Автотұрақ орнына тұрғын үй салынбақ

Ербол ТҰРЫМБЕТ

Алматыдағы ең ауқымды автотұрақтардың қатарынан саналатын «Орбита» ықшамауданындағы 450 орындық аумаққа қатысты тұрғындар тарапынан дау туды. Сол төңiрекке салынатын көпқабатты тұрғын үй құрылысына байланысты ендiгi ретте әлгi атшаптырым аумақ көлiк тұрағы ретiнде ешкiмге берiлмейдi. Ал, заманауи құрылыс талаптарына сәйкес, «Темiрлан» ЖШС арқылы жаңадан салынатын көпқабатты тұрғын үйдiң астынан екi қабатты көлiк тұрағы қарастырылмақ. Қалалық басқармалар даулы мәселе тудырып отырған тұрғындардың көңiлiн осылай таппақ ниетте. Ал, бұған тұрғындар келiсе ме?

Бұл мәселеде дау көтерген тұрғындардың айтуынша, «Темiрлан» компаниясының әрекеттерi заңға сай келмейдi. Себебi, олардың қолындағы қала әкiмiнiң қаулысы деген қағазда Ахметжан Смағұлұлының қолы қойылмаған. Сондай-ақ, тұрғызылатын тұрғын үй Үлкен Алматы өзенiне жақын орналасқандықтан, ол ҚР Су Кодексiне қайшы келедi.

Алайда, қалалық Жер қатынастары басқармасы заң бөлiмiнiң бастығы Аурика Жүнiсбекованың айтуынша, заңнама бойынша «су қорының сызығы» және «су қорының аумағы» деген ұғымдар бар. Бұл орайда, құзырлы органдар рұқсатын берiп жатса, су қорының сызығын басып өтiп, құрылыс салуға мүмкiндiк бар. Яғни, тұрғындардың айтып отырған «заңбұзушылық» ұғымы осыған келiп саяды.

Сонымен бiрге, Аурика Драгошқызы тұрғындардың «Темiрлан» ЖШС-не көлiк тұрағы үшiн өтiнiш беруiне болады. Себебi, аталған компания салынатын тұрғын үйдiң астыңғы бөлiгiндегi көлiк тұрағын сол үй үшiн ғана емес, көршiлес үйлердiң көлiктерiн ескере отырып салмақ көрiнедi. Ал, бұл үйдiң өз көлiктерiнен басқа 450 көлiк ол жерге қалай сыйып кетедi? Және керiсiнше, 450 көлiкке арналған тұрақ маңызды ма, әлде, көпқабатты тұрғын үй маңызды ма?

Жалпы, құрылысқа рұқсат беру мәселесiмен қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы айналысады. Ал, Жер қатынастары басқармасы соған байланысты құжаттамаларды реттеушi, жүргiзушi құрылым болып табылады. Сондықтан, мәселенiң мән-жайын толық ашып түсiну үшiн жақын уақытта бұл тақырыпқа қайта айналып соғатын боламыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *