АВТОКӨЛIКТЕГI АЙЛА-ШАРҒЫ

қозғалтқыш көлемiн азайтумен әлек

 Айнабай МӘДИ

Көлiк сатушылардың қулығы

4Жыл басынан берi елiмiзде жекемен­шiк иелерiнен түсетiн салық түсiмi 15 пайызға өсiптi. Ағымдағы жылғы қаңтар – тамыз аралығында жеке тұлғалардан алынатын жер, мүлiк және автокөлiк салығы 23,5 млрд. теңгеге жетiп жығыл­ған. Ranking.kz сайтының зерттеу нәти­жесiне сүйенсек,  жеке тұлғалардан түс­кен салық төлемiнiң 86 пайызы авто­көлiкке қатысты. Ал, мүлiк салығы – 11 пайыз, жер салығы – 3,8 пайыз. Салық­тың төрттен бiр бөлiгi – Алматы қаласы­ның тұрғындарына тиесiлi екенiн айтпай тұра алмаймыз. 10,6 пайызы – Астана қаласының еншiсiне бұйырыпты. Бiр қызығы, оңтүстiкқазақстандықтар бұл орайда алтыншы орынды мiсе тұтқан.

Қазан айының басында ел Парла­ментiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде көлiк, тұр­ғын үй, темекi мен алкоголь өнiмдерiне салынатын салықты арттыру жайы қа­рас­тырылған заң жобасы бiрiншi оқы­лымда мақұлданған болатын. Үкiмет тарапынан ұсынылған жобадағы, әсi­ресе, қозғалтқыш көлемi – 3 текше метр­ден асатын автокөлiк салығын көбейту мәселесi қоғамда түрлi пiкiр туғызғаны да рас. Елiмiздiң автокөлiк нарығындағы жағдайды  байқасақ, кейбiр көлiк иелерi темiр тұлпарының қозғалтқыш көлемiн техникалық паспорты арқылы азайтып көрсете бастапты. Көлiк сатушы қазақ­стандық сайттың бiрiндегi жарнамаға қарағанда, қозғалтқыш көлемi – 3.0 текше метр не одан жоғары көлiгiн сатушылар қозғалт­қыш көлемiн техни­калық пас­порттағы 3.0-ге жетер-жетпес санмен нақтылай түскендей.

Мәселен, 2002 жылғы «Nissan Patrol» автокөлiгiнiң сатушысы қозғалтқыш көлемiн әдеттегiдей 3.0 десе де, техни­калық паспортында 2.8 текше сантиметр екенiн атап көрсеткен. 2002 жылғы «Lexus ES 300» автокөлiгiнiң иесi көлi­гiнiң қозғалтқыш көлемi 2.9 екенiн ес­кертiп қойған. Яғни, сол арқылы көлiгiнiң салығы көбеймейтiнiн сатып алушыға аңғартуды көздеген тәрiздi.

Мамандандырылған Халыққа қыз­мет ету орталығы – азаматтардың авто­көлiгiн тiркеуге алып, тiркеуден шығаруды рәсiмдейтiн мекеме.  Бiз сөзге тартқан бұл мекеменiң бiр маманы «жұмыртқадан жүн қырыққан» көлiк сатушы қутұяқтардың әрекетiн жоққа шығармады.  Қозғалтқыш көлемi 4.4 деп көрсетiлген 2001 жылғы BMW 540 автокөлiгiнiң иесiнiң «жедел сатамын» деген хабарламасында көлiктiң техникалық паспортын 2.0, салығын 8 мың 300 теңге деп жазып қалдырған. Мұндай көлемдi қозғалтқышты автокөлiк иесiнiң бiрi техникалық паспорттағы дерекпен сәйкес келмесе де, мәселенi шешудiң жолын тапқандай. Өйткенi, 210 мың теңге салықтың орнына  көлiк қозғалтқышының көлемi – 2.0 текше метр екенiн «растап» берсе, жылына 8 мың теңге салық төлегендi кiм жек көрер?

Алматы қаласындағы көлiк жөн­дейтiн орталық жұмыскерлерiнiң бiрiнiң  айтуынша, көлiктi тiркету кезiнде кейбiр автокөлiк қозғалтқыш көлемiн азайтып көрсетуге болатын тәрiздi. Тiптi, мұны МАИ қызметiндегiлер де аңғармай қал­мауы мүмкiн. Мәселен, «Мерседес» авто­көлiгiнiң қозғалтқыш көлемi – 3.2 және 2.8 текше метр болатын автокөлiк мо­дельдерi сырт қарағанда бiр-бiрiне қатты ұқсайды әрi моторлық белгiлерi де бiр деңгейлес. Ал, басқа көлiктерде мұндай ұқсастық байқалмайды. Мұны жол по­ли­циясындағылар бiлмеуi мүмкiн емес.

