деген бөлім барысында ақыл-кеңестерін де көпшіліктің есіне салды. Ол былай болып келеді.

«Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, құрметтей білмегенге құт тұрмайды». «Ұлттық әдет-ғұрып ең биік тұрған дүние». «Бізді көгертетін де ел, ел екенімізді таны­татын да ұлттық құндылықта­рымыз». «Ұстаз бақыты – шәкіртін биіктен көру». «Тынбай еңбек ету керек, әділ болу керек, жасандылық опа бермейді».

Кеш соңында мектеп басшысы Айымгүл Иманғалиева сөз кезегін алып, өзі үлгі тұтқан, ұстаздардың ұстазы Аягүл Миразоваға шынайы алғысын білдірді.

– Мен бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Оқушыларымыз ел Тәуелсіздігінің тұғырлы болуы үшін адал еңбек етіп жүрген жанмен кездесті. Дидарласып, айтқан әңгімесін тыңдады. Бір сәтін босқа өткізбейтін Аягүл Төреқызы бүгін уақытын бөліп, бізбен кездесуге келіп отыр. Ол кісінің ұлағатқа толы ұстаздық өмірінің жарқын сәттеріне куә болыңыздар.

Бүгін бізбен бірге мәңгі нұрдың қызметшісі, барлық ой мен қиял-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі, Қазақстан Педаго­гикалық Ғылымдар академиясының акаде­мигі, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденінің иегері, Даңқ орденінің иегері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алтын­сарин медалінің иегері, Семей қаласы Қазақ инновациялық гуманитар­лық заң университетінің құрметті профес­соры, Жуалы ауданының құрметті азаматы, Алматы қаласының құрметті азаматы, өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұстаз, ұрпақ тағдыры арқылы тұтас бір ұлттың бесігін тербейтін, мемлекет пен қоғамның тынысы мен тарихына үн қосатын замана тұлға­лардың бірі – Аягүл Төреқызы Миразова келіп отыр.

Бүгін біз осындай жанмен кездесіп, әңгімесін тыңдап отырмыз. Тарих бетіне жазылып қалатын сәтке куә болдық. Осын­дай сәттер жиі болғай, – деген мектеп басшысы кеш қонағына естелік сыйлық табыс етті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close