Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері: Елбасының еңбегі мен саясаты – басты бағдаршамымыз

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» еңбектері халқымыздың тарихы, руханияты, мәдениеті, салт-дәстүр, жалпы ұлттық құндылықтардың жиынтығы деуге болады. Осы ретте байырғы ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованы әңгімеге тартып, Елбасымыздың саясаты мен бастамаларының білім жүйесіндегі алар орны туралы сауал қойған едік.

– Аягүл Төреқызы, Елбасы бастама­ларын әркез қолдап, оны насихаттап жүрген жансыз. Осы бастамалардың білім саласына тигізіп отырған ықпалы туралы айтып берсеңіз.

– Бүгінде елімізде әлеуметтік даму­ды жаңа сапаға көтеру үдерісі мемле­кеттік және бүкілхалықтық сипатқа ие болып отыр. Әрине, бұл Елбасының: «Біз бәріміз бірге Қазақстанды әлемнің ең қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттерінің біріне айналдырып, оның бет-бейнесін өзгерттік» деген сипаттамасында айтылған ақиқат аясында жүзеге асуда. Елді дамытудың басты қозғаушы күштерінің біріне айналған «Nur Otan» партиясының XVІІІ съезінде жарияланған «Бақуатты қоғам: он жылдықтың он мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі бағдарла­ма­сында негізгі мақсаттар қатарында өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі әлеу­меттік бағдарланған мемлекет құру екеніне назар аударылды. Бүкілха­лық­тық қолдау тапқан бағдарла­мада партия­ның алға қойған бірінші мақсаты деп, әлеуметтік дамудың бір өзек­тілікті көрсеткіші ретінде «Әрбір Қазақ­стан­дық отбасының бақуаттылығы» алға шыға­рыл­ды. Соның ішінде Қазақстан­дық отбасыларды қолдау шаралары арнайы белгіленді. Елбасының әлеу­меттік сала бойынша тапсырмаларының ең айрық­шасы – балалардың отбасында бақытты өсуін қолдау, қорғау, көпба­лалы ана­ларға әлеуметтік көмек жасау мәселесі болғаны аян. Отбасында бала­ның дұрыс өсуі мектепке де үлкен көмек. Өзім мұғалімдер қауымынан болғандықтан, отбасындағы тұрмыстың балалардың оқып, саналы тәрбие алуына ықпалы зор екенін, өз тәжі­рибесінде көріп жүрген­дердің бірімін. Ұрпақты қадір-қасиетті етіп өсіру, отбасын бақытты ету, отан­сүй­гіштікке, елжандылыққа адамгер­шілік принцип­те­рінде тәрбие беру, «Сіз» – тірлік үшін, «біз» – бірлік үшін! Сыйла­сып сіз десіп құрмет­тесіп, біз деп бірлік етуге ұмтылуға баулу – ел алдын­дағы ата-аналардың, ұстаздардың міндеті. Ана баласын арыстаның аузынан суы­рып алады емес пе?! Баланы бағып-қағу үшін от пен мұзға тәуекел етіп базар­ларда, қара жұмыстарында да, т.б. ауыр еңбектегі мыңдаған аналарды көріп отыр­мыз. Мұндай аз қамтылған отбасы­лардағы ана мен бала жағдайын көтеру үшін мемле­кетіміздің жасап жатқан жан-жақты қадам­дарына аналар қауымы атынан ризашы­лығымыз шексіз. Өзім делегат болып қатыс­қан «Nur Otan» партиясының XVІІІ съезінде Елбасы Н.Ә.На­зарбаев­тың ұсыныстары мен нақты тапсырма­лары еліміздің әлеуметтік дамуы­на жаңа серпін берге­нін де айтқым келеді. Мемлекет басшы­сы әлеуметтік әлемнің іргетасы, басты саласы — білім берудің сапа­сын жаңа жолға қою жайында айта келіп, білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де ұстаз екенін еске салып, әріп­тесте­рім­нің мәртебесін анықтап берді. Баланың келе­шек бақыты білімде болатын болса, мемле­кетіміздің әлеу­мет­тік саясатын осы білім беруді жаң­ғыртып, жақсар­тудағы шешуші тетік деп білемін. Олар тұтаса келіп, кешенді жүйе құрайтыны белгілі. Демек, мұға­лімдер үшін жаңа әлеуметтік саясат жарғылық маңызға ие дегім келеді.

– Елбасымыздың әлеуметтік қам­қор­лық, жаңа әлеуметтік шаралары қоғамға ерекше серпіліс әкелді. Осы мақсаттағы істердің басы-қасында да өзіңіз барсыз…

– Бесіксіз үйде береке жоқ. Елба­сының ұстанған қағидалық өсиеті – отбасында бала көп болсын деуінің бір көрінісі партия съезіндегі сөзі болғаны аян. «Көпбалалы отбасыларды қолдау­ды күшейтеміз, олар мемлекетіміздің өздеріне деген қамқор­лығын сезі­нетін болулары керек. Оларға қаржы­лық қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізілуі керек,» – деді Елбасы. Осын­дай жаңа тетіктердің жүйесін тауып ерекше енгізіп жатқан Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбектің бастамашылық жаңашылдығын көзімен көріп жүргендер қатарындамын. Сон­дық­тан  тілектестігім де шексіз.

Алматы қалалық мәслихатының кезек­тен тыс сессиясында жергілікті бюджетті қалалық әлеуметтік «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бағыттау мәселесі нақтыланған еді. Осы бағдарлама аясында биылдың өзінде «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасына 1,3 млрд. теңге, аналардың арнайы орталығын құруға 166 млн. теңге, оқушылар мен студенттерге стипендия төлеу үшін 272,3 млн. теңге, осы мақсат бойынша қарас­тырылған 5,5 млрд. тең­генің 3 мил­лиарды мегаполистің тұр­мысы төмен және көпбалалы отбасы­ларын қолдауға жұмсалып, оның ішінде бір реттік төлемді ұлғайтуға 221 млн. теңге бөлі­неді, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың азаматарын еңбекпен қамтуға 1 млрд. теңге бөлін­гені, көпба­лалы аналарға, жалпы жас ұрпаққа деген мемлекет қамқорлығына көңілдегі құрмет кеңістігін кеңейте түсетіні, олардың жүзеге асуына деген сенімді нығайтады.

Бұл игі қамқорлықтың мәнінің  мемлекет болашағын сапалы дайындауға бағытталғаны қала тұрғындарының риза­­шылығын тудыруда. Қалалық «Ба­қытты отбасы орталығын» ашу, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы көмек, аз қамтылған отбасылар үшін оларға тұрғын үй сертификаттарын беру, олардың азаматтарын еңбек етуге бейімдеу сияқты ізгі істермен танылуда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мемле­кеттің қуаттылығы экономикалық даму қарқы­ны­мен және тұрғындардың тұр­мыс сапасы­мен өлшенеді. Сондық­тан мен өзіме сенім артқан халқымның бола­­шақта емес, қазір бақытты болға­нын көргім келеді,» – деп айтқан сөздері – әрбір қазақстандықтың көкейдегі тілегі. Қазіргі мемлекеттік әлеу­меттік саясат осы бүкілхалықтық ниеттің орындалып жатқанына дәлел болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Рая ЕСКЕНДІР.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close