Дегенмен, мұндай автокөлiк айла-шар­ғысының «жол полициясындағы тамыр-таныстық арқылы жасалуы мүм­кiн» дегенге бiржақты қарағымыз кел­мейдi.  Алайда, мұндай көлiктегi құйтұр­қылықтың ерте ме, кеш пе, арты ашы­лары анық. Тiптi, автокөлiк басқа қалаға сатылған жағдайда да, жалғандықтың жарға жығары сөзсiз. Сондықтан, мұн­дай тәуекелге «жүрегiнiң түгi» барлар, «ұрлықпен жиған жүгi» барлар ғана бел бууы мүмкiн.

Автобусқа «айналған» автокөлiктер

Елiмiздiң жоғары заң шығарушы органының көлiк салығына байланысты қабылдаған шешiмiне байланысты бел­сендiлiгiмен көзге түсiп жүрген  Тәуелсiз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков техникалық паспорт арқылы жалған дерек көрсету әзiрге үрдiске айналмағанын айтады. Ол жаңа заң жобасында салықты өсiрудiң негiздемесi әлсiз дегендi де ескерте кетедi.

– Көлiктiң техпаспортында қоз­ғалт­­қыш көлемiн азайтып көрсететiн­дер кез­деседi. Бiрақ, мұның бәрi де жол поли­циясы не кеден қызметкер­лерiнiң қатыс­уы­мен жасалады. Себебi, көлiктi тiр­кейтiн – солар. Жаңа заң бойынша 2014 жылдан бастап сырттан келетiн қоз­ғалтқыш көлемi – 4.7 және 5.0 текше метр болатын автокөлiктерге төленер салық көбейiп, 300 мың теңгеге дейiн жетпек. Бұл ретте жалған дерек көрсету­шi санының күрт көбейiп кетуi кәдiк, – дейдi одақ төрағасы.

– Егер автокөлiктiң экологияға кел­тiретiн зияны ескерiлсе, онда көлiктiң ауаға шығаратын зиянды қалдығы есептелуi тиiс. Ал, егер салықты толық жинау көзделсе, онда салықты бензин­нiң құнына қосу қажет.  Бiрақ, мұны есеп­теп, ешкiмнiң бас ауыртқысы кел­мейдi, – дегендi де айтқан төраға.

Қазiрдiң өзiнде Қызылорда, Ақтау қалалық прокуратуралары қозғалтқыш көлемi азайтылып көрсетiлген авто­көлiктердi тексерiп, бiрқатар автобы­лықтың барын ашқан.

Мәселен, Маңғыстау облысы ау­мақтарында төрт жеңiл көлiктiң қозғалт­қыш көлемi азайтылған, яғни, қозғалт­қыш көлемi – 4.0 текше м.-ден жоғары төрт көлiк «2.7» деген дерекпен тiркелiптi. «D» категориясы бойынша 48 жеңiл ав­то­мобиль салық көлемiн азайту мақ­сатында тiркелген. Салықты аз төлеу үшiн кейбiр «джип» үлгiсiндегi жеңiл автокөлiк «D» категориясына жататын болып, яғни, микроавтобус ретiнде тiр­келген.  Ақтау қалалық прокуратасының дерегiне қарағанда, мұнда жалған тех­никалық құжат рәсiмдеудiң кесiрiнен бюд­жетке 19 миллион 835 мың теңге түспеген.

– Автокөлiк құралдарын техникалық паспорт арқылы азайтып көрсету – барып тұрған қылмыс. Дегенмен, мұндай автокөлiк айла-амалы Алматыда әзiрге тiркеле қойған жоқ, – дейдi Алматы қалалық IIД Жол полициясы басқар­масы үгiт-насихат және БАҚ-пен жұмыс iстеу бөлiмшесiнiң  бастығы, полиция капитаны Ақбота Әзiрбек.

Дегенмен, Алматыдай алып қалада автокөлiк айла-шарғысына бару бол­майды деп кесiп айту қиын-ақ. Сон­дық­тан, МАИ мен кеден қызметкерлерi бiрлесе жұмыс iстеп, мұндай «бетiмен кетушiлiкке» жол бермес деген сенiм бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *