Автобустағы жолаушыларды тойына шақырған малшы

қазақы қонақжайлылығымен есте қалған еді

Халқымыздың қанына сіңген қонақжайлылық қасиет қашан да сақталып келеді. Дәулеті мен ішім-жемі бар болсын, тапшы болсын, үйіне қонақ келсе, қуанып, барын алдына тосуға құмбыл болып тұратын дағдысы қалмаған.Соңғы кездегі нарық қанша қысса да қазекем сол баяғы қонақжайлылық қасиетінен арылған емес.Көктемгі Наурыз мерекесі қарсаңында болған мына бір жәйт әлі күнге есімнен шықпайды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жетпісінші жылдардың басында аудандық газетте тілші болып істеп жүргенде кеңшардың біріне іссапарға шықтым. Жолаушылар мінген сары автобус Қаратауды бөктерлеп, дала жолымен сыдыртып жүріп келе жатты. Аудан орталығынан таңертеңгілік мезгілде шығатын автобус жолшыбай Абай, Жыныс пен Сызған елді-мекендері арқылы қатынап, жолаушыларды түсіріп, күтіп тұрған адамдарды Созақ қыстағына қарай атып кететін. Мойынқұмды қыстаған малшылар кене өрмей тұрып наурыздың басында тау бауырындағы жазыққа қоныс аударған кез еді. Жазық далада жусан бөртіп, раң оты енді-енді қылтиып шығып, қоңыр самал соғып тұрды. Тау бөктерінде малшылар қауымы қанаттаса қонып, арқа-басты кеңге салған көктемнің жайма-шуақ шағы болатын. Мал төлдеп, көк қуып жайылып, малшылар кезекті науқанын өткізіп жатты. Табиғат анада да, ұзақ қыстан қысылып-қымтырылып шыққан малшылардың жүзінен ерекше жаңару мен жасару нышанын аңғару қиын емес еді. Қарсы алдымыздан қос киіз үй тігілген малшы ауылының төңірегінде түтін көкке көтеріліп, абыр-сабыр жүрген адамдардың қарасы көрінді. Әлгі ауылдан аттылы кісі шоқытып шықты да, біз мінген аутобусқа қарай беттеп келе жатты. Қолын көтеріп «Тоқта!» деп ишарат жасаған соң жүргізуші автобустың жүрісін баяулатты. Атылы кісі шопыр отырған терезе жақтан таяп келіп, екеуі аз-кем тілге келді. Жүргізуші басын шайқап, аттылы кісінің айтқанына көнбеген сыңай танытты. Оның: «Автобустың жүріп-тұратын уақыты белгілі, алдағы елді-мекендерде күтіп тұрған жолаушылар бар, бір сәтке де аялдай алмаймын» деген сөзін құлағымыз шалып қалды. «Автобус жолда бұзылып, тұрып та қалады ғой, он-он бес минут аялдағанға ештеңең кетпейді» деген аттылы жігіттің сөзін қимады ма, жүргізуші жігіт: «Мейлі ендеше, жолаушылардың өздеріне өтініш жасап көріңіз» деген уәж айтты. Аттылы жігіт ендігі кезекте жерге түсіп, автобустың алдын айналып, алдыңғы есіктен ішке кірді. Басын иіп сәлем беріп, өзінің келген себебін айтты. Жазыққа көшіп келген соң төңірегіндегі малшылар­дың басын қосып, ұлының тұсаукесер тойын жасап жатқанын, малдың жайымен далада отырған жандардың қонақ келсе қуанатынын, өздерінің қуанышына ортақтасып, шаңырағынан дәм татып кетулерін қиыла өтінді. Оныңсөзін естіген жолаушылар бір жағы таңырқасып, бір жағы малшы жігіттің мәрттігіне риза болып қалды. Арада үнсіздік орнап, жас шама­лары үлкенді-кішілі жолаушылар не деп жауап берерін білмей дағдарып отырғанда алдыңғы орындықтағы қарт кісі: «Айналайын, өркенің өссін, көргенді жігіт екенсің, дәмнен үлкен ештеңе жоқ. Сенің адал пейілің үшін қуанышыңа ортақтасып, шаңырағыңнан дәм  татып кеткеніміз жөн болар! Бір-бірімізді жыға танымасақ та бір ауданның азаматтары емеспіз бе?», – дегенде, өзге жолаушылар да іштей қолдап, автобус жолдан шығып, малшының үйіне қарай бұрылды. Ер кісілер мен әйелдер, жастар бар сары автобустан түскен жолаушылар есік алдында қолдарын жуып, сегіз қанат киіз үйдің ішінде иін тіресіп отырды. Аста-төк молшылық  болмаса да далада отырған малшының өзіне лайықты дастарханына жағалай жайғасқан жолаушылардың ішіндегі ересек қария тұсауы кесілген жас баланы ішке алдырып, үлкендік батасын берді. Басына үкі таққан тақия мен ұлттық киім киген, қолына дала гүлі – бәйшешек ұстаған кекілді сары бала бейтаныс жолаушыларға жасқана қарады. Оны қолтықтап тұрған ата-анасының қуа­нышында шек жоқ екені жанарын­дағы қуаныш отынан аңғарылды. «Жолаушыларды жолынан қал­дырмайық» дегендей табақ-табақ ет тартылып, сырлы тостаққа құйылған қымыз-қымыран жағалап жатты. Малшы әйелдерінің қолы­нан шыққан ірімшік пен құрт, балқаймақ пен үрімдей пісіріп қойған, қыстан қалған қазы-қартаның дәмі тіл үйіреді. «Қысыл­май-қымтырылмай дастар­ха­нымыздағы дәмнен алып отырыңыздар», – деген той иелері бәйек болып, қонақжайлылық ізет көрсетіп жатыр. Үлкен жолдың өтінде той жасап жатқан малшы ауылындағыларға ризашы­лығын білдірген жолаушылар сыртқа шығып, азын-аулақ ақша жиып, тұсауы кесілген баланың қалтасына салып жатты. Сары автобус орнына қозғалып, малшы ауылындағылар жолға шығарып салып, соңымыздан қарап тұрды. Автобус толы жолаушылардың арасында «Жолымыздан қалдық» деген ешкім болмады, бәрі әлгіндегі той иелерінің аңқылдаған пейіліне риза болған шуақты сезіммен келе жатты. Малшылардың жаз жайлауы – Бетбақдаланы аралап жүргенде малшы қауымының: «Үйдің тұсынан өтіп бара жатқан жолаушы аялдап соқпай кетсе, көңіліміз ортайып қалады» деген сөзі жадымда қалыпты. Қазақтың кең даласындай қонақжай пейілді халық бар ма екен, шіркін, дүниеде! Сол көріністен кейін: «Наурыз мерекесінің қарсаңында жолаушылар автобусын тоқтатып,бейтаныс жандарды тойына шақырған кең пейілді, жомарт жүректі жандар әлі күнге бар ма екен, көргенді шаңырақтан шығып, тұсауынкескен жас бала ер-азамат болып өскен де шығар» деген ой жиімазалайтын болды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *